Жетісу облысының мал шаруашылығы саласында 3 мыңнан астам шаруа қожалығы жұмыс істесе, оның 958-і асыл тұқымды мал өсірумен айналысады. Биыл 1 сәуірдегі дерек бойынша өңірдегі малдың саны 2 млн. 572 мың басқа жетті. Соңғы жылдары өндіріс көлемінде де оң өсім байқалып, 2022-2025 жылдар аралығында ет өндірісі 11,6, сүт 5,8, жұмыртқа 7,7 пайызға артты. Биыл мал басын 9,3 пайызға көбейтіп, 120,9 мың тонна ет, 231,9 мың тонна сүт, 350 млн. дана жұмыртқа өндіру жоспарланған. Осы мақсатта жұмыс істейтін жалпы қуаттылығы 29,3 мың басқа арналған 72 бордақылау алаңында 19,7 мың бас ірі қара бордақылануда. Ақсу ауданына қарасты «Құралай» шаруа қожалығы мен «Nat Agro» ЖШС-нің жұмысымен танысу барысында осы жетістіктің нақты нәтижесіне куә болдық.
Саннан сапаға бет бұрған
Ақсу ауданы ежелден мал шар- уашылығына қолайлы өңір. Кең жайылымы, еңбекке бейім халқы, ата- кәсіпті жалғаған шаруалары ауданның аграрлық әлеуетін арттырып келеді.
Аудан көлемінде мыңнан астам шаруа қожалығы бар. Соның 300-ге жуығы ірі шаруашылық санатына кіреді. Биыл аудан бойынша ірі қарадан 36 мың, қой мен ешкіден 160 мыңнан астам, жылқыдан 10 мың басқа жуық төл алу жоспарланған. Қазіргі таңда жоспардың 90 пайызы орындалған. Мал азығы да толық дайындалып, шаруашылықтар қажетті жемшөппен қамтамасыз етілген.
Ұсақ шаруашылықтарды дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Биыл оларды «Береке» және «Игілік» бағдарламаларына қатыстыру, мемлекеттік қолдау мүмкіндіктерін түсіндіру бағытында үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тұрғындар мен шаруалар тарапынан ұсыныстар да түсуде. Негізгі мақсаттың бірі – кооперативтер құру. Осы бағытта биыл ауданда 3 кооператив құрылды.
– Ақсу ауданы облыс бойынша мал саны жағынан алдыңғы қатарда тұр. Қазіргі таңда басты мақсатымыз – мал басын асылдандыру. Яғни, саннан сапаға көшу жұмыстары жүргізілуде. Осы бағытта жүйелі жұмыс істеп отырған шаруашылықтардың бірі Арасан ауылындағы «Құралай» шаруа қожалығы. Негізінен ұсақ мал, қой мен ешкіні асылдандыруға басымдық беріп келеді, – дейді аудан әкімінің орынбасары Ғазиз Есжанов.
«Құралай» шаруа қожалығының іргесін 1996 жылы Тоқан Көлдейбаев пен Марзия Саңлақбаева қалаған. Алғашында 150 бас қоймен басталған шағын шаруашылық бүгінде Ақсу ауданындағы еңселі еңбек ұжымдарының біріне айналды. 2009 жылдан бастап мал шаруашылығы бағыты бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Олар қазақтың қылшық жүнді қойын өсіреді. Қазіргі таңда мұндағы ұсақ мал саны 2730 басқа жеткен.
Шаруашылықта екі бордақылау алаңы жұмыс істейді. Оның жалпы аумағы 3 гектарды құрайды. Атакәсіптің арқауын үзбей, мал шаруашылығын заман талабына сай дамыту қожалықтың басты ұстанымы. Қазақы құйрықты қой өсіруді әкелері бастап берсе, бүгінде кейінгі буын сол істі жалғастырып, шаруашылықтың аясын кеңейтіп келеді.
– Қазақы құйрықты қой өсіруді әкеміз бастады. Біз сол істі әрі қарай дамытып келеміз. Қазір техника толық. Жайылымдық, суармалы және тәлімдік алқаптарымыз бар. Жалпы көлемі 7 мың гектарға жуықтайды. Жыл сайын шабындық шауып, мал азығын дайындаймыз. 500 гектардай жерге арпа, бидай, жүгері егеміз, – дейді шаруашылық жетекшісі Болат Көлдейбаев.
