Айдынында ақ шағаласы қалықтаған, суына шомылудан жұрт жалықпаған Алакөлдің атағы, өз елімізді айтпағанның өзінде, шекарамыздың сыртындағы біраз жұртқа мәлім. Бұл сөзіме жазғы маусымда Жетісудың жауһарына айналған айдын көлге жан-жақтан келушілер қатарының көптігі дәлел. Жалпы ауданның тыныс-тіршілігі, елдің әлеуметтік жағдайы, ауыл шаруашылығы саласындағы ахуал, туризмнің дамуы, мектеп, денсаулық, мәдениет әлеміндегі жаңалықтың бәрі-бәрі ата басылымның назарынан тыс қалған емес. Жетістігін желпінте жазсақ, кемшілігіне де кеңдік көрсетпей, сын садағына іліп тұратынымыз рас.
«Балапанды күзде санайды» деген тәмсіл бар. Күз – береке айы, молшылық маусымы. Ащы тердің тәтті жемісін көретін мезгіл. Қамбасы дәнге толған ағайынның тән азығымен қоса жан байлығына да көңіл бөлер сәті осы – күз! Ал жан азығы – оқу! Сол азықты алу үшін әлемді айнадан көргендей алдыңызға жайып салатын алақандай телефонға телміріп отырғаннан көрі ағаштан өңделіп, қағазға айналып, алдыңызға асыл қазына болып келген кітап, газет, жорналдан оқығанға не жетсін, шіркін?! Ащы да болса ақиқат, біз айтып отырған қағазға түскен дүниені құшақтап өскен аға буын болмаса, қазіргі толқынның санасын ғаламтор торлап алғаны ақиқат! Дейтұрғанмен, «өзі бір күндік, сөзі мың күндік» болған газет жұмысы бүгін-ертең тоқтай қоймайтыны да шындық. Осы сеніммен дәстүрімізден жаңылмай келер жылға жазылу науқанын біз де бастадық. Кез келген саланың дамуына үлкен қолдау керек екені әмбеге аян. Сол сияқты басылымның да бұқарамен байланысы тұрақты болуы үшін қолдау қажет-ақ. Ол үшін жергілікті жердегі оқырманымыздың белсенді болғанына не жетсін?! Ал белсенділік сол өңірдің тізгінін ұстап отырған билік басындағы басшылардың бойынан табылса құба-құп! Жасыратыны жоқ, облыс бойынша ата басылымның оқырманы көп өңір – осы Алакөл ауданы. Бір жағы, сол қолдауларына алғыс айта келіп, екіншіден, бағытынан жаңылмай биыл да бізбен бірге болса деген ниетпен Алакөл ауданының әкімі Алмас Абдиновпен кездесіп, сыр-сұхбаттасып қайттық. «Билікте отырмын – биікпін» демей қазақы қонақжайлықпен қарсы алып: «Ең алдымен, ауданымызға арнайы ат басын бұрған ата басылымға алғысымды білдіремін», – деген Алмас Сапарғалиұлы аграрлы өңірдің күзгі науқандағы атқарып жатқан жұмыс барысымен әңгімесін жалғастырды:
– «Егін ору мен дәнді дақылдарды жинау науқанын аяқтадық. Қамбамыз дәнге толды десек те болады. Алдымызда қант қызылшасын уақытында жинап алу міндеті тұр. Кезінде Алакөл ауданының аты да, даңқы да осы қант қызылшасымен шыққан. Былтыр 600 гектарға ексек, биыл жер ауқымын кеңейтіп, 800 гектарға ектік. Тәтті түбірді жинау науқаны басталып та кетті, алғашқы қарқын жаман емес. Мол өнім аламыз деген сеніміміз де бар. Өйткені биыл қытайдың жаңа технологиясымен тамшылатып суару әдісін енгіздік. Су арнайы құбырға орнатылған лента арқылы жер астындағы әр дақылға жеке-жеке тамшылап тұрады. Бұл әдіс күн ыстық болғанымен үнемі ылғалды ұстайды әрі арамшөптердің өсуіне жол бермейді. Аудандағы ірі шаруа қожалықтарының бәрі осы технологиямен суарып шықты. Нәтижесі оң әрекеттің жемісі де мол болады деп сеніп отырмыз.
Алакөл – туризмнің тірегі. Биыл жазғы маусымда айдынды көлге аз адам келген жоқ. Туристердің жайлы демалып қайтулары үшін көрсетілген қызмет түрлеріне бірі алғыс айтып жатса, бірі кемшілігін де көрсетті. Әлеуметтік желідегі сын-пікірлер қаншалықты рас екенін әкімнің өз аузынан естігенді жөн көріп, әңгімеміздің ауанын осы бағытқа қарай бұрдық.
