Талдықорған: +22°C
$ 441.88
€ 503.61
₽ 5.24
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР ЖАНСАРАЙ

«Менің погоным» – Асанәлі Әшімовтің әйелі

27.09.2026
ЖАНСАРАЙ
«Менің  погоным» – Асанәлі Әшімовтің әйелі
WhatsAppTelegramFacebook

Жақсының жары болу оның атақ-абыройын бөлісу ғана емес. Тағдырдың талайлы сәттерінде жанынан табылып, қуанышын еселеп, мұңын жеңілдету. Елге белгілі азаматтың биігін аласартпай, шаңырағының жылуын сақтап, жүрегіндегі жарасын түсініп өмір сүру. Қазақ өнерінің алып тұлғасы, сахна саңлағы, кино әлемінің мэтрі Асанәлі Әшімовпен бірге 23 жыл, 1 ай, 3 күн ғұмыр кешкен Бағдат Әшімованың өмір жолы да осындай жауапкершілік пен жүрек қалауының тоғысуынан өрілген.

Бүгінде Бағдат Мұқашқызы осы жылдарын сағынышпен еске алады. Оның жадында Асанәлі ағаның әрбір сөзі, әрбір әзілі, үйдегі балалардың күлкісі, Майра апайдың хаттары, бірге өткізген күндердің жылуы сақтаулы. Бұл бір отбасының ғана емес, өнердің үлкен тұлғасының жанындағы әйелдің тағдыры туралы сыр.

Бағдат Әшімова 1971 жылы Үлкеншыған ауылында дүниеге келген. Сегіз ағайындының жетіншісі. Әкесі Мұқаш Құдайбергенов, анасы Несіпхан Еркінбекова. Әкесі өмірден өткен, анасы бүгінде 93 жаста. Әкесі өз әулетіндегі жалғыз ұл екен. Атасы Мұзафар болыс болыпты. Ал анасы Жансүгірде, Ілияс ақынның кіндік қаны тамған жерде туып-өскен.

Балалық шағы ауылда өтті. Үлкеншығаннан екі шақырымдай жерде Винзовод деп аталатын шағын ауыл болатын. Бағдат сол жердегі Жеміс-жидек орта мектебінде білім алды. Ата-анасы мал шаруашылығымен айналысқандықтан оны мектепте мұғалім болып еңбек еткен үлкен әпкесі Талиға бағып-қақты. Ауылдың қарапайым тіршілігіне етене араласқанымен оның көкірегінде үлкен қалаға деген арман ерте оянды.

– Жеңгелеріме еркелеп: «Мен сендер сияқты сиыр сауып, күл шығарып жүрмеймін» дейтінмін. Ішім, жандүнием Алматыда тұруды қалайтын. Суреттегі Алматыға қарап армандайтынмын. Кемел адамға тұрмысқа шығып, кең де зәулім үйде өмір сүретінімді елестететінмін. Жеңгелерім «Осы біздің қыз қияли-ақ» деп күлетін еді, – дейді ол.

Сегізінші сыныпты бітірген жылы ағасы Серік Бағдатты Алматыға медициналық училищеге алып келеді. Үйдегілер оның Жаркенттегі педагогикалық училищеге түскенін қалаған. Бірақ Бағдаттың мұғалім болуға жүрегі дауаламады. Ауылдан алыстап, өзге ортаға ұмтылды. Арманы орындалып, Алматыдағы медициналық училищеге түсіп, 4 жыл білім алып, дипломына қол жеткізді. Мамандығы бойынша біраз жыл еңбек етті. Алайда елдегі аумалы-төкпелі кезеңде Қытайдан тауар әкеліп, сауда жасауға кірісті. Саудасын бар болғаны жүз доллардан бастады. Ол кезде бұл ақшаға Талдықорғаннан пәтер алуға болатын.

Оның тапқан табысының игілігін алдымен ағайынның балалары көрді. Ағасы Серік үлкендерге қамқор болса, ол бауырларының балаларына қарайласты. Үйдегі 17 баланың киім-кешегіне дейін алып беретін жағдайға жетті.