Қожалықта қойдан бөлек сиыр мен жылқы да бар. Мұндағы жұмысты ағайындылар бөліп алған. Әрқайсысы өзіне жүктелген бағытқа жауапты. Бірі шөп дайындау мен жемшөп қорына қараса, енді бірі мал өткізу, нарықпен жұмыс істеу ісін үйлестіреді. Осындай нақты бөлініс пен жауапкершілік ұжымның тұрақты дамуына жол ашып отыр.
Аталған шаруашылық жылына 35 тонна ет өндіруге, 7 тонна жүн дайындауға қауқарлы. Бүгінде мұнда 6 отбасы еңбек етеді. Одан бөлек, маусымдық және қосымша жұмыстарға 15 адам алынады. Ауылдық жерде жұмыс орнын сақтап, тұрғындарды еңбекпен қамту да қожалықтың әлеуметтік маңызын арттыра түседі. Мұнда өсірілген қойлар Өзбекстанға және Біріккен Араб Әмірліктеріне жөнелтіледі. Соның өзі өнімнің сұранысқа ие екенін, малдың сапасы мен күтіміне ерекше көңіл бөлінетінін көрсетеді.
Қожалық мал өсірудің тиімді әдісін қолданады. Бордақылау, күтім жасау, жемшөп дайындау, тұқым сапасын жақсарту бағытында жүйелі жұмыс атқарылуда. Қажетті техника толық қамтылған. Заманауи техника еңбек өнімділігін арттырып, уақытылы шөп шабуға, егін егуге, мал азығын жеткілікті дайындауға жол ашады.
Алдағы уақытта ұжым мал басын одан әрі асылдандырып, ет пен жүн өндіру көлемін арттыруды көздейді. Басты мақсат – сапалы өнім ұсыну, халықты ет өнімдерімен қамтамасыз ету, ауданның ауыл шаруашылығы саласына үлес қосу.
Ет өндірісіне серпін
Ақсу ауданында ауыл шаруашылығы саласына тың серпін беретін жаңа жобалардың бірі жүзеге асырылуда. «Nat Agro» ЖШС ет бағытындағы ірі қара мал өсіру және бордақылау ісін қолға алып, өңірдің аграрлық әлеуетін арттыруға үлес қосуды мақсат етіп отыр. Серіктестіктің мақсаты ең алдымен сапалы ет өндірісін ұлғайтуға, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға және ет өнімдерімен қамтамасыз етуге бағытталған.
Ақсу ауданының орталығы Жансүгіров кентіне орналасқан «Nat Agro» ЖШС мал бордақылау алаңын биыл қаңтар айында іске қосты. Қазіргі таңда бордақылау алаңында 400 бас бұқа бордақылануда. Олар ангус, қазақтың ақбас сиыры, симментал және әулиекөл тұқымына жатады.
Серіктестік иелігінде 9,6 гектар бордақылау алаңы және 160 гектар суармалы егістік жер бар. Бұған қоса шаруашылық аумағында 10 гектар жер қарастырылған. Бұл мал азығын дайындауға, бордақылау ісін кеңейтуге және өндіріс көлемін кезең-кезеңімен арттыруға мүмкіндік береді. Жоба толық қуатына енгенде жылына 1500 тонна ірі қара мал етін өндіру жоспарланып отыр.
Бордақылау алаңының ерекшелігі, мал өсірудің тиімді австралиялық әдісін қолдануда. Бұл тәсіл малдың күтімін, азықтандырылуын, салмақ қосу көрсеткішін және жалпы өндірістік тиімділікті жүйелі бақылауға мүмкіндік береді. Заманауи тәсілге негізделген мұндай жұмыс тәртібі ет сапасын арттырып қана қоймай, өндіріс шығынын оңтайландыруға да жол ашады.
Қазіргі уақытта шаруашылық 6 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ал бордақылау алаңы толық қуатына енген кезде 40 шақты адам еңбек етпек. Бұл ауылдық жерде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, жергілікті халықтың табыс табуына және өңір экономикасының жандануына ықпал ететін маңызды қадам.
Шаруашылықта мал азығын дайындайтын арнайы орын бар. Мұнда арпа, бидай, жүгері және басқа да құнарлы дақылдар қосылып, азықтық қоспа әзірленеді. Бордақыдағы малға күніне екі уақыт жем беріледі. Қазіргі кезде ангус пен қазақтың ақбас сиыры тұқымындағы малдар нарыққа шығаруға дайындалып жатыр. Оларға тәулігіне 8 келіден жем беріледі. Ал екінші топтағы әулиекөл мен симментал тұқымды малдарды тамыз айына қарай өткізу жоспарланған. Қазір бұл топтағы малдарға тәулігіне 6 келіден жем берілуде. Бұдан бөлек, малдың салмақ қосуына және саулығына қажетті қосымша қоспалар да беріледі.