– Биылғы жазғы маусымда Алакөлге 1,8 млн.-нан астам турист келді. Оларға көрсетілген сервистік қызмет түрлері жыл сайын жақсарып жатыр. Демалушылардың көбі қызмет сапасына оң бағасын беріп, қайта келуге ниеттерін білдіруде. Алайда әлеуметтік желі арқылы келеңсіз әңгімелер айтылғанымен бәрін де растай алмаймыз. Қанша адам демалуға келсе соншама көзқарас, соншалық пікір болады. Жалпы әр маусымда көл жағалауын қоқыстан тазарту, күтіп ұстау жергілікті атқарушы органның басты назарында. Биылғы жылы көл жағалауына 220 қоқыс контейнері мен қоқыс жәшігі қойылды. Ақши, Көктұма көл жағалауына 26 модульдік қоғамдық дәретхана, 14 киім ауыстыратын орын орнатылды. Соның өзінде көптің көңілінен шығу оңай болмай тұр. Шынын айтқанда, қоршаған ортаның тазалығы – әр адамның ішкі мәдениетінің жемісі. Аудандық жастар саясаты, «Жасыл ел» еңбек жасақтары аптасына 2 рет көл жағалауында «Taza like», «Таза жаға» акциясы мен рейдтік шаралар ұйымдастырумен қатар, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тазалық мәдениетіне шақырды. Соның өзінде тұрмыстық қалдықтарды арнайы қоқыс жәшіктеріне тастамай, жағалауға жақын орналасқан сәкілердің астына тығып кетеді. «Қоғамдық дәретхана жоқ» деп шу шығарады. Жоқ емес – бар! Бірақ біз оларды тура жағалауға әкеліп орнатпаймыз ғой. Жағалаудан қанша метр қашықтыққа орнату керек екені де заңмен белгіленген. Соған баруға ерінеді де аттандап шыға келеді. Бір ғана мысал айтайын, Ақши демалыс аймағында ірі демалыс нысандары мен шағын үйлер де бар. Ірілеріне рахмет, аулаларына арнайы қоқыс жәшіктерін қойып, тазалықтарын өздері қамтамасыз етеді. Ал енді көше бойына орналастырған қоқыс жәшіктер кешкі мезгілде толығымен тазартылады. Таңғы бесте шомылуға бара жатқандар қоқыс тола жәшіктерді суретке, видеоға түсіріп, таң атпай мынандай қоқыс, неге тазартпайды, әлгі «әкім қайда қарап отыр?» деген сияқты әңгімелерді әлеуметтік желіге салып жібереді. Ал оған кінәлі жағалаудың тазалығына жауапты мекеме емес, түнгі уақытты пайдаланып, өз ауласындағы қоқыстармен толтырып тастайтын шағын үйлердегі ағайынның әрекеті. Сосын біз кінәлі болып шығамыз. Негізі, жоғарыда айтқанымдай, тазалық әр адамның ішкі мәдениетінен басталуы керек!
Тағы бір айта кететін мәселе, – көл жағалауындағы демалыс орындары кәріз жүйесімен толыққанды қамтылады. Оған республика қаражаты есебінен 2020 – 2022 жылдары І кезеңде тәулігіне 6,5 мың м3 кәріз жүйесін тазарту құбырлары салынды. Жобаға толықтырулар енгізіліп, 2025 жылы ІІ кезең бастау алып, аталған нысанда кәріздік тазарту қондырғысының құрылысы жүргізілді. Ал 2026 жылы нысанды іске қосуды жоспарлап отырмыз. Алакөл демалыс аймағындағы демалыс орындарының кәріз қалдықтарын арнайы тазартудан өткізіп, суды егін шаруашылықтарына қолдану жоспарда бар. Туризмді дамытудың тағы бір маңызды жаңалығы – көл жағалауын бекіту жұмыстарының басталғаны. 13,5 ша-қырымды құрайтын құрылыс жұмыстары қазіргі таңда Көктұма ауылының Есқара жағалауында, Ақши ауылының сол жағалауында қарқынды жүруде. Мердігер компания «Қаратас-Майнинг» ЖШС-і қолға алған жоба республикалық бюджет есебінен жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарының уақтылы және сапалы аяқталуы өңірдің туристік әлеуетін арттыруға үлкен үлес қосады деп сенеміз. Бұл шаралар туристердің жайлы демалысын қамтамасыз етуге және өңір экономикасын дамытуға оң әсерін тигізетіні анық.
