Тасынан қазақтың қоңыр үні жаңғырып, құмынан бабаның шежіресі таралып, суынан елдің бірлігі көрінетін қасиетті Қаратал өңірінен талай мәдениет саласының майталмандары шыққан. Солардың ішінде шоқтығы биік, саналы ғұмырын төл өнеріміздің сақталуы мен дамуына арнап, дәстүрлі мұрамызды дәріптеген Райс Мұздыбаев еді. Отбасылық ансамбль құрып, жүрек тебірентер дауысымен елді баурап алған Қаратал ауданының маңдайына біткен жарық жұлдыздың бақилық болғанына бір жыл болып қалыпты.
Өнегелі өмірі өнермен өріліп, тағылымды тағдыры талайға үлгі болған Райс Өміржанұлы 1942 жылы қараша айының 10-шы жұлдызында Қаратал ауданы, Елтай ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Әкесі Өміржан Мұздыбаев пен анасы Нұрзия Смағұлова 9 бала тәрбиелеп өсіреді. Арда өнерді ардақтаған Райс ағамыз отбасының тұңғышы. Ол Қаратал ауданы Тастөбе ауылындағы Жамбыл орта мектебін тамамдап, Талдықорғандағы зооветеринарлық техникумға оқуға түседі. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын жан білім ордасында жүргенде де облыстық көркемөнерпаздар байқауларына қатысып, елдің ықыласына бөленеді. Оқуын ойдағыдай тамамдаса да аңсары сахнаға шығуға, қазақтың қара домбырасын алып, ел алдында ән айтуға ауып тұрады. Сөйтіп ол жүрек қалауы бойынша өнер жолын таңдайды.
Еңбек жолын 1967 жылы Ескелді ауданындағы «Шұбар» халық театрынан бастаған жас таланттың «Қыз Жібек» спектаклінде Төлеген, «Жалбырдағы» Елемес, «Алдар-Көседегі» ханның сомдаған рөлдері халықтың көңілінен шығып, өнерге деген өшпес махаббаттың дәні дәл осы кезде егіліп, өмірлік махаббатын да дәл осы сахнадан жолықтырады. «Алдар-Көседе» Қарашаштың рөлін сомдаған Розамен 1972 жылы шаңырақ көтереді. Өнер өлкесінде табысқан жұп Санат, Салтанат, Мақсат атты ұл-қыз тәрбиелеп өсіреді.
Талантымен таңдай қақтырған қос өнерпаз 1976-77 жылдары бұрынғы Целиноград, Қызылорда қалаларында өткен Бүкілодақтық халық театры байқауларында лауреат атанып, республикаға аттары әйгіленді. 1979 жылы отбасы жағдайына байланысты туған өңірі «Абай» қой ұжымшарындағы Мәдениет үйінің директоры қызметіне орналасады. Сол жерде қызмет істей жүріп, «Жадыра» фольклорлық ансамблін құрады. Өзгеше өнер тудыруға бекінген жас өнер ұжымы алғашқы қадамдарынан-ақ шығармашылық қарымын айқын танытты. Райс Мұздыбаев басқарған өнерпаз ұйым ауыл-ауылды аралап, облыс орталықтарында өнер көрсетеді.
Өмірін өнермен ұштаған жанның балалары да осы салаға бейім болып өседі. Мәдениет саласының майталманының ұл-қыздары да, бауырлары да бағзыдан келе жатқан бағалы үрдісті жалғап ат тұяғы жететін жердегі дүйім елге өміршең өнерімен танылған өнерпаздар еді. Отбасының өнерін бір арнаға тоғыстырған Райс ағамыз 1983 жылы «Мұздыбаевтар» жанұялық ансамблін құрады. Оның құрамына бауырлары Амангелді, Жәнібек, Мұрат, қарындастары Сұлушаш, Сәуле, ұл-қыздары Санат, Салтанат, Мақсат, келіні Бибігүл мен Құдай қосқан жары Роза апамыз кіреді.
«Еңбегіне қарай өнбегі» демекші, мәдениет саласын өрге сүйреп, киелі қазақы өнерді дәріптеген отбасылық ансамбль ашылғаннан-ақ ел жүрегінен орын алады. Олар ауыл, қала, облыстан бөлек, Шымкентте, Өзбекстандағы қазақтардың шақыртуымен Ташкент төрінде концерт береді. Отбасылық ансамбль ұлы өнеріміз ұмыт қалмасын деп ұлттық қазынамызды болашақ ұрпаққа дәріптеп, қасиетті домбыраны қолына алып, сан ғасырдан жеткен қоңыр сазды өскелең ұрпақтың бойына сіңіруге аянбай еңбек етеді. Соның арқасында «Халықтық ансамбль» атағын алады.
Отбасылық ансамбль құрып, халықтың сүйіктісіне айналған Райс Өміржанұлының еселі еңбегін байқаған аудан басшылығы оны 1989 жылы қазіргі Қанабек ауылы Мәдениет үйінің директоры қызметіне тағайындайды. Ауылға бара сала «Жетіжал сазы» фольклорлық ансамблін құрып, ауданда дүркіретіп концерттер өткізеді. 1992 жылы Көксу ауданындағы Мәдениет үйін басқарып, «Жетіжал сазы» фольклорлық ансамблін құрады. 1999 жылы
Жаңаталап ауылына қоныс аударып, жеке ұжым болып жүріп халыққа қызмет көрсетеді.
Өмірін өнермен өрнектеген жанға 2016 жылы «Қаратал ауданының Құрметті азаматы» атағы беріледі.
Мәдениет саласының майталманы 2024 жылдың 10-шы қазанында 82 жасына қараған шағында өмірден озды. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген халық даналығына сүйенсек, артында қалған перзенттері әке абыройына шаң жуытпай, оның елге еткен қызметін әрі қарай жалғастырып келеді.
Ғибратты ғұмыр кешіп, туған жеріне адал қызмет еткен жан қашанда құрметке лайық. Артында ізгі іс, соны ой қалдырған Райс Өміржанұлының есімі елдің жадында мәңгі қалары сөзсіз. Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін қастерлеп, ұрпақтан ұрпаққа жеткізе білген «Мұздыбаевтар» отбасылық ансамбліне кейінгі буын жас ұрпақ тек алғыс айта білуі керек.
Айдар ҚАЛИЕВ





