Халқымыздың ежелден сүйгіне сіңіп, қанына тараған асыл қасиеттері аз емес. Өткеннен өнеге алып, өмірден өрелі ой түйген ата-бабалар жаратылыс заңдылықтарының өзін қалыптасқан дағдыға сай тура бағамдап, ақиқатына көз жеткізіп келген.
Бүгінде көненің көзі, дананың сөзі болып бізге жеткен ұлт құндылықтарының орны ерекше. Мәселен, ұлтымыздың ескіше жыл санауы бойынша, әр жылдың тышқан, сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз сынды атаулары мен орналасу тәртібіне қарай ғасыр жасаған адамның жасын тура есептеп шығаруға болады.
Көнекөз қариялардың сөзінше, 12 жылда бір айналып келетін жыл атауы әр адамның неше мүшелге толғандығын анық аңғартады. Тіпті, осыдан сан ғасыр бұрынғы ел есінде қалған небір оқиғаларды жұрт осы бір қарапайым әдіс арқылы оның қай дәуірде, қай жылдары болып өткендігін дөп басып айта алады. Мысалға, арысын айтпағанда 1723 жылғы Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама қоян жылына тура келсе, одан кейінгі қазақ халқының басынан өткен ең ауыр күйзелістердің бірі – 1932 жылғы ашаршылық. Бұл оқиға қазыналы қарттар есебінде мешін жылы басталғандығы дәлелденіп, оны ел «Мешін жыл, өтті-ау бастан есіл жыл» м деп еске алған.
Ал, сақталған дағды бойынша жаңа жыл әлем халықтары арасында әртүрлі деңгейде, ондағы жасап жатқан ұлттар мен ұлыстардың салт-дәстүрлеріне сай аталып өтілуде. Мұны христиандықтар Иса пайғамбардың туған күні бірінші қаңтар етіп белгілесе, шығыстағы көрші Қытай елі өздері сенетін Будда дінінің шарттарымен әр жылғы ақпан айының бас шенінде «Шаған» мерекесі деген атаумен тойлайды. Бұл күні олар өздерінің дінбасы Сакиономидың тас және басқа да мүсіндерінің алдына барып шырақ жағып, табынып, еліне тыныштық, халқына береке-бірлік тілейді. Сағат тілі түнгі 12-ні көрсеткеннен бастап әр шаңырақтан аспанға түрлі-түсті отшашулар атып, үш күн бойы сәнді киініп, топ-тобымен жұбын жазбай бір-бірінің жанұясына бас сұғып хал сұрасады. Осыдан арада 15 күн өткеннен кейін Шағанды шығарып салу салтанаты өтеді. Іс-шарада қытайлар арасынан өздерінің ұлттық үлгіде киінген аяқтарына ұзынды-қысқалы ағаш сырықтар жалғаған бір топ кәрі-жас қыз-жігіттер шығады. Олар қала көшелерін бастан-аяқ аралап, дабыл қағып, айдаһар биін билеп, музыка шалып ән шырқайды. Өнерпаздар жүріп өткен жол бойында ораласқан әрбір мекеме, кәсіпорындар оларға лайықты тиын-тебен беріп, мерекенің аяқтау қорытындысына ортақтасады.
Қазақ халқы үшін жылдың басы – Наурыз. Бір жылдағы 12 ай наурыз, көкек (сәуір), мамыр, маусым, шілде, тамыз, қыркүйек, қазан, қараша, желтоқсан, қаңтар, ақпан айлары мен қыс, жаз, көктем, күз сынды 4 маусымға бөлінеді. Күн мен түн теңеліп, жер бетінде тобықтай тоң, теңгедей қар қалмаған Ұлыстың ұлы күнгі думан көпке мәлім. Мұнда жұрт сақталған салт-дәстүр сабақтастығына сәйкес өздерінің ағайын-туыс арасында болған араздықтарды ұмытып, айдан-аман жылдан-есен шыққанын тойлап, көпті береке-бірлікке шақырады. Қар кетісімен әр елдімекен тұрғындары тегіс арық-тоған тұнбалардың көзін ашып, ағаш отырғызып, маңайды күл-қоқыстан тазартады. Сонымен қатар, әрбір отбасында жеті түрлі дәннен наурызкөже дайындалып, мерекені той-думанмен қарсы алып, әркім өз өнерін ортаға салады. Басқосуда қазақтың «Бәйге», «Жорға», «Көкпар», «Балуан түсу», «Қызқуу», «Аударыспақ», «Алтыбақан», «Асық ату», «Ақсүйек» сынды ұлттық ойын түрлеріне ұласады. Дәл осы мезгілден арықарай біртіндеп ұзарған күн маусым айының 22 күні тоқтайды. Одан әрі күндізгі уақыт қайта қысқаруға бет алып, 22 қыркүйекте тағы бір мәрте теңеледі. Мұны жұрт «күн мен түннің күзгі теңелуі» деп атайды. Осылайша тоқтаусыз зымыраған уақыт желтоқсан айының 22 күні уақыттың ең ақырғы қысқарып, тоқтаған сәті болып саналады. Міне, осының барлығының табиғат заңдылығына қарай орналасуы кешегі аттың жалы, түйенің қомында жүріп көшпенді тұрмыс кешірген ата-баларымыздың дала данышпандары атануының айқын айғағы екені даусыз.
Айдын КӘЛІМХАН





