Қостанайда жаңа KIA Qazaqstan автозауыты іске қосылды, деп хабарлайды 7-su.kz ақпарттық порталы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысушыларды зауыттың ашылуымен құттықтап, бұл оқиғаның елдегі машина жасау өнеркәсібін дамытудағы маңызды қадам екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы 2022 жылы Қостанайға сапары кезінде KIA Sportage көлігінің өндірісі басталғанын еске салып, бүгінде KIA Motors корпорациясымен ынтымақтастық аясында толыққанды зауыттың ашылғанына назар аударды.
– «Бұл – Қазақстан мен Корея арасындағы стратегиялық серіктестіктің нақты нәтижесі. Қазір елімізде Кореяның 800-ден астам компаниясы жұмыс істеп жатыр. Соның ішінде автокөлік жасау саласындағы серіктестік өзара тиімді ықпалдастықтың айқын үлгісі. Бүгін ашылып отырған зауыт – соның дәлелі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент KIA Corporation президенті Хо-сунг Сонгқа және компания басшылығына атқарған еңбегі үшін алғыс білдіріп, оны ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
Әлеуметтік жауапкершілік пен кадр даярлау – басым бағыт
Мемлекет басшысы KIA компаниясының әлеуметтік жауапкершілікке баса мән беріп, адам капиталын дамытуға инвестиция салып келе жатқанын атап өтті.
– «Компания Қазақстан мен Корея университеттерімен ұзақ мерзімді әріптестік орнатып, корпоративтік оқу орталығын ашуды жоспарлап отыр. Бұл еңбек адамына құрмет пен әділдік құндылықтарын нығайтады», – деді Президент.
Зауыт өндіріс локализациясына назар аударып, қазақстандық үлесті арттыруға бағытталған. Сарапшылардың бағалауынша, зауыттағы әр жұмыс орны логистика, сервис және инфрақұрылым салаларында қосымша бес-алты жұмыс орнын ашуға ықпал етеді.
– «Бұл – жай ғана өндіріс емес, толыққанды өнеркәсіп кластерін қалыптастыруға бағытталған қадам. Мұндай тәсіл шағын және орта бизнестің дамуына мүмкіндік береді», –деді Тоқаев.
Автосалаға инвестиция артып келеді
Президенттің айтуынша, өткен жылы машина жасау саласына 290 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылған, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда екі жарым есе көп.
–«Жыл басынан бері бұл салаға 178 миллиард теңге бағытталды. Өткен жылы елімізде 145 мыңнан астам көлік өндірілді. Астана, Алматы, Семей, Орал, Көкшетау, Қостанай және Саран қалаларында автозауыттар жұмыс істейді. Жалпы, салада он мыңнан астам адам еңбек етуде, олардың жартысына жуығы жастар», – деді Мемлекет басшысы.
Қостанайдағы жаңа зауытта 1500 адам жұмыс істейді. Президенттің айтуынша, кәсіпорын болашақта инженерлер мен мамандарды даярлайтын заманауи орталыққа айналмақ.
Автонарыққа жаңа мүмкіндік
Мемлекет басшысы автокөлікті халыққа қолжетімді ету бағытында Үкіметке нақты тапсырма берілгенін еске салды.
– «Жақында азаматтарға автокөлікті лизинг арқылы алу мүмкіндігі ұсынылады. Бұл халыққа көлікті қолжетімді етуге жол ашады. KIA Qazaqstan зауытының іске қосылуы саладағы технологиялық жаңғыруға серпін береді. Кәсіпорын болашақта жаңа көлік түрлерін шығарып, экспортқа шығу мүмкіндігіне ие болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
KIA Qazaqstan зауыты туралы
KIA Qazaqstan зауытын салу туралы шешім 2023 жылы қабылданған. Кәсіпорын Қостанай қаласының индустриялық аймағында, 62,95 гектар аумақта орналасқан. Зауыттың жылдық қуаты – 70 мың көлік, ал инвестиция көлемі – 131,5 миллиард теңге.
Зауыттың өнімі Қазақстанмен қатар Орталық Азия және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің нарықтарына экспортталмақ.





