Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі заң үстемдігі мен прокуратура қызметінің негізгі бағыттары туралы есеп алды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Бас прокурор арнайы прокурорлардың қоғамда резонанс тудырған және мемлекет мүддесіне, сондай-ақ азаптауға қатысты қылмыстық істерді тергеу барысын баяндады.
Берік Асыловтың айтуынша, биыл сотқа 55 қылмыстық іс жолданып, 112 адам сотталған. Қазіргі таңда 80 іс сот қарауында. Арнайы прокурорлардың жұмысы нәтижесінде 14,4 млрд теңге залал өтелді.
Сонымен қатар, қылмыстық жолмен табылған кірістерді іздестірудің жаңа тәсілдері қолданылып жатыр. Құны 105 млрд теңге болатын мүлікке тыйым салынған. Оның ішінде есірткі қылмыстарына байланысты 12 млрд теңгеге жуық актив тәркіленген.
Екі жыл ішінде прокуратура органдары 850 млрд теңгенің активін қайтарды. Бұл қаражат есебінен өңірлерде 400-ге жуық әлеуметтік және коммуналдық нысан салу жоспарланған, бүгінде 60 ғимарат пайдалануға берілді.
Берік Асылов ведомство атауын өзгерту жоспарланып отырғанын да хабарлады. Жаңа формат инвестицияға қолайлы жағдай жасап, кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқығын қорғауға бағытталады.
Президент барлық салада заңдылықты қамтамасыз ету, “Заң мен тәртіп” қағидатын нығайту, сондай-ақ құқық қорғау органдарының алаяқтықпен, есірткі саудасымен, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен, вандализммен күресін күшейту қажет екенін атап өтті.