– Олар мен болмасам өмір сүре алмай қалатындай көрінетін. Қазір солардың әрқайсысының екі-үштен баласы бар. Бауырларыма қарайласып жүріп, тұрмыс құратын жастан да асып кетіппін…

Анасы қызының жағдайын іштей уайымдағанымен оған үнемі демеу болатын. «Балаларға жасаған жақсылығың түбі алдыңнан шығып, бағың жанады», – дейтін. Сөйтіп, қатарластарының алды тұрмыс құрып, бірі әке, бірі ана атанып жатқанда, Бағдат өз тағдырының жолын күтумен жүрді. Тіпті ағасы Серіктің Қуаныш есімді баласын бауырына басып, өз баласындай тәрбиелеуді де ойлаған.

2002 жылдың қыркүйегінде ол «Совмин ауруханасына» жұмысқа орналасады. Арада бір жарым ай өткенде өмірін түбегейлі өзгерткен кездесу болады. Ол – қазақ өнерінің заңғар тұлғасы Асанәлі Әшімов еді.

Бағдат Асанәлі ағаны бұған дейін теледидардан көрген. Әсіресе актердің ұлы Сағидан айырылған кездегі қайғысы ел-жұрттың есінде. Қолына ақ орамал ұстап, көз жасын сығымдап отырған Асанәлінің бейнесі Бағдаттың да жүрегінде жатталып қалған еді. Ал енді өзі экраннан көріп, өнеріне тәнті болған актер аурухананың дәлізінде қарсы алдынан шықты.

– «Қыз Жібек» – әр қазақтың жүрегін жаулаған фильм. Ал Бекежанның орны тіптен бөлек. Оны көріп: «Сәлеметсіз бе?» деп амандастым. Алайда ол сұсты жанарымен бір қарады да амандығымды алмады. Іштей: «Бекежан десе – Бекежан екен. Басын ие салса, төбем көкке жетер еді ғой дедім», – деген кейіпкеріміз дәлізбен жүріп, бірінші палатаға бұрыла бергенінде қарсы алдында Асанәлі Әшімов тұрғанын көреді. Сөйтсе, ол да Бағдаттың соңынан еріп келген екен.

– Сол сәтте денем біртүрлі түршігіп кетті, – деп еске алады ол.

Кешкісін дәрісін алып, Асанәлі ағаның палатасына кіргенде оның қойған алғашқы сұрағы: «Сен кімсің?» Бағдат өз өмірін тәптіштеп айтып береді. Асанәлі аға оның сөзін мұқият тыңдайды. Арада екі күн өткенде өзінің «Жан бөлек» атты кітабын ұсынады.

Ол кітапты сол түні таң атқанша көз ілмей оқып шықты. Біресе жылады, біресе күлді. Кітаптың әр парағы жүрегін тебірентті.

– Таң рауандап атып келе жатқанда, қыз қиялымдағы ойым: «Егер мен осы кісінің жанынан табылсам, шын бақытты етер едім» болды. Кітаптан кейін санамда түрлі ойлар бойлады. Қисайып бара жатқан алып бәйтеректі сүйеп тұрғызғым келді. Шуағымды шашып, жанарына сәуле болып орнықсам деп ойладым. Кітапты оқып болған соң жаным онымен бірге өмір сүріп кеткендей күй кештім. Маған ең алғаш келген сезім – аяушылық еді. Осындай керемет, атпал азамат өмірден сынып кетпесе екен дедім, – деп ақтарылды Бағдат апай.

Таныстықтарының алтыншы күні әдеттегідей тәуліктік жұмысын атқару үшін ауруханаға келеді. Асанәлі аға одан кітапты оқыған-оқымағанын сұрайды. Бағдат оны жұбатқысы келіп:

– Сіз жалғызбын деп жабырқай бермеңіз. Бар қазақтың баласы өзіңізге бала, іні болады. Қазақ барда, Сіз барсыз, – дейді.

Осы сөзден кейін Асанәлі аға төрт сағат бойы өзінің өмір жолын әңгімелейді.

– Көптен бері айтар әңгімем естір құлақ болмай, жетім қалып еді, – деген екен Асанәлі аға. Бағдат оның әңгімесін бар ықыласымен тыңдайды. Ішкі шерін тарқатқан соң Асанәлі аға жұмысына барайын деп есікке беттеген Бағдатқа: «Неге күйеуге шықпадың?» деп сұрақ қояды. Оның әңгімесінен кейін Бағдаттың да іші алай-дүлей еді. Сәл кідіріп: «Көк етікті кездеспеді, көне етіктіні менсінбедім» дейді.

