«Мұң бар жерде поэзия бар…» – дейді Дидро. Жөн-ақ. Ал дала философиясының данагөйі Асанқайғы одан да әрі кетеді. Ол: «Таза мінсіз асыл тас – су түбінде жатады.Таза мінсіз асыл сөз – ой түбінде жатады. Су түбінде жатқан тас – жел толқытса шығады, Ой түбінде жатқан сөз – шер толқытса шығады», – деп ми қатпарының сан мың иірімдерінде жасырынып жатқан ойды магмадай бұлқынтып, кеңістікке шығаратын да осы мұң екенін қапысыз ұқтырады. Сонда деймін-ау, өлең деген тек шерлі жүректің үні дегенге илануымыз керек пе?!
Осы тұста: «Әй, өзің өлең жазуды қай кезде бастап едің?…», – деген сауал менмұндалайтыны бар. Рас-ау, «Балалық шақтағы балдыр-батпақ шатпақтарың ұмытыла бастағанда сені өлеңге жетелеп алып келген нендей сезім еді?» – дейді өткен күннің елесі. Иә, бозбала бола бастағанымда өзімнен бір сынып төмен оқитын бота көзді бойжеткенге аңсарым ауып, түн ортасында тұрып ақ қағазды шимайлайтыным өтірік пе?!. Сонда да менің қолыма қалам алғызған осы мұң – ғашықтық мұңы емес пе еді?! Осындайда Мұқағалидың: «Поэзия махаббаттан басталып, парасатпен аяқталады!» деген тәпсіріне қалай мойынсұнбайсың.
Дегенмен, мұңның да мұңы болады емес пе? Жүрегіңе жүк түсірмей ақырын ғана сыздатып, асқақ бір арманның жетегіне ергізіп жіберетін тәтті мұңның да дәмін татқан дұрыс-ау. Ал санаңды сансыратып, көкірегіңді қарс айыратын кермек мұң азапқа салса қайтпексің?! Қолыңнан келер қайран болмай, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп бара жатқан елдігің мен еркіндігіңе араша түсе алмай аласұрсаң, оның емі қайдан табылады?! Ғасырлар бойы халқыңның бірегейлігін қорғап, ұлт ретінде жоғалып кетпеуіңе дәнекер болған тілің мен ділің, ата салтың мен дәстүр-ғұрпың құрдымға құлап бара жатса тойғаның мен кигеніңнен қалай қанағат таппақсың? Зердең ашық болса бейқам тірлік кешуге дәтің шыдар ма екен осындайда?!…
Жетісулық ақын Азамат Нұрмұханның «Ым» деген шағын ғана өлеңдер жинағын шолып шыққанда менің басыма осындай ойлар еріксіз оралған еді. Иә, жинақты оқи отырып Азаматтың бозбала кезінде айдай аруға ғашық болып, өліп-талып өлең жазғанын да байқар едіңіз. Сүйгеніне қолы жеткенде шаттыққа толы ғазалдар тудырғаны да алдыңыздан менмұндалап шығары анық. Дегенмен, бұл кітап оның ақындық қуаты толысқан, арман-мақсаты айқындалып, пайым-парасаты кемелденген шағында өмірге келген өлеңдерінен құралған-ау деген тоқтамға келгенім рас.
Азаматтың әке-ана, туған жер, атақоныс туралы сағынышқа толы жырлары, сөз жоқ, назар аударуды қажет етеді. Олар қашанда шынайылығымен, нәзіктігімен жүректің қылын тербейді, ойландырады. Ал біз қолайымызға келген, өзімізді ерекше сөзімге бөлеген шумақтарына тоқталуды жөн санадық.
Қараңыз:
Еңселі елім,
шер-шеменің егемен,
Болашаққа бабам сенген көреген.
Бодандықтан, жамандықтан азатпын,
Адалдықтан құралған соң керегем.
Төзімді елім,
болмысынан сабырлы,
Сабырыңа қаншама айып тағылды.
Өткен күнге өртенгенде өзегім,
Шүберекке түйдім тылсым жанымды, – дейді ақын «Елім менің» өлеңінде. Бір қарасаң, тәуелсіздігін алған қазақтың еңселі күндерін шабыттана жырға қосқандай көрінеді. Алайда, сол шаттықтың арғы жағында бір мұң, әлдебір «әттеген-ай» жатқандай сезінгеніміз жасырын емес. Осы ойды «Дербес ел» деген өлеңіне қатысты да айтуға болатын шығар.
Бағасын біліп барымның,
Жарасын жаздым жанымның.
«Сары алтын – түбі сабырдың»,
Саясың сабырлы еліме,
О, Тәуелсіздігім – қадірлім!
