Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құтқарушылардың кәсіби мерекесі қарсаңында қызметтік борышын атқару барысында ерлік пен жанқиярлық танытқан азаматтарды марапаттады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Марапат иелерінің қатарында 2021 жылы Байзақ ауданындағы әскери бөлімнің қару-жарақ қоймасындағы жарылыстан кейін өртті сөндіруге және апат салдарын жоюға белсене қатысқан Шынболат Әзімбаев бар. Ол бүгін Сағадат Нұрмағамбетов атындағы І дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
Шынболат Әзімбаев – Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасының жедел кезекшісі. Ол азаматтық қорғау органдарында 2007 жылдан бері қызмет етіп келеді.
Қызмет барысында өзін еңбекқор, тәртіпті әрі жауапкершілігі жоғары қызметкер ретінде танытқан. Ол бірнеше рет ірі өрттерді сөндіруге жетекшілік еткен.
Мәселен, 2025 жылғы 7 қыркүйекте «Астана» шағын ауданындағы тұрғын үйде болған өрт кезінде 20 адамды, оның ішінде 10 баланы эвакуациялауды ұйымдастырып, үш кішкентайды жеке өзі құтқарып қалған.
Сол жылы 9 қыркүйекте «ЖамбылПолимер» зауытындағы өрт кезінде жалынның газ-бутан баллондары мен өндірістік ғимараттарға таралуына жол бермеді. Бұл ықтимал жарылыстың алдын алуға мүмкіндік берді.
Ал 2021 жылғы Байзақ ауданындағы жарылыс кезінде Әзімбаев алғашқылардың бірі болып оқиға орнына жетіп, тұрғындарды эвакуациялап, жарақат алғанына қарамастан зардап шеккен әріптестерін құтқарған.
Шынболат Әзімбаев – қол күресінен спорт шебері, дзюдодан спорт шеберлігіне үміткер. 2018–2021 жылдары Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлері арасында қол күресінен Қазақстанның бес дүркін чемпионы атанған. Сонымен қатар ол ҚР ТЖМ-нің 30 жылдығына арналған ерекше автобус аялдамасын орнату идеясын ұсынған бастамашы ретінде де танылған.





