Біздің алдымыздағы аға буынның әңгімесін естіп отырсақ, олардың спортқа деген қызығушылығы ерекше болған. Мұстафа Өзтүрік, Шәміл Серіков, Серік Қонақбаев, Жақсылық Үшкемпіров сынды нағыз чемпиондарға еліктеген, үлгі тұтқан, соларға қарап бой түзеген. Сол даңқты спортшылардың кескін-келбеті, киім киісі, жүріс-тұрысы бір ұлтты тәрбиелегенін айтады. Ал қазіргі осы салада жүрген кейбір азаматтар құлағын күреспей сындырып, иектегі сақалын бей-берекет өсіріп өздерін құдды бір басбұзарлардан айнытпай ұстағанды жөн көретіндей. Оларға қарап өсіп келе жатқан жастардың да санасында «осылай жүрген дұрыс екен ғой» деген ой қалыптасатыны анық. Елді өзінен безіндіріп, қолтығын жайып, өтірік талтаңдаған жүріс салғаннан не ұтпақ?! Арғы жағы ойсыздық екені айқын.
Спорт дегеніміз – тәрбие, тәртіп, техника. Бокс, каратэ де болсын, барлық жекпе-жек өнерінде ереже, этика, тәрбие – басты шарт екені мағұлым. Жекпе-жекке шыққан екі қарсылас ең әуелі бір-бірін құрметтеуі, дайындығы жоғары, тәжірибелі болуы керек. Ал әлеуметтік желідегі RFC сынды шоулардан біз нені көріп жүрміз?! Жекпе-жекке дайын емес, физикалық тұрғыда әлсіз адамдарды, қарсыласты мазақ ету, кемсіту, балағат сөздер, сахналық «титықтау», әдептен тыс әрекеттер мен агрессияның жасанды түрлері. Бұл жерде соны көруге уақытын кетіріп ұтылып жатқан халық қана. Жоғарыда айтылған тәрбие деген сөздің «Т» әрпінің де көрінісі жоқ мұнда. Абайша топшыласақ «Қайнайды қаның, ашиды жаның, мінездерін көргенде».
Аталған жобаның басты мақсаты – аудитория көбейтіп, видео қаралым жинау. Көрерменнің назарын өзіне аудару үшін ұйымдастырушылар әртүрлі «кейіпкерлерді» шығарып, шоу өткізеді. Тіпті, кейде арнайы қойылым ретінде төбелес жасап, оны «шындық» деп көрсетеді. Бұл спортты мазақ ету ме сонда?! Нағыз спортшылар жылдар бойы тер төгіп, олимпиада, әлем чемпионаттарына дайындалу керек қой?!
RFC контентінің негізгі көрермені – жасөспірімдер мен жастар. Олар экранда не көрсе, соны өмірде қайталауды қалыпты деп біледі. Бұл шоуда «кім қатты ұрса, сол жеңеді» деген түсінік беріліп отыр. Жаңа буынды білімге емес, күш көрсетуге, төбелеске итермелегеннен ештеңе ұтпасымыз хақ. Бүгінгі таңда мектептер мен университеттерде жастар арасындағы төбелес көбейіп бара жатқаны жасырын емес. Жаңағыдай қажетсіз шоулар жас сананы одан ары азғыруда.
Қазақ халқы қай заманда да батырлықты, ерлік пен парасатты, адамгершілік пен имандылықты жоғары қойған. Жекпе-жек өнерін де ар-намыстың, ер жігіттің шыңдалу жолы санаған. Сондықтан да Көшпенділер дәуірінен бері келе жатқан ұлттық спорт түрлерінде де рухани тәрбие басым болған. Қазақ халқының бұл асыл мұрасына хайп үшін жасалған жасанды төбелестер көлеңке түсірмеуі қажет.
Спорт пен спортшының жолы шынайы бағаланғаны абзал. Елімізге мәдениетті, тәрбиені, нағыз кәсіби спортты дәріптейтін жобалар қажет. Себебі спорт – дене тәрбиесі ғана емес, ол – рух тәрбиесі.
Медет ЖҰМАБАЙ





