Қою түннің қақ ортасында қамданған ата басылым журналистері күре жолға «Сәтті сапар болғай» деп түскенбіз. Үш жарым сағаттан кейін жазиралы мекеннің орталығы саналған Жаркент қаласына табан тигізіп, алғашқы жылы жүздесуде Панфилов ауданы әкімінің жұмыс кабинетінен бастадық. Төртінші билік өкілдерінің аз-кем күткенін қолайсыз көрді ме, аудан әкімінің баспасөз хатшысы: «Марат Рахымбердіұлы таңғы 6.00-ден ауыл-ауылды аралап кетеді. Жұмысы солай басталады. Елдің жай-күйінен хабардар болып, әрбір шаруашылыққа бас сұғып, тіршілігі қайнаған өңірдің жетекші салаларындағы дүниелерді көзбен көргеннен кейін ғана кабинетіне келеді», – деп жылы жымиды.
ШАРУАШЫЛЫҒЫ ШАЛҚЫҒАН
«Баспасөз хатшысының бұл уәжі – ақталғандық» десек асылық болар. Таңнан ел аралап кетер іскер басшының бұзылмас қағидасындай жұмыс тәртібіне сүйсіндік. Әкім жылы бөлмеде отырғанда емес, елдің ішінде, желдің өтінде жүргенде ғана жұмысы табысты, жоспары тиянақты болмақ. Азаннан тұрып, жұмыс барысының басын бір қайырып келген Марат Сағымбекұлы баспасөзге жазылу науқанына орай арнайы келген ата басылым «Jetisý» газетінің журналистерін жылы шыраймен қарсы алғаннан кейін бірден күзгі жиын-теріннен бастады.
– Биыл 23,4 гектар жерге жүгері еккенбіз. Негізгі дақылымыз саналған дала аруының өнімі былтырғыға қарағанда жақсы. Орташа 75 центнерден айналуда. Қарашаның басына дейін жүгері толығымен жиналып, қамбаларға түседі деп отырмыз. Былтыр өзекті болған өнім бағасы биыл елге тиімді. Өткен жылы 45-50 теңгеден айналса, биыл зауыттар диқандардың өнімін 90 теңгеден қабылдауда. Мұның сыртында 5 теңгені апарып бергені үшін тағы да қосымша төлеуде. Оған қоса, бұрында 6 теңге болған субсидияға облыс әкімінің қолдауымен тағы 6 теңге қосылды, – деген Марат Рахымбердіұлы аудан шаруаларының көңілі тоғайғанын жеткізді.
Жүгеріні сақтау және құрғату бойынша арнайы жұмыстар жүргізілгенін тілге тиек еткен аудан әкімі, бұл бойынша 2 қойма жұмыс істеп отырғанын айтты, әр қоймада 25 мың тоннаға дейінгі өнім сақталады екен. Мұны іскер азаматтар қолға алған. Есесіне елдің еңбегі күйіп кетпей, керісінше мол өнімді сақтау арқылы екі есе бағаға өткізуге мүмкіндік туып отыр. Мәселен, өткен күзде 60 теңгеден болған дала аруының өнімін сақтау арқылы биыл сәуір айында 120-140 теңгеге өткізген азаматтардың қарасы едәуір.
Бұдан бөлек, аудан шаруалары тамшылатып суару технологиясына да біртіндеп көшіп жатқан көрінеді. Бұл туралы Марат Сағымбек: «Қытайдың тамшылатып суару технологиясына көшудеміз. Бүгінде аудандағы 6 мың гектар жерге тамшылатып суару технологиясын енгіздік. Бұл дегеніміз – суды үнемдеп қана қоймай, әр егістіктен 100 пайыз өнім алуға кепілдік беретін әдіс, заманауи жетістік деген сөз. Сондықтан да қымбатқа түсетін Грузия мен Түркияның емес, 2-3 есе арзан іргедегі Қытайдың технологиясына иек арттық. Әрі бұзылып қалған жағдайда қосалқы бөлшектерін іргеден ала салуға болады», – дейді. Оған қоса, Қытаймен екі жақты келісім орнапты. 2026 жылдан бастап көршілес елдің тамшылатып суару технологиясының бұйымдары Жаркенттен жасалып-шығарыла бастайды.
ЖҰМЫССЫЗДЫҚ ЖОҚ
«Заман турдырған технология жемісі жұмысты жеңілдеткенімен, жұмысшы күшіне де мән беруіміз керек. Азаматтарды жұмыспен қамту жағы қалай болып жатыр?» деген заңды сауал да көкейімізге қона кетті. Ата басылымның бас редакторы Жұматай Оспанұлы қойған бұл сұраққа аудан әкімі толыққанды жауап берді.
