Менің өнерге деген құштарлығымның тамыры балалық шағым өткен Жаркент өңіріндегі Басқұншы ауылынан басталды. Сол ауылдағы Крылов атындағы орта мектепте білім алдым. Ауылда өзге ұлт өкілдері көп болғандықтан мектепте сабақ қазақша да, орысша да жүргізілетін. Мәдени өмірдің өзі көбіне орыс тілінде өрбитін. Мәскеуден, Алматыдан келетін цирк пен концерттер, клубтағы кино барлығы дерлік орысша өтетін.
Уақыт өте келе ауылымызға қазақша концерттер де келе бастады. Соның ішінде менің жүрегімде мәңгі сақталған әйгілі әнші Дәнеш Рақышевтың кеші еді.
Бала кезден домбыра мен әнге құмар болып өстім. Мектептегі үйірме жетекшісінен үйренген әндерімді дамыта жүріп, радиодан Жүсіпбек, Манарбек, Ғарифолла, Дәнеш сынды өнер алыптарының орындауларын тыңдап, өз бетімше қайталап үйренетінмін. Ауыл клубында өтетін түрлі мәдени шараларда сол әндерді орындап, «әнші бала» атанып жүрген мен үшін бұл шақтың орны бөлек еді.
Ауылымызда көптен күткен концерт те басталды. Ортаға кештің жүргізушісі шығып, мәнерлеп тұрып өлең оқып, әзіл-қалжыңын араластыра сөйлеп, көрермендерді қызықтыра түсіп, алғашқы ән орындаушыны хабарлап сахнаға шақырды. Содан кейін де бірнеше өнерпазды ән айтқызып, күй тартқызып болғаннан кейін: «Ал, енді әйгілі әнші – композитор Дәнеш Рақышевтың «Саясында алманың» деген әнін орындау үшін сахнаға Дәнеш ағамыздың шәкірті Мырзахмет Мұқамановты шақырамын, қарсы алыңыздар!» – деді. Зал дүр сілкінді. Қол соққан жұрттың қошеметі ерекше. Сахнаға шыққан жас жігіттің келбеті де, киімі де көз тартады: оюлы көк костюм, қолында домбыра, маңдайы жарқыраған, аққұба жүзді, жинақы тұлға. Ол домбырасын қолға алып, түрегеліп тұрып әнді бастап кетті.
Сол сәтте зал іші тып-тыныш бола қалды. Мен де жұртпен бірге демімді ішіме тартып, тыңдап отырмын. Әншінің домбыра қағысы, дауыс қуаты, әсіресе шырқау биікті еркін игерген үні мені таңғалдырды. Ән аяқтала салысымен зал ду қол шапалаққа бөленді. Бірақ ол тоқтаған жоқ. Арқаның кең тынысты бір әнін бастап кеткенде, жанымдағы үлкен кісілердің таңданысы мен ризалығы анық сезілді. Олар сыбырлай сөйлеп, «мына жігіттің дауысы қандай керемет?!» деп сүйсініп жатты.
Сол кеш менің өмірімдегі бетбұрыс сәт болды. Мен әнді дәл осындай деңгейде орындау үшін үлкен ұстаздан тәлім алу керек екенін түсіндім. Іштей «осы Мырзахмет ағадай әнші болсам, Дәнеш ағаға шәкірт болсам» деген арманға бекіндім. Ауылдағы өнерді бағалайтын ағалар да маған сол бағытты нұсқап, үнемі жігер беріп отыратын.
Уақыт өте келе сол арман мені алға жетеледі. Арада 10 жыл өткенде есейіп, еңсемді тіктеп, Талдықорған филармониясына арнайы барып, іріктеуге қатыстым. Сол жерде Дәнеш аға, Мырзахмет аға және филармония басшылығы мені тыңдап, ақылдаса келе әнші ретінде қабылдады.
Содан бері де қырық жылға жуық уақыт өтіпті. Сол филармонияда ағалармен қатар жүріп, өнер жолында бірге еңбек етіп, сыйластықта ғұмыр кешіп келемін. Ал менің осы жолға түсуіме себепкер болған сол бір кеш, сол бір концерт және ең бастысы – Мырзахмет ағаның өнері еді.
Мырзахмет аға 1949 жылы 23 наурызда Талдықорған облысы, Панфилов ауданы, Алтыүй ауылында дүниеге келген. 1966 жылы Көктал селосындағы Абай орта мектебін аяқтап, Еңбекші ауылында тракторшы-комбайншы болып еңбек етті.
1968 жылы әскери борышын өтеп келгеннен кейін 1970-1972 жылдары Д. Рақышев басқаратын Көктал халық театрына жұмысқа шақыртылып, осы өнер ұжымында еңбек ете жүріп Дәнеш ағадан әншілік өнердің қыр-сырын үйреніп, әншілігімен танылды. 1971-1973 жылдары Еңбекші орта мектебінде ән-күй пәнінің мұғалімі болып қызмет етті.
Дәнеш аға Мырзахмет ағаның дауысының диапазоны өте кең Жетісу өңірінің әндері ғана емес, кең тынысты Арқа әндерін орындайтын әнші болып қалыптасуы үшін Алматыға барып оқуы керектігін, әйгілі Жүсіпбек Елебековтен тәрбие алу керек екендігін айтып, ақыл-кеңес береді.