Әкім кітап оқыса…
Әр сауалдың аясында біраз сандарды сөйлеттік. Енді бір сәт сандар шиырлаған сананы руханият әлеміне, яғни кітап оқу мәдениетіне қарай бұрдық. Алмас Сапарғалиұлы кітап оқып өскен буынның қатарынан болғанын мақтанышпен атап өтіп: «Ең алғаш бала кезімде Қасым Қайсеновтің «Партизан жазбалары» кітабын оқығаным есімде. Былай басталушы еді ғой» – деп алғашқы сөйлемін айтып берді. Тіліміз таңдайымызға жабыса таңғалмасақ та, әкімнің әңгімесі әдемі әсер қалдырды. Ары қарай Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділерінен» бастап, біраз автордың кітаптарын атап және арасындағы оқиға желісін де айтқаны кітап оқыған буынның өкілі екеніне сендірді. «Мені кітапқа машықтандырған мамам. Екеуіміз жарыса оқитынбыз. Кейде тіпті, таласып қалмау үшін бір автордың екі кітабын бір-ақ алатынбыз» деп анасына алғысын білдірген ұл аяулы жан қазір көзінің нашарлауына байланысты аудио кітаптарды тыңдайтынын айтып, кітапқұмар анасына деген перзенттік сезімін де білдірді. Қазіргі таңда кітап оқуға қарбалас жұмыстың қолбайлау болып жүргенін, орайы келгенде бір қарап шығатынын да жасырмады.
Кітап оқыған әкімнің газет оқымауы мүмкін бе?! «Мүмкін емес-ау» деген ой санамызға сәуле түсірген сәтте басылымға жазылу науқанында қолдау көрсетіп жіберуін сұрадық. Анасымен жарыса кітап оқыған басшы аудан тұрғындарын газетке жарыса жаздырып жібермесе де Алаш арыстарының ізі қалған ата басылымға оң көзімен қарайды-ау деген сеніммен қабылдауынан шықтық. Сенімімізді селге кетірмес!
Ел Президенті биылғы Жолдауында: «Елімізге қомақты инвестиция тарту керек. Қазір дүниежүзінде инвестицияға талас күшейіп барады. Жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет. Инвестиция тарту – орталық атқарушы органдардың ғана міндеті емес. Осы маңызды жұмысқа жергілікті билік те атсалысып, бәрі жұмыла жұмыс істеуге тиіс. Әкімдердің аймақтағы инвестициялық ахуалға тікелей жауапкершілігін белгілеу керек», – деп ерекше атап өткен еді. Аудан аумағына инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар жайлы білу біз үшін ғана емес, оқырманға да керек дерек. Көлге қатысты әңгімеміздің арнасын енді инвестицияға қарай бұрдық. Аудан әкімі сөзін қант қызылшасына қатысты шағын ғана инвестициядан бастап, ары қарай өрбітті:
– Жоғарыда қант қызылшасын тамшылатып суаруға арналған құрылғы жайлы айтып өттім ғой. Сол құрылғыға пайдаланатын ленталарды қайта өңдеп шығару цехын орнатып жатырмыз. Қытай технологиясымен жасалған шағын цехты осы ауданның азаматтары іске асырады бұйырса. Ал енді ірі инвестиция туралы айтсам, ауданымызға отандық және шетелдік инвесторларды тарту бағытында жұмыстар жүріп жатыр. Инвестиция туралы айтылған соң нақты ақпарат болуы үшін сандарды да сөйлете кетейін. Соңғы 3 жылда ауданға 309,5 млрд. теңгенің инвестициясы тартылды. Оның ішінде жекеменшік бағытта 249,3 млрд. теңге. 2022–2024 жылдары жалпы құны 90,6 млрд. теңге болатын 30 жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 276 жұмыс орны құрылды. Ағымдағы жылы жалпы сомасы 1,6 млрд. теңгені құрайтын 2 ірі жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз. Бұл 64 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, өңірімізде инфрақұрылымдық жобалар да іске асырылуда. Әсіресе туризм, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі және логистика салаларына инвестиция тарту негізгі басымдықтардың бірі. Ол үшін инвесторларға жер телімдері, инженерлік желілер мен салықтық жеңілдіктер ұсынылуда. Нәтижесінде ауданда жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті халықтың әл-ауқаты жақсаратынына сенім мол. Қазіргі уақытта Алакөл ауданында туризм, ауыл шаруашылығы мен вагондар жөндеу депосының құрылысына бағытталған 9 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жұмыстың жүйелі жүруін қадағалап, игілігін ел көретіндей деңгейге жеткізуіміз керек.
ИНВЕСТИЦИЯ – 2025-2034 жылдарға арналған жалпы инвестициялық пул 51,5 млрд. теңге көлеміндегі 9 жобаны қамтиды, нәтижесінде 570-тен астам жаңа жұмыс орны құрылады.
ТУРИЗМ – Биыл жазғы маусымда Алакөлге 1,8 млн. астам турист келді. Көл жағалауында 2,400 млрд. теңгеге 17 нысан іске қосылып, 51 жұмыс орны ашылды. Жоңғар Алатауы ұлттық паркіне 2138 турист келді. Келген туристер атпенен тауда саяхаттап, Жасылкөлге дейін барып қайтты.
