Өзі таңдаған мамандықты жетік меңгеріп, артынан ғылымға бағыт алған қайраткерлер кемде-кем. Саналы ғұмырын экономика саласының өркендеуіне арнап, өнертапқыштықпен өндірістің өнімділігін арттырған профессор Асқар Шарипов сондай жанның бірі.
Қасиетті Жетісу өңіріндегі Жеңдік – Төлеңгіт ауылдық округіне қарасты ауылда 1950 жылы 21 тамызда дүниеге келген Асқар Қалиұлы 1 сыныпқа Жеңдік ауылындағы мектепке барады. 1962 жылы 5 сыныпты бітірген ұлын әкесі Шұбар ауылындағы мектеп-интернатқа орналастырады. Сабағын жақсы оқып, пионер ұйымында кеңес басқарған кейіпкеріміз 1967 жылы мектеп бітірген 84 түлектің ішінен жалғыз өзі ғана жоғары оқу орнына түседі. Алматыдағы халық шаруашылық институтының жоспарлау-экономикалық факультетінде оқыған Асқар Шарипов жоғары оқу орнын қызыл дипломмен бітіріп, туған ауылына оралады.
Еңбек жолын 1971 жылы Талдықорған ауданының «Коминтерн» колхозында екінші экономист ретінде бастаған Асқар Қалиұлы 25 жылдай әртүрлі салада қызмет атқара жүріп, Қазақстан Республикасы агрокешен экономикасы және ауылдық аймақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтымен тығыз байланыс орнатты. Институт қызметкерлерімен бірлесіп, ауыл шаруашылық саласына өзара чектік формада есептесу қағидаттарын енгізеді. Мұндай есептесу қағидаты жүргізушілер, шопандар, малшылар, бригадалар арасындағы қарым-қатынас, шығындарды санауға қолданылып, чек қағаз ақшалар арқылы жүргізілді. Оның бастамасымен енгізілген жүйенің тиімділігін естіген Кеңес одағы құрамындағы одақтас республикалардан мамандар келіп, тәжірибе алмасты.
Осылайша өндіріс пен тәжірибені ұштастырған экономист Асқар Шарипов көргені мен көңілге түйгенін «Чектік нысанда ішкі есептесуді енгізу бойынша әдістемелік ұсыныс» атты кітап жазып шықты. Шаруашылық жүргізу ісіне септігін тигізетін оқулық 1986 жылы жарық көреді. Жазған еңбегі ғылым атты алып мұхитқа кеме салуға итермелеген кейіпкеріміз білімін ұштап, 1989 жылы Т. Рысқұлов атындағы Қазақ мемлекеттік экономикалық университетінің аспирантурасын бітіріп шығады. Кейіннен тақырып алып, ғылым кандидаттығына диссертация қорғаған Асқар Қалиұлы 1998 жылы экономика ғылымдарының кандидаты, 2010 жылы экономика ғылымдарының докторы атақтарын алды. Ғылым жолы – ауыр жол. Жан жүрегімен қалап, нағыз ғалым ұстаз боламын деп бел шеше кіріскен Шарипов егде тартып, ардагер атанғанша адалдығынан айныған жоқ. Соңғы 25 жыл бойы ғылым және жоғары оқу саласында еңбек етіп жүрген Асқар ағамыз 1998-2004 жылдары «Жетісу», «Темірқазық» және Ө. Жолдасбеков атындағы институттарда кафедра меңгерушісі қызметін атқарып, доценттік және профессорлық лауазымдарға ие болады. 2008 – 2014 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері атанды. Одан бөлек, 150-ден астам ғылыми еңбектің авторы 5 монография, 1 оқулық және 12 оқу құралын жазды. 2015 жылдан «Қазақстан бухгалтерлері мен бухгалтерлер ұйымдары одағының» мүшесі, 2017 жылдан ҚР кәсіби бухгалтері, 2019 жылдан ҚР тәуелсіз аудиторы, Халықаралық ақпараттандыру академиясының және ҚР ауылшаруашылық ғылым академиясының академигі. 2004 жылдан І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің есеп және аудит кафедрасының профессоры, 2018 жылдан ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Алматы облыстық филиалының профессоры ретінде еңбек етуде.
Ұлағатты ұстаздың осындай биік дәрежеге жетуіне әке-шешесінің берген тәлім-тәрбиесі ықпал еткені анық. Әкесі Қали Шәріпұлы мен анасы Нафиса Абдрахманқызы 8 баланы өмірге әкеліп, әрқайсысының оқып білім алуына ықпал еткен жандар. КСРО атты алпауыт мемлекеттің идеологиялық әсерін дұрыс түсініп, балаларын бір-бір мамандықты меңгеруге үгіттейді. Соның әсерінен бұлардың отбасынан түлеп ұшқан жеткіншектер әр саланы бағындырып, бір-бір үйдің шаңырағын биіктетті. Бұл туралы Асқар Қалиұлы 70 жасқа толғанда жазған «Менің 70 жылдық өмір жолым» атты кітабында баяндайды.
Зейнеткерлікке шыққанымен өмір бойы жинақтаған бай тәжірибесін, жоғары деңгейдегі білімін, таптырмас ақыл-кеңесін жас буынға өнеге етуден, үйретуден жалыққан емес. Үнемі жаңашылдыққа ұмтылып, әр кез жастарға жанашыр екендігін байқатып жүреді. Әр шәкіртін кез келген істі тиімді жоспарлауға, болжампаздыққа, ішкі түйсікке, әділ саралауға үйретіп, ғылыми ізденіс жұмыстарын нәтижелі жүргізуді меңгертеді.
Өмірлік жары Райхан екеуі ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, 1 ұл, 3 қызын құтты орнына қондырған жандар. Олардан көрген немере, шөберелерінің қызығын көріп, ұлағатты отбасының үлгісін ұсынуда. Сандуғаш, Бахтияр, Зарина, Руфина есімді 4 баласы әке жолын қуып, әр салада еңбек етеді.
Жасы 75-ке келген профессор Асқар Шарипов жанының тазалығын сақтаған адам. Табиғи болмысын жоғалтпай, кітапқұмар, еңбексүйгіш, ақкөңіл мінезімен ерекшеленіп тұрады. Баладай ақ көңілімен, даладай кең пейілімен үлкенге де, кішіге де ізет-құрмет көрсетуден танбаған жанның аузы дуалы, сөзі берекелі, ісі тыңғылықты, ойы терең, ақылы телегей.
Халқымызда: «Атадан бота қалғанша, бата қалсын» деген нақыл сөз бар. Өмірден көргені мен көңілге түйгенін кейінгіге үйретуді мақсат еткен Асқар Шарипов «Менің 70 жылдық өмір жолым» атты кітабында ес білгеннен байқағанын тарихи деректермен байланыстырып, ой қорыта отырып, оқырманға ұсынады. Отбасы тарихын, әке мен шешенің тағдырын, бауырларының қызықты мінез-құлқын, студенттік шақтың қуанышқа толы сәттерін, ғашықтық, махаббат секілді ыстық сезімдердің әсерін автор бүкпесіз жариялап, ой-толғаммен түйсіндейді. Оның айтар ойы, берер тәлімі баға жетпес құндылық есебінде.
80 атты биік белесті бетке алып, 75-тің қырқасынан өткеніне көз салған Асқар Қалиұлының өскелең ұрпаққа берері әлі де мол. Оған таусылмас қуат, қажымас қайрат керек. Ендеше, кейінгі өскелең ұрпаққа дұға-тілегін арнаған ақсақалдың алақан жайған ақ батасы айтыла берсін!
Мәди АЛЖАНБАЙ





