Ел басына күн туған шақта Отан үшін отқа түсіп, жанын пида еткен ерлердің орны қашанда бөлек. Солардың бірі – тағдырлы ғұмырында елге адал қызмет етіп, ерлігімен де, еңбегімен де кейінгі ұрпаққа үлгі бола білген ардагер майдангер Бақтыбай Әлімбеков.
Ол 1908 жылы қазіргі Көксу ауданы, Қабылиса жырау ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі – Әлімбек, анасы – Жанбике. Төрт-ақ сыныптық білімі болса да, өмір мектебінен өткен, еңбекпен есейген жан еді. Жастайынан тіршіліктің тауқыметін тартып, ауыл шаруашылығы саласындағы еңбекке ерте араласты. 1941 жылы сұрапыл соғыс басталғанда, елмен бірге еңсесін түсірмей, Отан қорғау жолында майданға аттанады. Алматы қаласында 2-3 айлық әскери дайындықтан өтіп, бірден ұрыс даласына кіреді. Алғашқы күннен-ақ жауынгерлік сапта болып, қайсарлығымен көзге түседі.
Майдан даласында №1208 атқыштар дивизиясының, кейін №381 гвардиялық атқыштар полкінің құрамында қызмет етеді. Уақыт өте келе №39 гвардиялық атқыштар дивизиясының №112 полкінде елін, жерін қорғау жолында жан аямай шайқасады. Ол Белоруссия, Украина және Еуропа елдерін азат етуге қатысып, тарихи Берлинге дейін жеткен батырлардың қатарында болды. Сонымен қатар Қиыр Шығыстағы Жапон соғысына да қатысып, Жеңісті жақындатуға үлес қосты. Қан майданның қақ ортасында жүріп, бірнеше мәрте жарақат алса да алғы шептен шегінбеді. Жарасын таңып, қайтадан сапқа қосылып отырған қайсар мінезі – оның нағыз жауынгерлік рухын айғақтайды. Көрсеткен ерлігі мен табандылығы үшін түрлі медальдармен және Алғыс хаттармен марапатталды. Жеңіс Туы желбіреп, жау толық тізе бүккен күннің өзінде де майдангер үшін күрес аяқталған жоқ. Елге оралған соң қираған шаруашылықты қалпына келтіру ісіне белсене араласып, бейбіт өмірдің батырына айналды.
Соғысқа дейін Баян Ақметкерекқызымен шаңырақ көтеріп, өмірлік серік еткен Бақтыбай ата 3 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірді. Балаларын адалдыққа, еңбекқорлыққа, қарапайымдылыққа баулып, өнегелі әке бола білді. Соғыстан кейінгі жылдары ауыл шаруашылығы саласында аянбай еңбек етіп, егіншілік пен мал шаруашылығын дамытуға зор үлес қосты. Ұзақ жылдар бойы маңдай терімен еңбек етіп, ел құрметіне бөленді. Ауылына сыйлы, сөзі өтімді, ісі үлгі болатын азаматтардың біріне айналды. Оның бүкіл ғұмыры – қарапайым еңбек адамының биік тұлғасын айқындайтын өнегелі жол. Елге сіңірген еңбегі, көрсеткен ерлігі – кейінгі ұрпаққа аманат, тағылымы мол тарих. Ардагер майдангер, өнегелі әке Бақтыбай Әлімбеков 1979 жылдың 27 желтоқсанында дүниеден өтті. Туған жерінде жерленген оның жарқын бейнесі, ерлікке толы ғұмыры ел жадында мәңгі сақталады. Иманы жолдас, топырағы торқа болсын! Артында қалған ұрпағына оның адал жолы мен асыл мұрасы мәңгілік шамшырақ болары анық.
Шәкірт Бақтыбаев,
Көксу ауданының
Құрметті азаматы





