Қазақстандық теннисші, әлемдік рейтингте 10-орында тұрған Елена Рыбакина АҚШ ашық чемпионатындағы (US Open) екінші жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Екінші айналымда Рыбакина 18 жастағы чех теннисшісі Тереза Валентовамен (WTA рейтингінде 92-орын) кездесіп, матчты екі сетте — 6:3, 7:6 есебімен аяқтады. Валентова биылғы «Ролан Гаррос» турнирінде жасөспірімдер арасында жекелей және жұптық сындарда жеңімпаз атанған болатын.
Алғашқы кезеңде Рыбакина америкалық спортшы Джульетта Пареханы (WTA рейтингінде 335-орын) 6:3, 6:0 есебімен сенімді түрде ұтқан еді.
Айта кетейік, биылғы US Open турнирінің жеңімпазы рекордтық 5 миллион доллар сыйақы иеленеді.