Шаруашылықтың мал дәрігері Мұрат Келгенбаевтың айтуынша, мұнда ветеринарлық талаптар қатаң сақталады. Бордақыдағы мал Павлодар облысынан және жергілікті шаруашылықтардан әкелінген. Әрбір мал алдымен карантиндік бақылаудан өтеді. Содан кейін ғана бордақылау алаңына кіргізіледі. Қазіргі таңда 27 бас мал карантинде тұр.
– Бұл малдың саулығын бақылау және жалпы шаруашылықтағы ветеринарлық қауіпсіздікті сақтау үшін өте маңызды. Әр малдың жағдайы назарда болады. Азықтандыру тәртібі, салмақ қосу көрсеткіші, күтімі және санитарлық талаптар тұрақты қадағаланады, – дейді Мұрат Келгенбаев.
Шаруашылықтың жемшөп қоры жеткілікті. Биыл 45 гектар жерге арпа егілген. Қосымша жүгері егу жұмысы басталды. Қазір шаруашылықта 1 мың тонна силос, 2 мың тонна жоңышқа қоры бар. Мал азығы негізінен шаруашылыққа тиесілі алқаптан дайындалады. Бұл бордақылау алаңының тұрақты жұмыс істеуіне және сыртқы шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.
Инфрақұрылым жағы да жан-жақты ойластырылған. Жұмысшыларға арналған үй, монша, автотұрақ, карантиндік алаң, мал ұстайтын орындар мен техника тұрағы заман талабына сай салынған. Су орталықтан тұрақты түрде беріледі. Сонымен қатар, шаруашылықта қосымша ет комбинатын салу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта еркек тоқты бордақылайтын жабық қораны іске қосу жоспарланған. Қазіргі таңда онда тазалау және реттеу жұмыстары жүріп жатыр.
– Біздің мақсатымыз ет көлемін арттыру ғана емес, сапалы өнім өндіру. Мал бордақылау ісінде жүйелі жұмыс, дұрыс азықтандыру, тұқым сапасы және заманауи әдіс маңызды. Алдағы уақытта шаруашылық қуаттылығын толық пайдаланып, өңірдің ет өндірісіне нақты үлес қосуды көздеп отырмыз. Бүгінге дейін барлық жұмыс өз қаржымыз есебінен жүргізіліп келеді. Алдағы уақытта мемлекеттік қолдауға жүгіну де жоспарда бар, – дейді «Nat Agro» ЖШС директоры Азат Көпжасаров.
Расымен де, ауыл шаруашылығы ел экономикасының негізгі тіректерінің бірі. Оның ішінде ет бағытындағы мал шаруашылығы ішкі нарықты сапалы өніммен қамтуда айрықша маңызға ие. Сондықтан «Nat Agro» ЖШС сынды жаңа жобалардың іске қосылуы аудан үшін де, облыс үшін де тиімді қадам.
Жаңа серіктестіктің алға қойған межесі айқын. Ол мал басын көбейту, ет өндірісін арттыру, тұрақты жұмыс орындарын сақтау және халықты сапалы ет өнімдерімен қамтамасыз ету. Бастысы, бұл бастама ауылдың әлеуетін көтеріп, еңбек адамының қадірін арттыратын нақты іске айналып келеді.
«Құралай» шаруа қожалығы мен «Nat Agro» ЖШС жұмысы Ақсу ауданында мал шаруашылығының жүйелі дамып келе жатқанын көрсетеді. Бірі қой шаруашылығын өркендетіп, өнім сапасын арттыруға күш салса, екіншісі ірі қара малды бордақылау арқылы ет өндірісін ұлғайтуды көздеп отыр. Екі шаруашылыққа да ортақ мақсат бар. Ол сапалы өнім өндіру, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту және ауданның аграрлық әлеуетін көтеру. Осындай еңбек ұжымдары ауыл экономикасының дамуына нақты үлес қосып, ел ырысын еселейтін игілікті істің үлгісін көрсетуде.
Қажет АНДАС
Ақсу ауданы





