Облыстық кәсіпкерлер палатасында мектепке дейінгі жекеменшік білім беру ұйымдарын қаржыландырудың жеткіліксіздігі мәселесі тағы бір мәрте пысықталды.
Кеңес отырысына облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев қатысты. Еске салайық, алдыңғы кездесуде мемлекеттік балабақшалар мен жекеменшік балабақшаларды қаржыландырудың тең дәрежеде еместігі туралы сөз етілген. Бұл ретте аймақтағы 230 мектепке дейінгі білім беру мекемесінің 139-ы жекеменшік.
Марлен Қапашұлының айтуынша, мектеп жасына дейінгі балаларды сапалы біліммен қамтамасыз ету және оларға қажетті жағдай жасау негізгі міндеттің бірі. Қаржыландыру жан басына шаққандағы әдіс бойынша жүзеге асырылады және балабақшалардағы балалар үшін белгілі бір сомалар қарастырылған.
Жиында, сондай-ақ, қаржыландырудың бірыңғай жүйесіне қарамастан мемлекеттік балабақшаларда педагогтердің біліктілік санаттары мен күзет қызметтері үшін қосымша төленетіні, облыс әкімдігінің Қаржы министрлігіне жан басына шаққандағы қаржыландыруды ұлғайту туралы ұсыныс жолдағаны, ал білім басқармасының жан басына шаққандағы Қаржыландыру формуласын қайта қарау және әдістемеге өзгерістер енгізу қажеттілігі туралы Білім министрлігіне хат жібергені мәлім етілді.
Айгүл Байжұмақызы
Фото: inbusiness.kz





