Әдетте үміт соңынан өледі. Алайда жағдайдың қаншалықты деңгейде екенін білегендіктен, нәтижесін шамалайсың. Қиыны да сол шығар. Турнирлік кестеде соңында келе жатқан «Жетісудың» ойыншылары үш айдан астам уақыт айлық алмағандығы белгілі болды. Бұл – жығылғанға жұдырық сілтегендей есеңгіретер соққы. Жағдай шатқаяқтап, өрге баспай қойған «Жетісу» командасы биыл ел чемпионатымен қоштасатын клуб есебінде қарастырылған. Оны жанкүйерлердің жазбасынан оқып, мамандардың аузынан естіп жүрміз. «Мүмкін қалар», – деп өз-өзімізді алдауға тырысамыз. Бірақ, жағдай оңала ма? Біздегі үміт те бір бұрышта жыламсырай қарайды.
«Жетісу» футбол клубына қатысты жазбалар ақпарат айдынында қаптап кетті. Әуелі, ФИФА алдында трансферлік ережені бұзғаны үшін белгілі көрсеткіш мөлшерде айыппұл салынған. Бірақ «Жетісу» футбол клубы көрсетілген мерзім ішінде айыппұлды төлеген жоқ. ФИФА қандай шара қабылдайтындығы әлі ресми жарияланбады. Бірақ, о баста «Жетісуды» кез келген жарыстан шеттетіп, екі жылдан астам уақыт тарнсфер жасауына рұқсат бермейтіндіктерін жеткізген. Биыл мерейлі 45 жыл толатын клуб атаулы датаны думандатып өткізудің орнына, қиындықтармен қатар келгені үшін айғайлап айтуға мұршалары жоқ. Өздері қазған орға түсті. Клубтың бір жылын ойлаған бұрынғы басшылар бүгінгі қызметкерлерге жүек қалдырып кеткен.
ФИФА алдындағы айыппұлды төлейтін күннің ауылы алыс сияқты. Өйткені, әріптесім Елдар Аманбаевтың айтуынша «Жетісу» командасындағы легионерлер айылық алмағанына байланысты, жаттығудан бас тартқан. Дәл осындай жүйе-жобамен «Жетісудың» ақырындап құрдымға кетіп бара жатқандығы белгілі. Бүгінгі басшылық та ашық айтып, журналистермен бетпе-бет жолығудан қорқып, арнайы 1-2 тілшімен кездесіп жағдайды барынша түсіндіруге трысқан. Бірақ, бұл істің түбі тереңде екенін көбісі біледі.
«Жетісу» футбол клубының чемпионатта қалған ойындары – «Қайрат», «Астана», «Тобыл» және «Қайсар» командасымен. Бұл ойындар талдықорғандықтар үшін оңай болмайтындығы анық. Өйткені, «Қайсардан» басқасы үздік бестік үшін талас жүргізіп келеді. Келесі маусым Еурокубоктарда ойнау үшін барын салады.
Серік ҚАНТАЙ