ЖЕР – ЕЛ БАЙЛЫҒЫ – 2022 – 2025 жылдар аралығын- да ауыл шаруашылығы мақсатында 106,4 мың гектар мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның 32,9 мың гектар жері қайта айналымға енгізілді. Жыл басынан 7 ауылдық округтен 21 375 гектар жер конкурспен өткізіліп, ауыл шаруашылығы субъектілеріне табысталды.
ИНТЕРНЕТ – «Ауылдық елді мекендерді талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша кеңжолақты интернетпен қамтамасыз ету» жол картасының жобасы аясында аудандағы интернет желісі нашар немесе жоқ 23 елді мекенді талшықты-оптикалық байланыс желілерімен қамтамасыз ету жоспарлануда.
Мемлекет басшысының Жолдауда жүктеген міндеттерінің бірі – көлік-логистиканы одан әрі дамыту. Осы орайда ел Президенті: «Автокөлікпен жүк тасымалдауға арналған шекара маңындағы қызмет сапасын жақсартуды Үкімет пен әкімдіктерге тапсырамын. Еліміздің бүкіл аумағында кедергісіз тасымалдау жүйесін қалыптастыру – өте маңызды міндет. Транзиттік жүктердің «жасыл дәліз» қағидасымен еш тосқауылсыз өтуіне барынша жағдай жасау қажет», – деп тапсырма берді. Алакөл ауданы да тоғыз жолдың торабында тұрған өңір. Жол барыс-келістің ғана емес, экономиканың күретамыры десек те болады. Қазіргі әлемге есік ашылған уақытта жолдың сапалы болуымен қатар дұрыс қызмет көрсетуі де аса маңызды. Орайы келіп тұрғанда Алмас Сапарғалиұлынан осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар жайлы да сұрадық.
– Өзіңізге белгілі, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Достық – Мойынты теміржол желісі іске қосылды. Бұл Қазақстанның Қытаймен сауда байланысын одан әрі нығайтумен қатар екі мемлекеттің көліктік-транзиттік әлеуеті үшін өте маңызды. Желі арқылы жүк тасымалын өткізу қабілетін бес есеге ұлғайтып, 12-ден 60 жұп пойызға дейін жеткізеді және жүк өткізу қабілеті жылына 25 миллион тоннадан 60 миллион тоннаға дейін артады. Пойыздардың қозғалыс жылдамдығы мен қауіпсіздігі жақсарып, жүк тасымалы уақыты қысқарып, логистикалық тиімділік жоғарылады. Шекарадағы «Достық» кеден бекетінде заманауи терминалдар мен инфрақұрылым жаңартылып, қызмет сапасы жақсарды. Транзиттік жүктер «жасыл дәліз» қағидасымен кедергісіз өтуге мүмкіндік алды. Бір айта кетерлігі, бұл жоба «Күшті өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына енгізілген. Аталған жоба аудан аумағының 134 шақырымын құрайды. Бұдан бөлек, аудан аумағындағы автожол инфрақұрылымы да жақсарды. Бұл ішкі және халықаралық бағыттарда жүк пен жолаушы тасымалын жеңілдетуге оң әсер етуде.
Ауданда бүкіл шаруа төрт аяғынан тік тұр деп айта алмаймыз. Атқарылған іс аз емес, жетпей жатқан тұсы да баршылық.
Игерілмей жатқан жерді қайтару, оны қайта айналымға енгізу әлі де күн тәртібіндегі маңызды мәселенің бірі.
Ел Президенті жасанды интеллектіні меңгеру заман талабы екенін айтты. Алдағы 3 жылда цифрлы Қазақстанға айналуымыз керек деді. Бірақ еліміздің барлық аймағына ортақ мәселе интернет желісінің қолжетімсіздігі бұл өңірдің де біраз ауылында қордаланып тұр.
Әлеуметтік, білім, медицина саласына мамандардың жетіспеушілігі де жоқ емес.
«Заң мен тәртіп» аясында да атқаратын шаруа шаш етектен.
Жоғарыда ауданның жетістіктерін желпіне айтқанымызбен жетіспей жатқан тұстарына да көз жұма қарауға болмайды. «Көш жүре түзеледі» деп арқаны кеңге салып отыруға тағы да жол жоқ!
Қорыта айтсақ, жалпы Жетісудың жауһарына айналып, айдынды көлімен атағы асқан Алакөл ауданы ел дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан өңір екені рас. Дегенмен, тоқмейілсуге әлі ерте! Өңірдің өркендеуі еліміздің еңсесін тіктеуіне ықпал ететіні сөзсіз. Шекара шебіндегі аудан. Арғы бетінде алып мемлекет. Алыс-беріспен қатар, еларалық тыныштықты сақтау да маңызды. Іргеміз бүтін, ішіміз тыныш болғай!
Жұматай ӘМІРЕ