Мұнда да барды бағалауға, шемен болған шерді жазуға, тәуелсіздікті қадірлей білуге шақыра отырып, мынау шексіз-шетсіз мұхиттағы алып кемелердің арасында қалт-құлт етіп бара жатқан қайығымыздың күйі не болар екен деген алаң көңілді сіздің де аңғарғаныңыз кәміл. Ақынның «Отан» деген өлеңі осы ойымызды одан сайын бекіте түсетіндей.
Отыңа жанып-күйемін,
Отаным менің, киелім.
Жапырғыңды құшақтап,
Топырағыңды сүйемін, – деп перзенттік махаббатын ақтара тұрып:
Қайғысы – шекер, мұңы – бал,
Ақынмын өлең-жыры бар.
«Отан!» деп жүрек соқпаса,
Кеудемнен оны жұлып ал! – деп сертін де беріп үлгереді. Солай дей келіп:
Еркіңе бердім, ерен ел,
Сертіне ердің сене көр.
Топырағыңа көме сал,
Опасыз болсам мен егер! – деп алғашқы байламын бекіте түседі. Шіркін, өзінің сан- ғасырлық тарихында небір азапты басынан өткеріп, құрып барып қайта түлеген елінің болашағына әр азамат осылай алаңдаса ғой дейсің амалсыз. «Отан деп жүрек соқпаса – кеудемнен оны жұлып ал!», «Топырағыңа көме сал, опасыз болсам мен егер!…» Болды, бітті, басқаша болуы мүмкін емес. Егемен елінің бүгінгі күніне қуана тұрып, болашағына алаңдайтын ақынның өмірлік кредосы да осы ма дейсің? Жіліктің майлы басы қолына тиісімен ашкөздене асап, өз мүддесін ел мүддесінен жоғары қойып жүрген шенді мен шекпенділер осы қос өрім өлеңді оқыса ғой дейсің амалсыз. «Өлең оқымақ былай тұрсын, ана тілін мансұқ еткендерден қандай қайыр күтуге болады?!» деп түңілесің соңынан. Иә, мұң жұтуға қашанда себеп бар…
Астанада отқа оранған үйде жантәсілім еткен бес баланың өліміне қабырғасы қайыспаған қазақ қалмаған шығар? Біз де сөйттік. Ал Азамат бұл шетін оқиғаға ақындық жүрегінен қан сорғалата отырып қараған сыңайлы. Оның бұл жайлы жазған өлеңін тебіренбей оқу мүмкін емес. Мұнда да ол жаратылысынан жаңылмайды.
Шерге толы,
шертіп тұр дала мұңын,
Салмағы ауыр,
Қатулы қабағының.
Кеше ғана еді ғой ес жиғаным,
Бүгін, міне, қайтадан жаралымын…
Таңда ауырсын жүрегім,
кеште ауырсын,
Жұбата алмас оны енді еш бауыр шын.
Сағатымнан сырғыды бес күн жалған,
Қанатымнан үзілді бес қауырсын…
Қазақ деген қамкөңіл жұрттың қанатынан бес қауырсынның үзіліп түскенін көз алдыңызға елестетіп көріңізші?! Бұлай деп елін, жерін, Отанын бар болмысымен сүйетін азамат қана айта алса керек-ті. Өлең:
Бес қауырсын – бес үміт, бес арманым,
Кейін кетіп барады көші арбаның.
Көктен қарап, түсініп тұрсыңдар ма?
Ел билеген ерлердің есі ауғанын, – деп аяқталады. Бұл біздің жоғарыда айтқан пікірімізді қуаттай түсетіні анық.
Өлең – ең алдымен, ақынның көзқарасын, өмірлік ұстанымын, дүниетанымын, түптеп келгенде мінезін айшықтайтыны ақиқат. Өзінде, жүрегінде жоқты еш шайыр жаза алмайды. Осы орайда Азаматтың өлең жолдарына үңіліп көрейікші. Ол Ана тілі жайлы айтқанда:
Туған тілім – қарашығым, тынысым,
Жан анамның әлдилеген үнісің.
Қадіріңе жете алмасам мен егер,
Өткен күнім құрысын! – дей келіп, Алаш арыстары жайлы толғағанда:
Таңы ғажап бүгінде тамылжыған тамыздың…
Құстың үні естілсе, қуанышты тәрізді үн.
Алақайлап аспанға бөркімді атар күн туса,
Арыстарға өлгенше бағым үшінқарызбын!, – десе, сүйгеніне сезімін жеткізгенде:
Жанған оттың қаладым өшпегенін,
Құдай білер кімді өзі ескерерін.
Қай бетіммен барамын қабіріме,
Қадіріне жетпесем ештеменің! – деп үміт сәулесін сөз еткенде:
Жүрегімде Күн жылап, Ай күледі,
Кім біледі, бұл сынақ жайды нені?
