Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Ресей Федерациясынан аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деген күдікке ілінген азамат экстрадицияланды.
Бұл туралы Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы хабарлады.
Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті 2020-2022 жылдары құрылыс компаниясының басшысы бола жүріп, адамдар тобымен алдын ала сөз байласып, жалған шарттар жасаған. Аффилирленген компаниялар арқылы қаржы аудару схемасын қолданып, «Самұрық-Энерго» АҚ-ның еншілес ұйымынан 8,5 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырғаны анықталды. Бұл қаражат Ақмола облысында жел электр станциясын салуға арналды.
Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынған, оған халықаралық іздеу жарияланды. Биыл ақпанда ол Ресей аумағында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша экстрадициялау туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта ол тергеу изоляторына қамалды.
Айта кетейік, аталған қылмысқа қатысы бар басқа тұлғалар осы жылдың мамыр айында түрлі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілген.
Қылмыстық кодекс бойынша мұндай әрекет үшін мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.





