Табиғи өнімдерге деген сүйіспеншілігін кәсіпке айналдырған Нина Тишкова «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жартылай финалисі.
Текелі қаласынан келген Нина Тишкова табиғи өнімдерге деген сүйіспеншілікті өз ісіне айналдыра білді. Бүгінде ол тек макарон өнімдерін ғана емес, сонымен бірге жабайы саңырауқұлақтардан да ерекше өнімдер жасайды. Бұл орман сыйлықтары өзінің ерекшелігімен тұтынушыларының таңдайын қаққызуда. Нинада бешбармаққа арналған жайманы қоса алғанда, макаронның да небір түрі шығарылады.
Бұл ретте ол өз бақшасында өсірілген көкөніс, сәбіз, қызылша, қызанақ сияқты табиғи өнімдерден қамырдың неше түрін жасайды. Яғни, барлық өнім жасанды қоспаларсыз әзірленеді. Нина білімі бойынша педагог. Алайда оның кәсіби жолы қаржы саласына, содан кейін қоғамдық тамақтануға алып келді. Кәсіпкер уақыт өте келе ісін дамытып, бірінші кезекте дайындалатын өнім сапасына назар аударды. Биыл ол кәсіпкерлер палатасынан қолдау сұрап, «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысып, жартылай финалист атанды.
Оның болашаққа қойған жоспарлары ұшан-теңіз. Ол өз өнімдерінің тек Жетісуда ғана емес, сондай-ақ, өзге аймақтарда да танымал болуын қалайды. Сол себепті өндірісін кеңейтіп, цех ашу, жұмыс орындарын құруды арман етеді. Осыны бетке алған кәсіпкер бүгінде шығармашылық ізденісін арттырып, ұлттық дәмді біріктіретін өнім жасау бағытында еңбек етіп келеді.
Айгүл Байжұмақызы
Текелі қаласы





