Цифрлық технологиялардың, әсіресе жасанды интеллектінің (ЖИ) дамуы – XXI ғасырдың басты феномендерінің бірі. Бұл үрдіс медиа саласын да айналып өткен жоқ. Бүгінде журналистика жасанды интеллектінің көмегімен мазмұн өндірісін жеделдетіп, ақпаратты өңдеу үдерісін автоматтандыру мүмкіндігіне ие болды. Алайда, бұл жетістіктермен қатар белгілі бір қауіптер де қатар жүреді. Осы орайда маңызды сұрақ туындайды: «Жасанды интеллект – журналистиканың болашағына қауіп пе, әлде мүмкіндік пе?»
ЖИ-дің медиаға қосқан үлесі
ЖИ-дің медиа саласына әкелген ең үлкен жаңалығы – жылдамдық пен тиімділік. ChatGPT, Claude, Gemini, Perplexity секілді тілдік модельдер жаңалық мәтінін санаулы секундта жасап шығара алады. Бұл журналистердің уақытын үнемдеп, шұғыл жаңалықтарды тарату жылдамдығын бірнеше есе арттырды. Әсіресе breaking news, аударма, инфографика жасаужәне деректерді талдау секілді техникалық міндеттерді автоматтандыруда ЖИ таптырмас көмекшіге айналды.
Белгілі IT-сарапшы Тимур Бектұр бұл жөнінде былай дейді:
«ЖИ журналистикада ақпарат жинау мен талдау үдерісін жылдамдатады, жаңалықтар жазуды автоматтандырады. Бірақ ол адамның шығармашылық қабілетін алмастыра алмайды. Сонымен қатар жалған ақпарат тарату қаупі де арта түседі. Жалған ақпарат көбіне журналистің жасанды интеллект құралдарына көзсіз сеніп, дайын мәтінді еш тексерместен жариялауынан туындайды. Дегенмен, этикалық және заңдық тұрғыдан сауатты пайдалансақ, ЖИ күнделікті техникалық жұмыстарды жеңілдетеді. Мысалы, семантикалық талдау жасау немесе жаңалықтарды классификациялау сияқты процестерде бұл құралдар үлкен көмек көрсете алады. Ең бастысы – жасанды интеллектіден қорықпай, оны дұрыс қолдана білу керек».
Контент бейімдеу мен мультимедиа мүмкіндіктері
ЖИ-дің тағы бір артықшылығы – аудиторияға бейімделген контент жасау қабілеті. Бір ақпаратты балаларға, жасөспірімдерге, мемлекеттік қызметкерлерге немесе ғалымдарға арналған түрлі стильде ұсынуға болады. Бұл коммуникацияны жеңілдетіп, контенттің қабылдануын жақсартады.
Сонымен қатар, деректер журналистикасы саласында да ЖИ ықпалы артып келеді. Күрделі деректер жиынтығын визуалдау, трендтер мен корреляцияны анықтау үдерісі автоматтандырылып, сараптамалық материалдар дайындау жеңілдеді. Бұл редакцияларға жаңа тақырыптарды зерттеуге және аудиторияны кеңейтуге жол ашып отыр.
«Жетісу» радиосының редакторы Темірлан Айтбаев бұл туралы былай дейді:
«ЖИ біздің ізденіс пен материал әзірлеу барысында үлкен көмек көрсетіп жатыр. Радиода мәтіндерді ықшамдап, тыңдарманға икемдеу, оны әлеуметтік желі талабына сай безендіруде ЖИ таптырмас құрал. Уақытты үнемдеуде де пайдасы зор. Барлық әлеуметтік желілерге арналған материалдарды дайындауда ChatGPT-ге жиі жүгінеміз».
Мультимедиалық контент өндіруде де ЖИ тың мүмкіндіктер ұсынып отыр. Генеративті жүйелер арқылы сурет, видео, аудио және графикалық материалдар жасау журналистиканы жаңа шығармашылық деңгейге көтерді. Бір материалды бірнеше форматта ұсыну — ақпаратты қабылдаудың түрлі жолдарын ашып, аудиторияны кеңейтуге ықпал етуде.
Жаңа дәуірдің медиасы
«Жетісу Медиа» ШЖҚ МКК басшысы Шыңғыс Бозым жасанды интеллект туралы пікірінде былай дейді:
«ЖИ медиасаланы түрлендіріп, жаңа контент жасауға мүмкіндік беретін заманауи құрал. Ол тек ғылымда ғана емес, ақпараттық, шығармашылық, тіпті бизнес процестерінде де кеңінен қолданылып жатыр. Мақала, кітап жазу, фото мен бейнені генерациялау, дауысты синтездеу, музыка жасау немесе визуалды контентті 3D форматында цифрландыру — мұның бәрін ЖИ арқылы оңай жүзеге асыруға болады. Бірақ бұл мүмкіндікті толық пайдалану үшін мамандардың технологияны жетік меңгеруі аса маңызды».
Қауіп пен жауапкершілік
Иә, ЖИ-дің мүмкіндігі мол, бірақ оны тиімді әрі қауіпсіз пайдалану — бүгінгі күннің басты талабы.
ЖИ шындық пен жалғанды ажырата алмайды, сондықтан журналистиканың негізгі қағидасы — сенімділік пен шынайылық — қатерге ұшырауы мүмкін. Егер журналист жасанды интеллект шығарған ақпаратты тексермей қолданса, фейк жаңалықтардың көбею қаупі артады.