– Бізде жұмыссыздық мүлдем жоқ деуге болады. Керісінше жұмыс күші қажет. Құрылғанына биыл 10 жыл болған Құрғақ портта теміржолдың тағы 10 желісін салды. Бұған 100 адам жұмысқа қабылданып жатыр. Оған қоса «Кедентранссервис» деген үлкен компания бар. Мұнда жаңа жұмыс орындары ашылып, есесіне 100 адамдық еңбек күші қажет болып тұр. Мұның сыртында құрылыс жұмыстарының қарқын алғанына байланысты да азаматтарға жұмыс жетерлік. Берік Оразбаев деген іскер азамат «Лукойл» жанар-жағармай орталығын ашқан. Мұнда жүргізушілердің көлік тұрағы, қонақүй, техникалық орталық, асхана секілді қажетті дүниелердің бәрі қамтылған, – дейді.
Қорғас пен Шелек ауылына дейінгі аралықта бір ғана жанармай бекеті бар. Алайда жолдың оң жағында бірде-бір аялдайтын орын, жанармай құятын бекет жоқ екен. Қытай халқының мерекесі қарсаңында кеден маңында жүк көліктерінің кезегі көбейіп, кептеліс ұлғаяды. Сондай жағдайда жүргізушілердің көлігін тұраққа қойып, асханадан ыстық тамақ ішіп, шекара ашылғанша аял қылатын қонақүй, техникаларын тексерістен өткізетін орталық қажеттігі туындайды. Сол бағытта ауданның іскер азаматтары арнайы тапсырма алып, негізінде жақын арада «Лукойл» орталығы іске қосылмақ.
ИНВЕСТИЦИЯ – ЕЛ ИГІЛІГІ
Ел экономкасының игілікті көзінің бірі инвестиция десек, Панфилов ауданында жеке және бюджеттік инвестиция толық орындалған. Негізінен ауыл шаруашылығымен тірлік кешкен ауданда «Жаркент крахмал-сірне зауыты» ЖШС 150 тонналық сақтандыру қоймасына қосымша тағы сондай қойма салған. Бұл ауыл шаруашылығы өнімін сақтауға үлкен мүмкіндік тудырған.
Өз кезегінде шекаралы аймақтың шаруасы шалқып, елге туристердің көп келуіне байланысты асхана мен қонақүй мәселесі де өзекті болып отыр. Бұл жайлы сөз еткен аудан басшысы: «Онсызда облыс бойынша қонақүйі көп ауданға келушілер саны ұлғайды. Орын тапшы. Сондықтан жекеменшік бес жұлдызды қонақ- үйлер, автотұрақтар салынуда», – дейді.
Аудан басшысының айтуынша, құрылыс жұмысы қарқын алған ауданда биылдың өзінде 200-ден астам үй салынған. 14 мыңнан астам азамат үй салу үшін жердің кезегінде тұрса, 5 мың тұрғын баспана бақытына бөленсек деген асыл арман жолында ертеңіне үмітпен қарауда. Жыл сайын мың адамды баспанамен қуантқанымен, өзге жерден қоныс аударғандардың қарасы қалың. Мәселен, ауданға жұмыс бабымен келген 8 дәрігердің 6-уы сырттан қоныс аударғандар. Бұл азаматтарды да баспанамен қамту қажет. Осылай деген Марат Рахымбердіұлы тірлігі жанданған ауданда инвестиция жолға қойылып, жоспарлы түрде іс жүұргізіліп жатыр дейді.
КӨПТІҢ ҚУАНЫШЫ – КӨГІЛДІР ОТЫН
Жалпы, облыс бойынша газбен жабдықтау жұмысы тұрғындардың қуанышын еселеді десек, бұл бағытта да жазиралы мекенде ауыз толтырып айтарлықтай іс тындырылған. Баспасөзге жазылу мақсатында арнайы келген бұл сапарымыза аудан басшысының аузынан барлық мәліметке қанықтық.
Оның сөзінше газбен жабдықтау жүйесі бойынша Жаркент қаласындағы көпқабатты 5 тұрғын үйдің ауласына газбен жанатын блокты-модульді қазандық орнатуға 354,3 млн. теңге бөлінген. 25 ауылда газ жеткізу құбырының және газ тарату жүйелерін жандандыру үшін 5,4 млрд. теңге бөлініп, Қырыққұдық, Ақкент, Надек, Ават, Ынтымақ, Қызылжиде, Ақарал, Сұптай, Аққұдық, Ақжазық, Керімағаш, Сарпылдақ, Әулиеағаш секілді 13 ауылда құрылыс жұмыстары аяқталу сатысында. Сонымен қатар, Тұрпан, Садыр, Сарыбел, Басқұншы 4 ауылға газ жеткізу құбыры мен газ тарату жүйелерінің құрылысын салуға жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Нәтижесінде газға 61,0 мың ауыл тұрғыны қол жеткізеді (бүгінгі таңда Жаркент қаласы бойынша 7130 абонент қосылған).