– Бұл сөзді де Алла аузыма салғандай ма деймін. Асанәлі аға орнынан тұрып, қасыма келді де маңдайымнан иіскеп: «Мен бүкіл әңгімемді тыңдап, сыртыңнан қарап, менің өміріме серік болатын адамды көріп тұрмын. Екеуміз қалған ғұмырымызды бірге өткізейік», – деді. Бірден келісім бермедім. «Бар қазақ қыздарының ішінен мені таңдадыңыз деп қуана алмаймын. Жас аралығымыз да баршылық. Сізді ренжіте де алмаймын» деп жауап қаттым, – дейді Бағдат Мұқашқызы.

Бірақ екі-үш күн бұрын ғана кітап оқып отырып ойлаған қыз қиялының шындыққа айналғалы тұрғанын сезеді. «Қабырғаммен кеңесіп, анаммен ақылдасайын», – деп бөлмеден шығып кетеді.

Үйге келген соң сіңлісі Ләззат пен досы Гүлсімді отырғызып қойып, Асанәлі Әшімовтің өзіне сөз салғанын айтады. Гүлсімнің алғашқы сөзі: «Ел не дейді екен?» болса, Ләззат: «Сен біреуге қамқорлық көрсетіп, әлпештеп, жақсылық жасағанды жақсы көретін жансың ғой. Мүмкін бұл сенің тағдырың шығар. Өз өмірің үшін елдің сөзіне неге құлақ асуың керек? Егер жүрегің қалап тұрса, ештеңеге қарайлама» дейді.

Бұл кезде Бағдат отыз бір жаста болатын.

– Менің ұғымымда ерлі-зайыптылар арасындағы жас айырмасы – санның өлшеуі ғана. Жасың кіші болған сайын ер-азаматыңа табынып, оны қорғанышың, тауың, алыбың, барың да, нарың да, пірің де көресің. Жалпы, мен тағдырыма, осындай ер-азаматқа жар болғаныма ризамын, – дейді жақсының жары.

Асанәлі аға ауруханадан шыққан соң Бағдатты театрға шақырады. Екеуі «Ымырттағы махаббат» спектаклінің премьерасына бірге барады. Бұл қойылым да Асанәлі ағаның өмір жолымен үндес еді. Сол кездері анасының қайтыс болғанына қырық күн ғана болғанына қарамастан Асанәлі аға Бағдатты өз ортасына ертіп жүрді. Қазақтың дәстүрі бойынша көңіл шайына бірге барды. Ақыры бір күні бұл жағдайдың осылай созыла беруіне болмайтынын түсінді. Сөзге ілігіп, өз абыройын төккісі келмеді. Ата-анасының алдынан өтіп, тұрмысқа шығатынын айтуға бел буды. Қолына фотоальбомын алып, ата-анасына келгенде, олар суреттерді көріп: «Ойбай, мынау Бекежан ғой!» деді. «Сол кісі ғой» деген Бағдаттың сөзінен кейін бөлме іші үнсіздікке оранды. Анасы тіл қатпады. Жеңгесі Жұмагүл де тосылып қалды. Бағдат өзінің бұл шешімге нық келгенін, тағдырлы адамның өмірлік жары болып, қасынан табылғысы келетінін бүкпесіз айтты.

Әкесі мен ағасы келгенде ол асүйден шығып, арғы бөлмеде отырып, олардың әңгімесін тыңдады. Анасы: «Мына қыз күйеуге кетпекші. Соны бізге айтқалы келіпті» деді. Әкесі: «Дұрыс бопты. Батамды беремін» деп қуанады. Бірақ шешесі: «Оның кім екенін сұрамайсыңдар ма?» дейді. Сонда жеңгесі Жұмагүл: «Асанәлі Әшімов» деп жауап береді. Дастарқан басында отырған ағасы бір кезде үстелді қойып қалып: «Ой, ол жетпісте ғой!» деп абдырап қалады. Жеңгесі: «Жоқ, ол әлі алпыс алтыда» деп оны жасартып әлек болады. Ал әкесі үнсіз қалады.

Ертеңіне анасы ұзақ уақыт тіл қатпай жүріп, қызына: «Болмайды. Ол әлгі кинода костюмнің ішіндегі хатты тауып алған, өте сақ адам» дейді.

