Кездесу барысында құқықтық мәдениет, заңға құрмет, сыбайлас жемқорлықпен күрес және жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру секілді маңызды бағыттар талқыланды. Іс-шара қатысушыларына күнделікті өмірде кездесетін құқықтық жағдайларды дұрыс шешу жолдары айтылып, заң бұзушылықтың алдын алу үшін қажетті ережелер мен нормалар егжей-тегжейлі түсіндірілді.
Ілияс Әбдірайымұлы өз сөзінде жастардың заңды терең білуі олардың жеке қауіпсіздігі мен азаматтық жауапкершілігінің кепілі екенін атап өтті.
– Бүгінгі жастар – елдің ертеңгі тірегі. Құқықтық сауаттылық тек заңды қорғаудан бөлек, қоғамда әділдік пен тәртіпті орнатудың басты алғышарты. Әрбір азамат заңды сыйлап, оның талаптарын орындаған жағдайда ғана мемлекетіміздің тұрақтылығы мен дамуы қамтамасыз етіледі, – деді ол.
Иә, ең алдымен құқықтық мәдениет – тұрақты дамудың негізі. Сарапшылардың пікірінше, құқықтық мәдениеттің төмендігі – көптеген әлеуметтік және экономикалық проблемалардың бастауы. Осы тұрғыда мұндай кездесулер жастардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруға, заңға құрметпен қарауға және құқықбұзушылықтың алдын алуға зор үлес қосады.
Кездесуде ерекше назар сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесіне аударылды. Жастарға бұл індеттің мемлекет дамуына тигізетін кері әсері, сондай-ақ оның алдын алу тетіктері түсіндірілді. Спикердің айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік ең алдымен жеке тұлғаның адалдығынан басталады.
Сондай-ақ, шараға қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты мысалдар арқылы түсініктемелер алды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай форматтағы кездесулер тұрақты түрде аймақ жастарының құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталатын болады.
Ал бүгінгі кездесудің мақсаты – жастардың санасында заңды тек қағаз жүзіндегі ереже ретінде қабылдаудан гөрі өмір сүру мәдениетінің ажырамас бөлігі ретінде бағалауына жол ашу. Бұл шара қоғамға адал, жауапкершілігі жоғары, ел болашағына сенімді қадам жасайтын ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған маңызды бастама. Заңды білу – қауіпсіз өмірдің кепілі, ал оны құрметтеу – мемлекеттің тұрақты дамуының негізі.
С. КӘКІМҰЛЫ





