Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) жыл сайынғы сессияларына қатысу шеңберінде вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегация Нью-Йорк қор биржасына (New York Stock Exchange, NYSE) барды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Кездесу барысында NYSE стратегиялық операциялар және корпоративтік қатынастар департаментінің басшысы Уилл Гудвин биржаның қызметі мен негізгі бағыттары туралы айтып берді.
NYSE өкілдері Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарын орналастыру мүмкіндігіне, сондай-ақ мемлекеттің қатысуымен жұмыс істейтін ірі ұлттық компаниялардың биржаға шығу перспективасына қатысты сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап берді. Сонымен қатар олар сауда-саттықты ұйымдастыру және эмитенттермен өзара іс-қимыл тәжірибесімен бөлісті.
Сапар соңында қазақстандық делегация сауда залының жұмысымен және биржаның жұмыс істеу тетігімен танысты.
Нью-Йорк қор биржасы (NYSE) әлемдегі ең ірі әрі көне сауда алаңдарының бірі, америкалық және жаһандық қаржы нарығының символы саналады. Ол Нью-Йорктегі Уолл-стритте орналасқан және Intercontinental Exchange (ICE) холдингінің құрамына кіреді. Биржа электронды технология мен дәстүрлі «жанды» сауда жүйесін біріктіретін заманауи экожүйе ретінде жұмыс істейді.