Бағдат ата-анасының рұқсат бермегенін Асанәлі ағаға айтқанда, ол: «Уақыт – емші. Күтейік», – дейді. Осыдан соң анасының жанынан шықпай жүрген Бағдат бір күні: «Мама, білесіз бе, сәбиді құмарланып иіскеп, құшақтағанда мейірленіп, рахат сезім кешіп, жақсы көресің ғой. Мен де осы кісіні солай жақсы көріп тұрмын» деп ішкі сезімін жеткізеді. Анасы: «Астапыралла» деп қана жауап берген екен.

Күзде басталған таныстық қысқа ұласты. Бірақ екеуі әлі қосылған жоқ. Уақыт созылыңқырап кетті. Сонда Бағдат үйіне әке-шешесін, бауырларын шақыртады. Дос қыздары дастарқан әзірлейді. Анасының жалғыз бауыры Алпысбай нағашысын да қонаққа шақырады. Асанәлі ағаның келетінін нағашысына айтып, әкесіне жеткізуін сұрайды. Нағашысы әкесіне: «Бұл қыздың сөзі алғашында түрпідей тиген еді. Бірақ ауылдағы бәленшенің қызы негрге де тиіп кетіпті. Ал бұл болса нағыз қазақтың баласы ғой», – дейді.

Екі сағаттан кейін Асанәлі аға қасына Әшірбек Сығайды ертіп келеді. Дастарқан басында бәрі жиналады. Бағдат болса ас бөлмесінде жүріп, дастарқанға жоламайды. Әшірбек Сығай екі сағат бойы тоқтаусыз сөйлейді. Көнеден орағытып, қазақтың салт-дәстүрінен, адам тағдырынан, өмірдің мәнінен сыр шертіп, маржандай сөздерді тізеді. Оның әңгімесін тыңдап болған әкесі: «Мына сөздерің өлгенді тірілтеді екен. Жетесі бар адамға жеткізіп тұрып айттың. Бұрынғы заманда қыздарын үлкен адамға байлап, матап, малға сатушы еді. Ал енді бұл – бөлек жағдай. Баламның маңдайына жазылған адам осы екен», – деп батасын береді.
Асанәлі аға қарындасы Амантай апаны ертіп келіп, қазақтың салт-дәстүрімен сый жасап, ата-анасының алдынан өтіп, Бағдатты ақ жолмен ұзатып әкетеді. Осылайша екі тағдыр тоғысып, екі жүрек бір арнаға түсті. Өткен өмір жолынан сыр шерткен Бағдат Әшімова бір мезет терең ойға шомды. Бөлмені үнсіздік жайлады. Бұдан кейінгі әңгіме ауанын Майра апайға бұрды.

– Аскеннің архивінен Майра апайдың оған жазған хаттарын тауып алдым. 1956 жылы екеуі кездесіп жүрген кездері екен. Олар хат жазысуға келіскен. Аскең ауылдың баласы болғандықтан хат жазуды ұмытып кететін көрінеді. Ал Майра апай күн сайын хат жазыпты. Бір хатында: «Бүгін тағы да Казпоштаға бардым. Сенен тағы да хат жоқ… Кеше сен хабарласқанда сөйлесе алмағаныма кешірім өтінемін. Үйде папаларым отырған еді», – деген сияқты жолдар бар еді.

Майра тәтенің күнде поштаға барып жүргенін көрген ақын Тұманбай Молдағалиев пен Шәмші Қалдаяқов екеуі бірігіп «Қыз сағынышы» деген сондай тамаша туындыны дүниеге әкелген еді. Ол кезде Шәмші мен Аскең бір пәтерде тұрған екен, – дейді кейіпкеріміз.

Бағдат апай осы хаттарды оқып отырып жылаған.

– Аскеңе: «Неге хат жазбағансыз?» деп ренжідім. «Ауылдың баласы хат дегеннің не екенін қайдан білсін. Оған немене жылап отырсың?» деп күлді. Бірақ мен бұл хаттарды өзім жазғандай қабылдадым.

Алғашқы жылдары екі адамның мінезін бір-біріне бейімдеу де оңай болған жоқ.

