Жиналған қауым алдында сөз алған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жетісу облысы бойынша бас имамы Керімбек Дәуітов сайысқа түсетін үміткерлерге сәттілік тілеп, ізгі тілегін жеткізді.
–Дін – иман айнасы. Аллаға шүкір! Еліміз Тәуелсіздік алып, еңсе тіктей бастағаннан бері халық жаппай дінге бет бұрды. Кешегі ұмыт бола бастаған салт-дәстүр, әдеп-ғұрыптар қайта жаңғыртылып, жұрттың дәстүрлі дінге деген көзқарасы айқындала түсті. Жыл санап халықтың имандылыққа деген ынтасы артып, жер-жерде Алланың қалауымен көптеген мешіттер бой көтерді. Осыған сай бүгінде небір иманды, ізгілікті жастар өсіп келеді. Бүгінгі жарыс жастардың киелі кітапқа деген ынтасын, діни сауттылығын арттыруға бағытталған,– деді өңірдің бас имамы.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, бұл жолғы сайысқа өңірдегі дауысы жақсы Құран оқуға жаны құмар кілең жастар қатысықан. Байқау шарты бойынша үміткерлер қасиетті Құран аяттарынан жеке-жеке 30, 20, 10 параны мәнерлеп және жатқа оқу номинациялары бойынша сынға түскен. Қазылар алқасы Құранды жатқа білетін амақтың танымал қариларынан жасақталған.
Тартымды да тамаша өткен жарыс қорытындысы бойынша, Құран Кәрімнің 30 парасын жатқа оқудан 1-ші орынды Алиби Ғабитұлы жеңіп алса, 2-ші жүлдеге Абдулазиз Илхамжанов, 3-ші орынға Садриддин Абдукаюмов есімді азаматтар лайық деп танылды. Ал 20 параны оқудан 1-ші орынды Азиз Сәндібек, 2-ші орынды Ернар Алғабас, 3-ші орынды Мумлим Ирисмухаммад иеленсе, 10 пара оқу бойынша 1-ші орын жүлдесін Бекболат Мұхтарұлы, 2-ші орынды Әділет Асыланбекұлы, 3-ші орынды Нұрахмет Құдайқұл еншіледі. Сондай-ақ, мәнерлеп оқу бойынша 1-ші орынға Бақберген Жарқынбекұлы, 2-ші орынға Абдулла Абисов, 3-ші орынға Омар Набижанов лайық деп танылды. Жеңімаздарға ақшалай сыйақының арнайы сертификаты табысталып, үздіктерге ХІV республикалық Құран жарысына жолдама берілді.
Айдын КӘЛІМХАН





