Биыл ел діңгегін бекіткен, жұрт тағдырын теңшеген Ата Заңымыздың отызыншы жылы. Бұл бір жұрттың жөні мен жосығын айқындаған, ақыл мен ар таразысынан өткен, көне мен жаңа тоғысқан қасиетті белес.
Қазақ – заңға көнген, елдікке жүгінген жұрт. Ежелден-ақ «Жеті Жарғы» сынды салмақты сөзге тоқтаған, «Билік – елдің бұлшық еті» деп әділетті арқау еткен. Арғымақ арманды арқалаған дана ел едік, заңмен көсіліп, салтпен көгергенбіз.
1995 жылдың қоңыр күзі басталарда қабылданған бұл Конституция бабалар аманатын жалғаған бағзы дәстүр мен заманауи талаптың ұштасуы еді. Халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған азаттығы мен тәуелсіздігін тиянақтаған, бірлік пен бейбітшілікке берік арқау салған құқықтық шежіре.
Қазақ топырағында заң қасиетке баланған ұғым. Күлтегін тасында қашалған көне нұсқалардан ұлағатқа айналып келе жатқан осы сарын бүгінгі Конституциядан да айқын аңғарылады. Онда ел тағдыры халықтың өз уысына берілген, тіл мен ділдің тағдыры төрге оздырылған, өрісі бекем қағидалар тоғысқан.
Ата Заң – қазақтың құндыз тонды, кең пішімді болмысындай. Қара қылды қақ жарған Төле, Әйтеке, Қазыбек билердің тәмсіліндей әділдіктің алтын қазығы. Ол елдің ертеңіне жазылған рухани жарғы. Серт пен қасиет. Бұл шекпеннің етегі емес, шекараның шебін қорғаған мызғымас мөр.
Отыз жыл тарих үшін қас қағым уақыт, алайда халықтың жүріп өткен жолы тау тұлғалы, тасқа түскендей. Осы 30 жылдың ішінде Ата Заң аясында ұлт болмысы түлеп, рухы кемелденді. Бірліктің шоғын үрлеп, берекенің туын тікті. Мемлекеттің мәйегі Конституция болса, оның мазмұны халықтың тағдырымен біте қайнасқан.
Жаңа дәуірде жаңа леп бар. Бұл елдікке ұран, ерлікке ұйытқы болған еңселі ереже.
Тамыры тереңде, қабырғасы кең Конституция – ұлттың үні. Ұлысқа ұран, ұрпаққа аманат. Яғни қара сөздің қаймағы мен парасаттың парқын білетін ел үшін ерекше күн.
Сондықтан да Ата Заңды ардақтау өткенге тағзым, келешекке кемел көзқарас. Осы күнді дүбірлетпей, даңғазаға салмай жүрекпен ұғып, санаға сіңіру әр азаматқа парыз.
Ата Заң – ата-бабаның үні. Сол үн сөнбей ертеңге жететін елдік болсын!
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





