Қазіргі жастар ғылым қуып, білім іздейтін шағында отбасының жыртығын жамасып, мейрамханаларда даяшы болып жұмыс істеп жүргені өтірік емес. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшпай жатып ақша табу үшін шөлмек ұстап, сусын құйып жүрген жеткіншектердің бүгінгі жағдайы кім-кімді де алаңдатары анық.
«Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ержеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім» деген хакім Абайдың өкінішінен сабақ алмағанымыз ақиқат. Ардан аттасақ та ақша табуды мұрат қылып қойған соң қайдан, қалай оңайық?! Баланы мектепке бергенде де «білсін, үйренсін» деп беру керек қой.
Тұлға лауазым иесі болады деген бозбала, бойжеткендер тойханалардың еденін тоздырып жүргенін көзбен көріп келеміз. Олардың көкіректерінде ғылымға деген сүйіспеншіліктің орнына ақшаға ауған аңсарлық қана бар. «Мектепті тамамдап, университетті аяқтаған соң бәріне бірден қол жеткізе саламын» деген бұлыңғыр арман орныққан. Көз майын тамызып кітап ақтармаса, шығып жатқан жаңа технологияға ықыласы аумаса бұлар қандай жетістікке жетпекші?!
Әйтеуір әр кәлләда бір қиял, әркімнің әрқалай өмір сүруі заңды құбылыс. Дегенмен, жастық шақтың қуатын білімге, өнерге арнау түптің түбінде адамды кемелдікке жеткізетіні хақ. Негізгі жоспардың солай құрылғаны абзал.
Алысқа ат шаптырып әуреленбедік. Демалыс күндері Талдықорғандағы қаптаған сауық-сайран құратын кафе, тойханаларға бас сұғып көрдік. Мұндағы даяшылардың көбі кәмелетке толмаған оқушылар екені көзге көрініп-ақ тұр. Кейбірін сөзге тартып, жағдайын сұрадық. Берген жауаптары да әрқалай.
Мансұр 16 жаста. Демалыста бос жатқысы келмегендіктен мейрамханадан күніне 6 мың теңге алады.
– Үйде жатпай, тірлік қылу мақсатында даяшы болып жұмысқа орналастым. Біз үшін ыңғайлы әрі ақшасы да жақсы. Таңертеңнен түнге дейін жұмыс істеу әркімнің қолынан келе бермейді. Негізі сабағыма кедергі келтірмейді. Бірақ уақыттың жетпейтіні сезіледі. Сенбі, жексенбі күндері таңнан қара кешке дейін жұмыстамын. Демалуға уақытым жоқ. Міндетімізге кіргендіктен алкогольдік сусындарды қонақтар сұраса, құйып береміз. Маған ақша керек. Ата-анам қарсы емес. Ұнаса да, ұнамаса да ақша үшін жұмыс істейміз. Жұмыста ер бала көп. Олар қандай да бір табыс табу үшін амалсыздан жұмыс істеп жүр, – дейді ол.
Арақ-шарап тұрған жерде жақсылықтың болмайтынын көзі ашық, көкірегі ояу жұрт білсе керек-ті. «Олай болғанда ата-ана бауыр еті баласының ішімдік ішетін ортада жүруіне неге рұқсат береді?» деген сауалдың туындауы орынды. Есін жоғалтып, мас болған адам ұл, қызыңа зиянын тигізсе кім кінәлі болмақ?!
Оқушылар мейрамхана иелері үшін арзан жұмыс күші. Сондықтан жасөспірімдердің нан тауып жеуіне қарсы емес. Бірақ заңнан аттап кәмелетке толмағандарға қандай жұмыс беріп отырғандары белгісіз. Тойханалардың әкімшілігінен сұхбат алуға тырысқан едік, алайда бәрі дерлік жауап беруден бас тартты.
Әлішер 11-сыныпта оқиды. Дәрігер болғысы келеді. Мектепті бітірген соң жоғары оқу орнына түсуді жоспарлап жүр. Бастысы, бозбаланың мақсаты айқын.
