Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі халықтың тәуліктік су тұтынуына жаңа шектеу енгізді. Енді әр тұрғынға бір күнде 140 литрден артық ауыз су пайдалануға рұқсат жоқ. Бұл норма асып кетсе, артық су үшін төлем 30%-ға өседі, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Ведомство дерегінше, бұрын әр өңірде тариф әртүрлі есептеліп, мемлекет топтық және жергілікті жүйелердегі судың бағасын субсидиялап келген. Бұл бюджетке едәуір салмақ түсірген.
«Суды бірінші кезекте үнемдеу мақсатында осындай шара қабылданып отыр. Біздің есебімізше, қазіргі жағдайда 140 литр тәуліктік норма адамға толық жеткілікті», – деді Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Керімқұлов.
Сарапшылардың айтуынша, Қазақстандағы орташа тәуліктік тұтыну 100-120 литр шамасында, сондықтан жаңа норма көпшіліктің қалтасына ауыртпалық салмайды.
«Тариф өзгерісі халықты үнемдеуге ынталандырады. Артық пайдалану жағдайында ғана қосымша төлем қарастырылған. 13 қыркүйектен бастап әр литр су есепке алынады», – дейді қаржыгер Сапарбай Жобаев.
Үкімет бұл қадам арқылы ысырапты азайтып, су ресурстарын тиімді пайдалануға шақырып отыр.





