4-7 тамыз аралығында елімізде ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын ұрлық түрлерінің алдын алуға және анықтауға бағытталған “Контрафакт” жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті.
2014-2028 жылдарға арналған қылмысқа қарсы бірлесіп күресудің мемлекетаралық бағдарламасының 2.1.10-тармағы аясында ұйымдастырылған жұмыстың тиімділігін арттыру үшін аумақтық бөліністердің киберполиция, тергеу, анықтау және учаскелік инспекторлары қатарынан жедел-іздестіру топтары құрылды.
Арнайы топтар интернет-алаяқтықтарды әшкерелеу, контрафактілік өнімдерді тәркілеу, ақпаратқа заңсыз қол жеткізу (ҚК 205-бабы), авторлық және сабақтас құқықтарды бұзу (ҚК 198-бабы), порнографияны тарату (ҚК 311-бабы), арнайы техникалық құралдарды заңсыз сату (ҚК 399-бабы) және ІТ-технологияларды пайдалана отырып жасалған ұрлықтар сияқты қылмыстардың жолын кесу бағытында кешенді шаралар жүргізді.
Нәтижесінде аталған қылмыстарды жасағаны үшін 272 адам ұсталды, оның ішінде 70-і бірнеше қылмысқа қатысы бар. Бұрын жасалған 353 қылмыс ашылды: оның 12-сі – ІТ-технологияларды пайдалана отырып жасалған ұрлық, 328-і – интернет-пайдаланушыларға қатысты алаяқтық.
Еркін айналымға тыйым салынған 2 мың бірлік өнім тәркіленді, оның ішінде 1,7 мың лицензиясыз өнім тасымалдағыштары және 67 арнайы техникалық құрал бар. Сонымен қатар, интернет желісін мониторингтеу барысында заңсыз ақпарат тарататын 205 шетелдік интернет-ресурс анықталды.
«Жетісу-Ақпарат»