Менің қаңбақ, қауқарсыз үмітімнің,
Ұшарын – жел, қонарын – сай біледі?! – деп сарқыла, үзілді-кесілді үкім шығара жыр- лайтыны сүйсіндірмей қоймайды.
Жалпы, ақындарға жиі қойылатын сұрақтың бірі: «Өлең деген не, ол қалай жазылады?» деген сыңайда келеді. Бұған ең қарапайым жауап: «Өлең деген ең алдымен айтар ойдың (идеяның), оның құрылыс материалының (қолданар сөздің) және орындалу техникасының (ұйқас пен буынның) бір арнада тоғысуы» деуге болады. Осының бірі кемшін түсіп жатса, одан жақсы өлең шыға қоймасы анық. Ал Азамат осы үшеуін де жете меңгерген ақын десек, ақиқаттан алшақ кете қоймаймыз. Оның ең алдымен нені айтарын жақсылап пайымдап алатынын жазған дүниелерінің мазмұны айшықтап тұрады. Тіпті, сан рет айтылып, сартап болған тақырыптың өзін жаңа қырынан, тосын тұсынан жырлаудың өзі – шеберлік. Ал сөзге келер болсақ, мұнда да Азаматтың ана тілінің уызынан қанып ішкені аңғарылады. Жоғарыда біз келтірген шумақтардың өзі осының дәлеліндей. Тағы да мысал керек пе, қараңыз:
Атсын таңым, таусылғанша тағатым,
Соға түссін, соқсын кеуде – сағатым.
Бейуақытта кештім күйді беймаза,
Беймезгілде құстай қанат қағатын.
Лүпіліне бағына алмай жүректің,
О, Құдірет, басыла ма бұл екпін?!
Алып-ұшып, жанып-ысып от кеуде,
Сағатымның соққан тілін үдеттім!
Бұл жерде бірін-бірі жетелегендей екпіндете, толқындата келетін ұрымтал ой, ұтымды сөз, ұтқыр ұйқастар тәтті тағамның дәмін алғандай, көңіл пердесін дөп басқандай әсерге бөлейтінін жырсүйер қауым ұғып үлгерсе керек-ті. Арқада киік деген қасиетті жануардың «серті» бар дейді білетіндер. Ол алдынан тажал шықса да алған бағытынан айнымай, тура тарта беретін көрінеді. Ақындықтың да «серті» болады. Сол серттен таймағандар түптің түбінде қасиетті өнердің шаужайына қол салып, ауыздықтай алады екен. Азаматтың да өлеңмен сөз бай- ласқанын оның жырларынан аңғардық.
– Ұшқынына мендегі алаң-елеңнің,
Ұзақ қарап, сен жолыңнан бөгелдің.
Ай аманда, жыл есенде, ал, айтшы,
Жанарымнан не байқадың, не көрдің?
– Күнді көрдім шашқан арай шуағын,
Мұңды көрдім тұнығындай тұманың.
Жол іздеумен үміт көрдім күрсінген,
Қобыз-кеудең, келтіре алмай құлағын…
– Келісемін, бұл сөзіңе, алайда,
Шашқан арай жалпақ жұртқа тарай ма?
Мұңды қойшы, жалғыз кешіп өтермін,
Адасса үміт, айтшы, қандай бар айла?!
– Ақылыңа ерік берсең алдымен,
Адастырмас жолдары оның бар, білем.
Көздеріңде шешілмеген жұмбақ көп,
Мен білмейтін қалды нең?!
– Таулар үнін естімейді төбенің,
Қайтсем соны жеткізсем деп келемін.
Жанарымда өзің байқай алмаған,
Сырым,
Мұңым,
Өлеңім! – дейді ол «Диалог» деген өлеңінде.
Сөзіміздің басында тілге тиек еткен «мұң» мәселесі жазбамыздың өнебойында сабақты жіптей жалғасып, бірден-бірге көшіп отыр- ғанын өздеріңіз де байқаған боларсыздар. Бұл поэзияға тән заңдылық әрі қажеттілік екенін біз де дәлелдеуге тырыстық.
Ішімде – мұң.
Баспай алға қойғанда ісім менің.
Миялы өлең жанымды жегідей жеп,
Маза бермей қояды, түсінгенім, – деп жазған Азамат ақын өлеңге берген сертінен айнымастан құдіретті сөз өнеріне өз үлесін қосып келеді. Жаныма жақын тартып, жаз- ғандарын жоғары бағалайтын бауырыма ең ізгі тілектерімді жолдай отырып, оқырманыңды шуақты жырларыңмен қуанта бер дегім келеді!
Қуат Қайранбаев,
«Құрмет» орденінің иегері