– Күніне 9 мың теңге табамын. Тапқан табысымды ата-анама ұялы телефон әперуге жинап жүрмін. Бұл жұмыс сабақ үлгеріміме әсер етпейді. Сабақтан тыс сенбі, жексенбі күндері ғана келемін. Бізде, әрине, банкеттік зал болған соң келген қонақтарға арақ құюымызға тура келеді. Ата-анам намаз оқиды, мұндай жұмыс істеп жүргенімді білмейді. Егер білсе қарсы болатыны анық. Келген қонақтар шарапқа масайып қалса, бізді дүкенге темекіге жұмсайтын кездері болады, – дейді Әлішер.
Жұмыстың жаманы жоқ. Даяшылық та нағыз еңбек. Қонақтарға тікесінен тік тұрып қызмет көрсету оңай шаруа емес. Осындай қара жұмысқа жегілген бойжеткеннің қарасы да аз емес. Солардың бірі Іңкәр.
– Мейрамханада жұмыс істеп жүргеніме біраз болды. Биыл 11-сыныптамын. Тек демалыс күндері ғана жұмысқа шығамын. Мұнда күндігіне 7 мың теңге төлейді. Ақшаны күнделікті алғандықтан мен үшін ыңғайлы, жұмысы да оңай. Әртүрлі адам кездеседі. Олармен жұмыс істеуге үйреніп алдым. Болашақта ағылшын тілінен мұғалім болғым келеді. Тіл білген адамның болашағы жарқын. Кішкентай кезімнен ұстаздыққа қызығамын. Үйім жұмысқа жақын, ата-анам қарсы болмағандықтан шығып жүрмін, – дейді бойжеткен.
Облыстық білім басқармасының тәрбие бөлімінің бас маманы Руслан Арсланов он күнде бір асханаларға, ойын-сауық орталықтарына, мейрамханаларға рейдтік шаралар жүргізілетінін айтады. Бас маманның бұл сөзіне сеніңкіремедік. Тексеріс болса тойханаларда кәмелетке толмаған оқушылар жүрмейтін еді.
– Балалар құқықбұзушылығының және нашақорлықтың, қараусыз, қадағалаусыз қалуының алдын алуға байланысты облыстық полиция департаменті және аудан, қалалардағы мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларымен бірігіп, рейдтік шаралар ұйымдастырылады. Ойын-сауық орталықтарында балалардың жұмыс істеп жүргені анықталған жағдайда полиция қызметкерлерінің қатысуымен ата-аналарын шақыртып, ескерту береміз. Яғни, түнгі 23.00-ден асқаннан кейін мейрамханаларда жасөспірімге жұмыс істеуге болмайды. Сол себепті ата-аналарына ескерту жазып, балаларымен бірге үйлеріне қайтарамыз. Екінші рет қайталанған жағдайда әке-шешесі заң аясында жауапкершілікке тартылады. Полиция қызметкерлері сол жерде айыппұл салады. Жалпы 18 жасқа толған балалар жұмыс істеуге құқылы. Ал 14-18 жас аралығындағы жасөспірімдерге ата-ана мен жұмыс беруші арасындағы келісім арқылы Еңбек кодексі аясында белгіленген уақытта ғана, яғни, күндіз жұмыс істеуге рұқсат беріледі. Түнгі уақытта бала ата-анасының жанында болуы қажет, – дейді облыстық білім басқармасының бас маманы Руслан Әлімбатырұлы.
Ұлттың келешегі жас ұрпақ десек, оған әуелі дұрыс тәрбие керек. Түлеп ұшар ұясының жылы, мейірімге толы болмағы абзал. Баланың ерте жастан еңбекке ентелеп өскені жақсы. Бірақ, білім алу еңбектің ең ұлысы екенін ұмытпайық.
Медет ЖҰМАБАЙ
Фото: Depositphotos.com/cristovao





