Қазіргі таңда Қазақстанда мемлекеттік бюджеттен төленетін зейнетақыларға салық салынбайды. Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) берілетін төлемдерге 10% жеке табыс салығы ұсталады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Бұл салық жарналар аударылған кезде емес, қаражат төлем ретінде алынған уақытта есептеледі. БЖЗҚ дерегінше, қолданыстағы норма 2025 жылдың соңына дейін сақталады.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Салық кодексіне сәйкес, БЖЗҚ-дан төленетін барлық зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан босатылады. Бұл жеңілдік тұрғын үй сатып алу немесе емделу үшін берілетін біржолғы төлемдерге де қатысты. Бұған дейін БЗТ пайдаланып, салық төлеуді кейінге қалдырған азаматтар да 2026 жылдан бастап бұл төлемнен босатылады.
Аталған өзгеріс тек Қазақстан резиденттеріне қолданылады, ал бейрезиденттерге салық жеңілдігі қарастырылмаған.





