«Жүкті әйелдің бір аяғы жерде, бір аяғы көрде» деп халқымыз ана болу шексіз бақыт болғанымен өміріне аса қауіпті екенін екі ауыз сөзге сыйдырып айтқан. Күн, түн демей ана мен бала күзетінде сақшыдай қырағы тұрып, екеуінің де өмірін сақтауға бірден-бір жауапты дәрігердің еңбегі өлшеусіз. Мыңдаған сәбидің дүниеге аман келуіне жәрдемдесіп, шыр еткен шақалақтарды анасының бауырына басқандардың бірі – Қарлығаш Сейдіғалымқызы.
Жүздеген ананың амандығына, мыңдаған сәбидің жарық дүниеге келуіне себепші болып, Алакөлдің әр қыстағында табанының ізі, алақанының жылуы қалған Қарлығаш Сейдіғалымқызы 1936 жылдың жазында Алланың қалауымен қарапайым шаруа отбасында дүние есігін ашқан. Қаршадай кезінде анасы босанып, ауыр хәлде жатқанда, ол мұз тасып ерітіп, бауырын әлпештеп, әлі жетпесе де үлкендердің жұмысын атқарды. Бұл – оның жүрегінде мейірім мен жауапкершіліктің дәні көктей бастағанының айғағы еді. Сол бір сәттер оның бойына қамқорлық пен қайсарлықты дарытып, өмірлік жолын айқындап бергендей болды. Кейін халық «ақ халатты абзал жан» деп таныған Қарлығаш Сейдіғалымқызының дәрігерлік жолы дәл осы бала күнгі тағдырлы сәттен бастау алғандай. Содан бері ол саналы ғұмырын медицина саласына арнап, сәбилердің жарық дүниеге келуіне көмектесіп, әйелдердің денсаулығын сақтауға үлес қосты.
Бүлдіршін қыздың болашақта ауылдың ақ желкеніне, халықтың жанашырына айналарын ешкім болжай қоймаған. Балалық шағы еңбекпен шыңдалып, арманы білімге жетеледі. Семейдің медициналық институтына түсіп, ақ халатты абзал жан атанған күні ауылға ең қажет тұлға болып оралды.
Сол кездегі ауылдың тұрмысын көзге елестетіңіз: жол жоқ, жарық шамалы, санитарлық жағдай төмен. Осындай қиындықтарға қарамастан, ол алуан түрлі жұмысты дөңгелетіп, кең таралған жұқпалы аурулардың түп-тамырымен жойылуына талмай күресті. Жүкті әйелдерді бақылаудан бастап, аналарды босандыруға, балаларға екпе жасауға, үй-үйді аралап тазалық пен күтім жайлы түсіндіруге дейін атқарған еңбегі оның жігерін қайрап, қабілетін ұштай түсті. Уақыт өте келе ол бірнеше ауылдық аурухананың бас дәрігері болды. Жол жоқ, қар қалың, бел асу қиын шақта да, аяғы ауыр болса да, екі дөңгелекті мотоциклге мініп, шалғай ауылдарға барғанын көзкөргендер әлі күнге дейін аңыз қылып айтады. «Ана мен бала аман болса – қалғаны маңызды емес» деген сенім оның дәрігерлік жолындағы басты қағидасы болды. Босану кезіндегі күтпеген қиындықтарда акушерлік тәжірибесіне сүйеніп, білімі мен батылдығын көрсетіп қана қоймай, адам өміріне қатысты жауапкершіліктің ауыр жүгін де көтере алатынын талай дәлелдеген.
Қарлығаш Сейдіғалымқызы тоқсанға таяған шағында да дәрігерлік көрегендігін көрсетіп отырады. Жақын келінін қарап, заманауи аппараттардың болжамына қарамастан босану күнін дәл айтып берген. Тіпті кесар тілігі қажет деген шешімге де қарсы тұрып, «бала табиғи жолмен келеді» деп кесіп айтқан. Айтқаны айдай келіп, ана да, бала да аман шықты. Медицина саласында ұзақ жылдан бері еңбек еткен алтын қолды ақ халатты абзал жан құрметтің ең биігіне лайық.
Саналы ғұмырын медицина саласына арнаған жан бүгінде ардақты әже. «Қазақтың қайсы үйіне барсам-дағы, алдымда – ақ дастарқан, жайған кілем», – деп ақиық ақын Мұқағали жырлағандай 89 жастағы әже қай ауылдың төріне барса да, ел-жұрты ерекше ілтипатпен қарсы алып, ақ батасын алып, құрметпен шығарып салады. Қарлығаш Сейдіғалымқызы кіндігін кескен сәбилер бүгінде елдің әр түкпірінде елдің тұтқасы, халықтың тірегі болып жүр. Оның өмір жолы – бір әулеттің ғана емес, тұтас өңірдің мақтанышы!
Айдар ҚАЛИЕВ





