Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанда өткен теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған Біріккен Ұлттар Ұйымының үшінші конференциясында сөз сөйледі.
Бұл туралы 7-su.kz ақпараттық порталы Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.
Президент алдымен конференцияны ұйымдастыру бастамасы үшін Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовке, сондай-ақ бұл елдерге қолдау білдіріп отырғаны үшін БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке алғысын білдірді.
«Жиырма жылдан аса уақыт бұрын Қазақстан теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған БҰҰ-ның алғашқы конференциясын өткізіп, жетекші рөл атқарды. Осы тарихи оқиға барысында Алматы іс-қимыл бағдарламасы қабылданды. Бұл құжат осы елдер тобының мәселелерін жаһандық дамудың күн тәртібіне тұңғыш рет шығарды. Бүгін біз сол міндеттерді ілгерілету мақсатында Авазада бас қосып отырмыз», – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, теңізге шығар жолы жоқ 32 елде жарты миллиардтан астам адам тұрады. Бұл мемлекеттер қаржыландыру, технологияларға қол жеткізу, жаһандық нарыққа шығу сияқты бағыттарда үлкен қиындықтарға тап болып отыр.
«Аймақтағы шектеулі байланыс – басты проблема. Бұл транзит пен сауда шығындарын арттырып, геосаяси тәуекелдерге осалды арттырады. Мұндай кедергілер халықтың әл-ауқатына теріс әсер етіп, елдердің бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді. Қазақстан бұл елдерді жаһандық мәселелердің шешіміне атсалысатын тең құқылы әрі перспективалы серіктес ретінде қарау керек деп санайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстанның Аваза іс-қимыл бағдарламасын толық қолдайтынын айтып, оны инклюзивті және орнықты даму жолындағы маңызды құжат деп атады.
«Бұл бастама халықаралық даму ұйымдары мен қаржы институттарының саяси қолдауына ие болуы керек. Көлік, энергетика және цифрлық инфрақұрылым салаларына жаңа қаржы тетіктері қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев климаттың өзгеруі мәселесін де көтеріп, оны теңізге шығар жолы жоқ елдердің алдында тұрған басты сын-қатерлердің бірі ретінде атады.
«Су тапшылығы, мұздықтардың еруі, шөлейттену секілді табиғи құбылыстар – осы елдерге тән түйткілдер. Бұл проблемаларды шешу үшін өңірлік ынтымақтастық пен халықаралық қолдау қажет. Климатпен күрес шаралары әр елдің даму қажеттіліктерін ескеріп, теңгерімді түрде жүзеге асырылуы керек», – деді Тоқаев.
Сөз соңында Мемлекет басшысы барлық қатысушыларды 2026 жылдың сәуір айында Астанада БҰҰ-мен бірлесіп өтетін Өңірлік экологиялық саммитке қатысуға шақырды.