Дәнеш ағаның ақыл-кеңесі бойынша Мырзахмет ағамыз 1973 жылы Алматыдағы республикалық эстрада-цирк өнер студиясына Халық әртісі Жүсіпбек Елебековтің «Домбырамен ән салу» сыныбына түсіп білім алады.
1975 жылы оқуды ойдағыдай аяқтап, Мәдениет министрлігінің жолдамасымен Талдықорған облыстық филармониясының Д. Рақышев жетекшілік ететін «Арай» эстрадалық ансамбліне жеке дауыстағы әнші ретінде қабылданып, осы ансамбльде 1980 жылға дейін қызмет етті. Ансамбль құрамында гастрольдік сапармен еліміздің барлық облыстарында өнер көрсетті.
Міне, Дәнеш аға мен Жүсіпбектей қос ұстаздан тәрбие алып ән айтуда Жетісу мен Арқа мектептерінің қыры мен сырын жетік меңгерген кәсіпқой әнші Мырзахмет ағамыздың арындап тұрған шағында біздің ауылға концерт қойып келген кезінде алғаш көруім 40 жылға жуық уақыт өтсе де әлі есімде. Менің болашақта әншілік өнері жолын таңдауыма жолашар болған сәт еш ұмытылмақ емес.
1978 жылы Фрунзе (Бішкек) қаласында өткен Бүкілаймақтық байқауда лауреат атанды. Сол жылы Қазақ телевизиясы түсірген Әміре Қашаубаев туралы телеспектакльде Әміренің барлық әндерін орындап, көпшілік ілтипатына бөленді. Әміренің көзін көрген, дауысын естіген замандастары – академик Әлкей Марғұлан, жазушы Сапарғали Бегалин, ҚСРО халық әртісі Серке Қожамқұлов, көптеген басқа да әншілерді тыңдап: «Осы жас әншінің дауысы ғана келеді екен», – деп таңдап алған еді.
1980 жылы Әміре Қашаубаев атындағы Республикалық халық әндерін орындаушылар байқауының Бас жүлдесін жеңіп алды. Байқау Алматыдағы Жамбыл атындағы филармонияда өтті. Ол кезде менің студент кезім еді. Зал толы адам әр облыстан келген әншілердің әндерін тыңдап, өздерінше баға беріп отырған кезде сахнаның түпкірінен айғайға басып бүкіл әлемді көшірердей асқақ биік дауысты әнші шыға келген кезде залда отырған үлкен қариялар: «Міне, нағыз Әміре сияқты әнші, міне, Бас жүлдені алатын әнші», – деп әділқазылардан бұрын-ақ жоғары бағасын беріп жатты. Мен баяғы ауылдағы концертте көрген ағамызды бірден танып, әнді бұрыңғыдан да керемет айтатынын естіп, көріп бір жағы таңғалып, бір жағы қуанып отырдым.
1980-1993 жылдары «Рауан», «Сарыжазық» ансамбльдеріне жетекшілік етті. «Сарыжазық» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің көркемдік жетекшісі әрі жеке әншісі ретінде өз елімізде және Орта Азия елдерінде өнер сапарларына қатысты. Атап айтсақ, ТМД мемлекеттерінде, Түркия, Қытай, Моңғолия мемлекеттерінде өнер көрсетіп, қазақ өнерін насихаттап, шетелдік көрерменге паш етті.
1993 жылы Еуропада өткен Дүниежүзілік «Достық көпірі» фестиваліне қатысып, лауреат атағын еншіледі және одан әрі Еуропаның Германия, Австрия, Франция, Бельгия, Испания сынды 17 мемлекетін концерттік бағдарламамен аралады. Сол концерттік сапар кезінде Германияның Гамбург қаласында Елбасының жарлығымен «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі» құрметті атағы берілді.
2001-2012 жылдары Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясында қызмет атқарды.
Бүгінгі күні қазақ радиосының «Алтын қорында» Мырзахмет Мұқамановтың орындауындағы барлық әндер сақтаулы тұр.
1993 жылдан бері Тәуелсіз Қазақстанда ел игілігі үшін өнер саласында 30 жыл аянбай еңбек етті. Құрметті демалысқа шықса да қарап отырмай, Текелі қаласында бүлдіршіндер мен жастарға домбыраға қосылып ән салудың қыры мен сырын үйретіп, дәріс берді.
Ешкімді үлкен-кіші деп бөле-жармайтын баладай ақкөңіл, ақжарқын, бәрімізге сыйлы қазақтың дәстүрлі әншілік өнері тарихында өз орнын ойып тұрып алған, ешкімге ұқсамайтын Әміренің даусындай асқақ дауысты ағамыздың өмірден өткеніне, міне, қырық күннен асқан екен. Аяулы әншінің асқақ үні, жарқын мінезі, жақсы істері өз замандастары мен шәкірттерінің, туыстары мен бауырларының, ел-жұрттың мәңгі естерінен кетпек емес.
Ағамыздың жатқан жерін жайлы, топырағы торқа, иманы жолдас, жаны жаннатта болсын деп тілейміз.
Абылайхан ҚАРМЫСОВ,
облыстық Дәнеш Рақышев атындағы филармонияның әншісі