Айта кетерлігі, газдандыру бойынша аудандағы жұмыстың 85-90 пайызы бітуге таяу қалыпты. Десе де шалғайда жатқан Қоңырөлең, Ынталы, Айдарлы секілді 7 ауылды газға қосу мәселесі экономикалық жағынан қолайсыз болып тұрған көрінеді. Бұлай деген аудан басшысы мұның да мәселесін ойластырып жатқанын жеткізді.
ТАМЫРЫНА ҚАН ЖҮГІРГЕН СҰПТАЙ
Аудан басшысымен алқаусыз сөйлескен жылы жүздесуден кейін ата басылым журналистері қиырдағы ауылға жол алды. Бір кездері болашағы жоқ ауыл санатына еніп, біраз азаматы Нұркент, Жаркент секілді қала мен елді мекендерге қоныстанған Сұптайға ат басын тіреді.
Бүгінде 200-ге жуық отбасы тірлік кешіп жатқан ауылдың тіршілігі қайта жанданды. Азаматтар ағылып өз құтты қонысына оралды. Жаңадан салынып жатқан 120 орынды мектеп құрылысын «Exculsive Project company» ЖШС жүргізуде. Мұндағы жұмыс күшінің дені ауыл азаматтарынан алынғанын да айта кеткен жөн. Сонымен қатар, мамыр айында бастау алған игілікті іс 2026 жылдың ақпан айында толықтай аяқталып, алдағы оқу жылында оқушылар шаттыққа толы көңілмен жаңа алтын ұяда білім алмақ.
Бір кездері сұрқы қаша бастаған Сұптай ауылының болашағы бүр атқан қалпын көріп қуанған ата басылым журналистері өз кезегінде Үлкеншыған ауылында пайдалануға берілген «Келешек» балабақшасына, «Лукойл» жанар-жағармай орталығына арнайы барып, тынсы-тіршілігімен танысты.
Арнайы барған сапарымызда жазиралы өңірдің тіршілігінің жанданып, елі күнін еңбекпен өткеріп жүргенін көзімізбен көріп, ризашылық көңілмен Талдықорғанға бет алдық.
ГАЗЕТ – ХАЛЫҚҚА ҚАЖЕТ
Таңнан тұрып ел аралап кететін іскер басшының негізгі айтқандарын тыңдап, соны қаз-қалпында жазуға тырстық. Баяндама, қорытынды деген дүниелер мен сандардан қаштық. Әйтпесе, тоғыз айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының өнімі 2,0, өнеркәсіп өнімі 9,5, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 39,0, құрылыс жұмыстарының көлемі 42,4 пайызға жеткенін, басқа да салалардың игілікті көрсеткішін баяндауға негіз бар.
Істелген іс пен жетістік туралы еркін әңгіме үстінде «Jetisý» газетінің бас редакторы Жұматай Әміреев рухани құндылық, адам өміріндегі кітап пен газеттің маңыздылығы туралы сөз қозғады. Жасанды интеллект заманында адам өзінің рухани өрісін білімнен алатынын, газет өз өміршеңдігін сақтап қалуы қажеттігін бас айтты. Шекаралы ауданның тізгінін ұстаған Марат Сағымбектен газетке деген көзқарасын сұрады.
«Газет – өте қажет!» – афоризмге айналуға сұранып-ақ тұрған сөзбен толғамын бастаған аудан әкімі: «Қазір жасыратыны жоқ, телефон, технологиялық жетістіктер адамға, әсіресе балаларға қиын тиіп жатыр. Заманға ілес, уақыт тудырған игілікті пайдалан! Десе де білімнің бастауы болған кітап оқуға, газет-журналға зер салуға да арнайы уақыт бөл. Кітап оқысаң жаның сергиді, миың демалады. Күйбең тірліктен бір сәт бой суытып, басқа әлемге еніп кетесің. 1 сағат кітап оқығанның өзінде миым сергіп қалады. Өткенде Гүлбақыт Қасеннің «Баркөрнеу» кітабын жолда көлік селкілдесе де оқып, проблемалардан арылып, сәл болса да ойым басқа жаққа ауды. Рухани тыңайып қалдым. Газет те сол сияқты. Газет – өмірімізге аса қажет», – деп толғана келе бүгінде есті азаматтардың дені кітапқа ден қойып жатқанын, мәселен Айдос Ербосынұлы секілді спортта жүрген жігіттер кітап жазып жүргенін жеткізді. Рухани өрісін кеңейткен Демеу Жадыраев секілді балуандармен 1 сағат сөйлескеннің өзі ғанибет екенін де атаусыз қалдырмады. Білімге бас қойған кәсіпкерлердің өзі «Келешек мектептері» секілді ұрпақты құндылыққа негіздейтін нысандар салуға ынталы болып жатқан уақытта газеттің елдік мұратқа жұмылдырып, ғасырлар бойы атқарған миссиясын одан әрі де жалғайтынына бек сенімді екеніне ерекше тоқталды. Сонымен қатар, ата басылым «Jetisý» газетіне көңілі оң екенін, қашанда қолдайтынын да тілге тиек етті.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ





