Облыстық ауыл шаруашылық басқармасының мәліметінше, аталған сауда сөрелеріне аймақтағы аудан-қалалардан жалпы 100 тоннадан астам ауыл шаруашылық өнімдері жеткізілген. Онда күнделікті халық ең көп тұтынатын азық-түліктерден — ет, сүт, құрт, май, қымыз, шұбат, балық, бал және басқа да өнімдер мен жеміс-жидектердің 30-ға жуық түрі бар. Атап айтсақ, мұндағы саудаланған азық-түліктер күнделікті базар бағасынан 10–15 пайызға арзан. Ең бастысы — өнім табиғи әрі таза болуымен құнды. Бұл, біріншіден, қала халқын сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге мол мүмкіндік берсе, екіншіден, бағаның беталды шарықтап кетуінің алдын алуға қолайлы.
— Мұндай шаралардың бүгінгідей қымбатшылық қыспағында халыққа пайдасы зор, әрине. Бүгінгі жәрмеңкеде «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы әкелген өнімдердің бағасы біршама қолжетімді болды. Алайда, өте аз болғандықтан, арзан азық-түлік екінің бірінің қолына тие бермейді. Ал еттің әр келісінің бағасы 3500 теңгеден — бұл бұрын 2000 теңгенің айналасында болған бағамен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Қорытып айтқанда, қазір арзан нәрсе жоқ. Себебі, жанар-майдың бағасы күн санап өсіп жатыр, — дейді қала тұрғындары.
Еске сала кетсек, биылғы жылдың басында Үкімет бензин нарығы еркін айналымға шығады, мемлекеттік шектеу жойылады деп мәлімдеген еді. Сол-ақ екен, бір литрі 205 теңгеден саудаланып келген АИ-92 маркалы бензиннің бағасы күн санап өсіп, әр литрі қазір 241 теңгеге, ал бұрын 230 теңгеден сатылған АИ-95 маркалы жанар-майдың бір литрі 296 теңгеге жетті. Бұл — зат бағасының жаппай қымбаттауымен қатар, жол ақысының да шарықтауына әкеліп соқты.
Айдын КӘЛІМХАН






