Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен жасанды интеллектіні дамыту мәселелері жөнінде кеңес өтті, деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Ақордаға сілтеме жасап.
Кеңеске Премьер-министр Олжас Бектенов, Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай, Үкімет мүшелері және орталық мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.
Жасанды интеллект – стратегиялық басымдық
Президент әлемде жасанды интеллекттің қарқынды дамуына байланысты технологиялық өзгерістердің жаңа дәуірі басталғанын атап өтті. Бұл технология барлық елдің дамуына тікелей әсер етіп, жаһандық бәсекеде маңызды рөл атқарып отыр.
– Біз жасанды интеллект саласында жетістіктерге жеттік, бірақ босаңсуға болмайды. Бұл бағытта табанды жұмыс істеуіміз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
UNCTAD болжамына сәйкес, 2033 жылға қарай ЖИ нарығы 4,8 трлн долларға жетіп, ғаламдық технологиялық индустриядағы үлесі 29%-ға дейін артады.
Халықаралық тәжірибе және ынтымақтастық
Президент биыл АҚШ-тың «America’s AI Action Plan» стратегиясын жариялағанын еске салып, қазақстандық мамандарға құжатты мұқият зерделеу қажеттігін айтты.
Сондай-ақ Қытайдың ЖИ саласындағы жаһандық ынтымақтастық ұйымын құру бастамасын қолдады. Бұл – цифрлық алшақтықты жою, тұрақты қолдану және этикасын қалыптастыруға бағытталған қадам.
Қазақстанның мақсаты – Еуразиядағы цифрлық хаб
Мемлекет басшысы еліміздің басты мақсаты – Еуразиядағы ірі цифрлық орталыққа айналу екенін айтты. Ол үшін:
- Бірыңғай ұлттық цифрлық экожүйе құру;
- Инфрақұрылым мен заңнаманы дайындау;
- Мәліметтерді жинау жүйесін қалыптастыру қажет.
Цифрландыру – екінші басымдық
Президент алдағы бес жылда Қазақстан цифрлық мемлекетке айналуы керектігін атап өтті.
– Біз ЖИ мүмкіндіктерін толық пайдаланатын ел болуымыз қажет. Ол үшін стратегиялық бағдарымызды айқындап, кешенді бағдарлама қабылдауымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Бұл құжат экономика мен мемлекеттік секторға ЖИ енгізудің нақты жол картасын қамтып, кадр даярлау мен еңбек нарығын трансформациялауға басымдық бермек.
Тоғыз негізгі бағыт
Қ. Тоқаев цифрлық саясаттың тоғыз басым бағытын атады. Соның бірі – ЖИ-ді экономиканың нақты секторына енгізу.
Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қоры жыл соңына дейін өндірістік үдерістерде ЖИ қолданудың тиімді үлгілерін көрсетуі тиіс.