Сондай-ақ автоматтандырудың күшеюі жас журналистер үшін жұмыссыздық тәуекелінтудыруда. Кейбір редакциялар мәтінді автоматты түрде жазатын жүйелерге сүйеніп, адам шығармашылығын екінші орынға ысырып отыр. Бұл — журналистиканың адами болмысынан айрылуына алып келуі ықтимал.
ЖИ журналистің орнын баса ала ма?
Қалай десек те, ЖИ журналистің орнын толық баса алмайды. Ол тек көмекші құрал бола алады. Кәсіби журналистің сөз саптауы, логикасы мен ой тереңдігі ешбір жасанды интеллекттің қолынан келе бермейді. Себебі, ЖИ жасаған мәтіндерде біркелкілік, эмоционалды реңк пен стильдің жоқтығы байқалады. Ал шынайы журналист өз мақаласына жан бітіре алады — бұл шығармашылық пен тәжірибенің жемісі.
Этика мен құқық мәселесі
ЖИ-ға қатысты тағы бір өзекті мәселе — этика мен авторлық құқық.
ЖИ арқылы жасалған мәтіннің нақты авторы кім? Авторлық құқық кімдікі? Ал жеке деректердің қауіпсіздігі қалай қорғалады? Мұндай сұрақтар халықаралық деңгейде де, Қазақстанда да нақты жауапты қажет етеді.
«Мінбер» ақпарат агенттігінің бас редакторы Есенгүл Кәпқызы бұл туралы былай дейді:
«Бізде жасанды интеллектіні қолдануға қатысты нақты құжат жоқ. Оны қалай пайдаланамыз, авторлық құқық кімдікі болады деген сияқты сұрақтар ашық күйінде қалып отыр. Осыған байланысты арнайы заң қабылдау қажет. Ал әзірге әр редакция өз ішкі саясатына ‘ЖИ қалай қолданылады’ деген бөлім енгізуі тиіс».
Қазақстандағы бастамалар мен даму үрдісі
Қазақстанда да бұл бағытта алғашқы қадамдар жасалып жатыр.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп «AI Qyzmet» атты жобаны іске қосты. Бұл бағдарлама мемлекеттік қызметкерлерге ЖИ құралдарын тиімді қолдануды үйретуге бағытталған. Мұнда презентация жасау, шешім қабылдау, жоспарлау, автоматтандыру сияқты дағдылар қамтылған.
2024 жылы мемлекеттік секторда ЖИ қолдану бойынша арнайы нұсқаулық қабылданды. Онда ChatGPT секілді жүйелерге тыйым салынбайды, бірақ деректердің қауіпсіздігі мен құпиялылығын сақтау басты талап ретінде көрсетілген. Ал 2025 жылғы мамырдан бастап OpenAI компаниясы Қазақстанда ҚҚС төлеуші ретінде тіркеліп, заңды негізде жұмысын жалғастыруда.
Ұлттық деңгейде де қазақ және орыс тілдеріне бейімделген аудармашы, заңнамалық көмекші және деректер талдаушы жүйелер әзірленіп жатыр. 8 университет пен зерттеу институттарынан құралған консорциум қазір қазақ тіліне бейімделген дербес тіл үлгісін жасау үстінде.
Білім мен кадр саясаты
Білім беру саласы да бұл үдеріске бейімделіп келеді.
Жетісу университеті Гуманитарлық факультетінің деканының орынбасары Айдана Серікболқызы былай дейді:
«Қазіргі таңда жасанды интеллект білім беру үдерісінің ажырамас бөлігіне айналды. Ол студенттердің шығармашылық қабілеттерін дамытып, білім беру сапасын арттыруға септігін тигізіп жатыр. Біз өз жұмысымызда да ЖИ көмегіне жиі жүгінеміз – бұл уақытты үнемдеуге және оқу материалдарын жүйелеуге мүмкіндік береді. Дегенмен, оны дұрыс әрі этикалық тұрғыда қолдану қажет».
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл саладағы кадр тапшылығына назар аударып, жаңа цифрлық технологияларды меңгерген мамандар даярлау қажеттігін атап өтті. Бұл — болашақта Қазақстанның ЖИ саласында өз орнын алуына бағытталған маңызды қадам.
Қауіпсіздік және заңнамалық негіз
Премьер-министр Олжас Бектенов цифрлық трансформация кезінде ЖИ шешімдерінің проактивті әрекет ету қабілетін атап өтті. Ол ЖИ-ді тиімді әрі қауіпсіз қолдану үшін келесі бағыттарды ұсынды:
- Мемлекеттік қызметкерлерді оқыту;
- Халық арасында ЖИ құралдарын дұрыс қолдануды түсіндіру;
- Дерекқорларды ортақ форматқа келтіру;
- Өндірістегі ЖИ жобаларын қолдау;
- Заңнамалық негізді жетілдіру.
Жасанды интеллект – журналистикаға да, жалпы қоғамға да қауіп те, мүмкіндік те әкеледі. Ол қандай рөл атқаратыны – біздің оны қалай және қаншалықты жауапкершілікпен қолданатынымызға байланысты.
Егер біз оны тиімді қолдансақ, ЖИ журналистерді техникалық міндеттерден босатып, шығармашылыққа, терең зерттеуге және талдауға көбірек уақыт қалдырады. Ал егер жауапсыз пайдаланылса – сенімділік, бейтараптық және адамдық фактор сияқты журналистиканың басты құндылықтарына нұқсан келуі мүмкін.
Болашақ – этика мен технологияның тепе-теңдігін сақтауда.





