Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауы – еліміздің даму бағытына тың серпін беретін стратегиялық құжат қана емес, руханият пен мәдениетке деген мемлекеттің нақты ұстанымын білдіретін тарихи бағдар. Әсіресе, «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты биылғы Жолдаудың мазмұны мәдениет саласының алдына жаңа міндеттер мен жоғары талаптар қойып отыр.
Мемлекет басшысы: «Өнер адамдары еліміздің мәдениетін, салт-дәстүрін шетелге паш етіп жатыр. Бұл – құрметке лайық жұмыс. Сондықтан мәдениет қайраткерлеріне қажетті қолдауды көрсетеміз. Бірақ олар жаңа заманның талабына бейімделіп жұмыс істеуі керек», – деп ұлттық руханияттың дамуы тек өткенді дәріптеу емес, оны жаңа формада таныта білуде жатқанын меңзеді. Бұл сөздер – театр, музыка немесе кино өнері ғана емес, музей саласына да түбегейлі жаңғырудың қажет екенін білдіреді.
Музей – мәдени код пен тарихи зерденің тірі тамыры. Бұл тек экспонаттардың жиынтығы немесе көрме залы емес, ол – ұлт жадының шежіресі, халықтың сан ғасырлық өмір салты мен құндылықтарын келер ұрпаққа жеткізетін символдық кеңістік. Әрбір жәдігер – өткеннің үні, әрбір көрме – болашақпен байланыс көпірі. Жетісу өңірі – қазақ халқының тарихы мен мәдениетінің қайнар бұлағының бірі. Бұл өлкенің әрбір уыс топырағы көненің көзі, елдік пен ерліктің куәсі. Бүгінде Жетісу облысындағы музейлер сақ, үйсін, түркі дәуірлерінен бастап, қазақ хандығы, жоңғар шапқыншылығы, отарлық кезең, тәуелсіздік жылдарына дейінгі тарихи деректер мен жәдігерлерді сақтап отырған бірегей мекеме. Бұл тек аймақ үшін емес, тәуелсіз еліміз үшін де құнды мұра.
Музей – тек сақтаушы емес, өндіруші ортаға айналуы тиіс. Қазіргі кезеңде музейлердің функциясы айтарлықтай өзгеріп келеді. Олар енді тек мұра сақтайтын орын ғана болмай, қоғамдық санаға әсер ететін, тарихи білім мен ұлттық идеяны жеткізетін, заманауи коммуникациялық технологияларды меңгерген интерактивті орталықтарға айналуы керек. Президенттің мәдени инфрақұрылымды жөндеу, жаңарту және қажет болған жағдайда қайта салу туралы тапсырмасы музей ісіне тың серпін әкеліп, оны дамудың жаңа кезеңіне жетелейтін маңызды шешім. Себебі музейдің әлеуеті тек экспозициямен өлшенбейді, ол ұлттың тарихи сана деңгейін қалыптастыратын құрал.
Цифрлық дәуір музейге жаңа миссия жүктейді. Жасанды интеллект дәуірінде музейлер де өз орнын нақтылауы тиіс. Бұл тек техникалық жаңғыру ғана емес, жастармен, келушімен, қоғаммен жаңа форматта жұмыс істеуді меңгеру қажеттігін білдіреді.
Жетісу облысының музейлері бүгінде келесі бағыттар бойынша нақты қадамдар жасауға ұмтылуы тиіс. Ең алдымен, интерактивті экспозиция панельдерін орнату, AR/VR (ақиқат пен виртуалды шындық) технологияларын көрмеге енгізу, «Жасанды интеллектке» негізделген мультимедиялық гид жүйесін іске қосу, Цифрлық мұрағат пен виртуалды экскурсияларды кеңейту және мектептер мен колледждермен интеграцияланған музейлік білім беру бағдарламаларын әзірлеу. Мұндай қадамдар тек келушілер қатарын арттырып қоймай, музейді жастар үшін тартымды әрі танымдық ортаға айналдырады. Бұл мәдениет пен технологияның түйіскен тұсы. Президенттің Жолдауында айтылған рухани және мәдени саясат бағыттарын жүзеге асыру әрбір мәдениет мекемесінің, оның ішінде музей саласының да басты парызы. Музей – қоғамның өткенін жаңғыртып, қазіргісін ой елегінен өткізіп, болашаққа жол сілтейтін идеялық күш.
Жетісу музейлері өз кезегінде ұлттық жадыны жаңғырту жолында жаңаша ойлауға, тың бастамалар жасауға және ең бастысы, мәдени мұраны ұлт игілігіне айналдыруға белсенді кірісуге дайын. Ұлттық мұраны ұлықтап, тарихты жаңаша таныту заман талабы әрі ұлттық жауапкершілік. Біз, музей қызметкерлері, Президент Жолдауын толық қолдай отырып, руханият саласының жаңа деңгейге көтерілуіне өз үлесімізді қосуға әзірміз. Өткенін бағалаған халық болашағына сеніммен қадам басады.
Күләш ИСАБЕКОВА,
Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары





