Бабаларымыз «Ағашты жердің ырысы мол» деп текке айтпаса керек. Осыған орай «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында еліміздің барлық мектептерінде ағаш егу эко-челенджі өтті. Игі шараға Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы аймақтағы мектеп оқушылары да белсенді қатысты.
№18 мектеп-лицейінде өткен акцияға 9-сынып оқушылары мен «Жас саясат» кадет сыныбынан 50-ге жуық оқушы қатысты. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлдана Бейсенбайқызы экологиялық шара мектепте үнемі өткізіліп тұратынын және ол табиғатты аялаудың нақты үлгісі екенін айтты.
Акция барысында оқушылар мектеп ауласын тазартып қана қоймай, ағаш көшеттерін отырғызды. Екі қолға бір күрек ұстап, шараға белсенді қатысқан оқушылар қоршаған ортаның таза болуы адам денсаулығына тікелей байланысты екенін алға тартып, пайдалы іс-шаралар мүмкіндігінше жиі өткізіліп тұрса деген тілек білдірді. Айта кетейік, аталмыш эко-челендж еліміздің барлық өңірінде бір мезгілде өтуде. Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралар тек аймақты абаттандыру ғана емес, өскелең ұрпақтың экологиялық санасын арттыруға бағытталғанын атап өтті.
Дана халқымыз: «Бір тал кессең, он тал ек», «Ағашты жердің ырысы мол» деп текке айтпаса керек. Айналаны жасыл желекке орап, отырғызылған ағаштар әсем бейнесімен көз тартарлық.
Айдар ҚАЛИЕВ





