«ҚР Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Парламент палаталарының бірлескен отырысында мәлімдеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Бірлескен отырыста «ҚР Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
– Еліміздің тарихи болмысын ескере отырып, бүгінгі күні біз ел билігінің жүйесінде «Парламент» сөзін «Құрылтай» ұғымына ауыстырып қайта енгізіп отырмыз. Алайда заманауи Құрылтай бұрынғы тарихи Құрылтайды қайта құру емес. Қазіргі Құрылтай заң шығарушы билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган ретінде жаңа мән-мағынаға ие болып, қоғамдық биліктің конституциялық жүйесіне кіретін қазіргі заманғы өкілді институт болып табылады, – деді мәжілісмен.
Заң жобасына сәйкес, Құрылтай құрамы 145 депутаттан тұрады. Депутаттар пропорционалдық жүйе бойынша сайланып, олардың өкілеттік мерзімі 5 жыл болып белгіленеді.
– Заң жобасы Құрылтайдың мемлекеттік билік органдары жүйесіндегі орнын, қызметінің қағидаттарын, құрылымын, қалыптастыру тәртібін, сондай-ақ оның өкілеттіктерін жүзеге асыру нысандарын айқындайды. Сонымен қатар Құрылтайдың заңдарды қабылдау, мемлекеттік органдарды қалыптастыруға қатысу және парламенттік бақылау тетіктерін жүзеге асыру құзыреті белгіленеді. Бұдан басқа, заң жобасы Құрылтайдың Үкіметпен өзара іс-қимыл жасау тәртібін айқындайды, – деп түсіндірді Айдос Сарым.
Құжатта Құрылтайдың Парламенттің құқықтық мирасқоры болатыны туралы норма да қарастырылған.
Заң жобасы биылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Осыған байланысты «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» 1995 жылғы 16 қазандағы Конституциялық заң мен «Қазақстан Республикасы Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы» 1997 жылғы 7 мамырдағы заңның күші жойылады.





