Талдықорған қаласындағы Балапанов пен Тамшыбаева көшелерінің қиылысындағы жаяу жүргіншілер жолы тұрғындар үшін қолайсыздық тудырып отыр.
«Бау маркет» шағын маркетінің дәл алдындағы тротуардың дұрыс орналаспауы, әсіресе бала арбасымен жүретін ата-аналарға қиындық келтіруде. Бұл жерден 32, 33, 34 және 38 көпқабатты үйлерге қарай бағдаршам арқылы өту ыңғайсыз, себебі тротуардың құрылымы талапқа сай емес.
33-үйдің тұрғыны Алуа: «Біз осы дүкенге күніне 2-3 рет келеміз. Жалғыз жүрсең, мәселе аз, бірақ бала арбасымен жолдан өту өте қиын. Бағдаршамның арғы жағымен айналып өтуге тура келеді, ал тротуармен жүру үшін көлік жолына түсу керек», – деп мәселенің күрделілігін атап өтті.
Мұндай кішігірім, бірақ күнделікті өмірде қолайсыздық тудыратын мәселелерге қала әкімдігі назар аударса, тұрғындардың өмір сүру сапасы арта түсер еді. Жергілікті биліктің тротуарды ретке келтіріп, пандус орнату немесе бағдаршам аймағын қайта жоспарлау сияқты шаралар қабылдауы тұрғындар үшін үлкен қолдау болар еді.
Мәулен Әнербай,
Талдықорған қаласы