– Кейде Аскең қатты сөйлеп қоятын. Бір күні ренжіп, жоғарыға көтеріліп кеттім де А4 қағаз бен маркер алып: «Аскен, мына жерді былай істесек дұрыс болады. Бір-бірімізге қатты сөз айтпайықшы. Қамшының сабындай қысқа ғұмырымызды романтикаға толы етіп өткізейікші», – деп жазып, қағазды оның дипломатына салып қойдым. Кешке Аскен күліп келеді. Маңдайымнан сүйіп: «Неге бұны бұрын айтпадың?» дейді. «Сіз мені тыңдамайсыз ғой» дедім…

Ол сырт көзге қаталдау көрінгенімен жүрегі баладай жұмсақ еді. Біздің үйде дастарқан басында ешкім телефон ұстамайтын. Бәріміз Аскең отырғанша күтетінбіз. Ол бастамайынша, ешкім ыдысқа қол созбайтын. Әңгіме-дүкен құратынбыз. Өткенді еске алып, әзілдесетінбіз. Аскеңнің өзі әңгіме айтуға өте шебер еді. Екеуміз оңаша қалғанда өткен өмірін, басынан өткен түрлі жағдайларды жиі айтатын. Адамның шегінен аттамау, біреудің арына тимеу, адал өмір сүру туралы көп сөйлейтін. «Өтіріктің арты – бір тұтам», – дейтін. Ер адам көп нәрсені кешіруі мүмкін, бірақ әйелінің опасыздығын кешіре алмайтынын да айтатын. Сонда: «Аскен, менің погоным – «Асанәлі Әшімовтің әйелі» деп аталады. Басым жерге тигенше осы погоныммен өмір сүремін. Кейін Сіз ана жақта жатсаңыз да еш алаңсыз ұйықтай берсеңіз болады.

Ақ төсегіңіз кірлемейді, – деймін. Ол күлімсіреп: «Мен саған сенемін», – дейді.

Жанарындағы жасын қайта сүртіп, терең күрсінгеннен кейін Бағдат апай Кіші Асанәлінің өмірге келуі туралы да тамаша естелігімен бөлісті.

– Бастапқыда ана болуды жоспарламадым. Бүкіл өмірімді Аскеңе арнаймын деп ойлағанмын. Бірақ елдің батасы, дәрігерлердің көмегі, Алланың қалауы – бәрі бір арнаға тоғысты. Қазақ елі Аскеңді жақсы көрді. Мені де жатсынбай қабылдады.

Аскеңнің 70 жылдығы қарсаңында аяғым ауыр болды. Ол кезде бойымдағы бала жеті күндік еді. Кейін ұл бала екенін білдік. Аскең қатты қуанды. Қуаныштан ақша таратты.

Баланың туған сәтінде ұлын қолына алған кезде оның жүзі өзгеріп, жасарып кеткендей болды. «Ішкі жандүнием төңкеріліп кетті. Сағи мен Мәди өмірге келгенде жас едім. Ал мына жасымда қайта әке атанудың шексіз бақытын сезіну ерекше екен, – деді.

Кіші Асанәліні бес жасына дейін қатты еркелетті. Аскен сезімін сыртқа көп шығара бермейтін. Мінезі қаталдау, ішкі «стержені» мықты адам еді. Кейде: – Баламен сен сөйлес. Сен тәрбиеле. Мен айтсам, жүрегім ауырады, – дейтін.

Бағдат Әшімова жақсының жары болуды қиындық деп санамады. Себебі қазақы отбасында өсті. Анасының әкесіне қызмет еткенін, жеңгелерінің ағаларына деген құрметін көріп өсті. Бірақ Асанәлі Әшімовтің жары болудың жүгі бөлек еді. Өйткені ол бір үйдің ғана емес, күллі қазақтың адамы болатын. Сондықтан әр қадамын ойланып басты.

Бүгінде оның жүрегінде Асанәлімен бірге өткізген 23 жыл, 1 ай, 3 күннің естелігі бар. Майра тәтенің хаттары. Балалардың күлкісі. Асанәлісінің айтқан әзілдері мен ақылдары. «Мен саған сенемін» деген бірауыз сөзі. Осы бір өткен күндердің ішінен Бағдат апай өзінің өзгерген болмысын да көреді. Бала кезінде көп күлмейтін. Біреу сүйсе, ұнатпай, бетін сүртіп тастайтын. Тұйықтау еді. Әкесі: «Осы балам ер бала болып тумағаны-ай», – деп әзілдейтін. Асанәлі аға оның сол мінезін өзгертті.

– Ол маған күліп отырып сүюді, мейірім танытуды, адамды аялауды, өмірдің жылуын сезінуді үйретті. «Ұйықтап жатсаң да жүзің күліп жатсын. Қабағыңды түйсең, үйдің іші суып кетеді», – дейтін. Бұл сөздің де мәнін уақыт өте келе түсіндім. Шаңырақтың жылуын әйел қалыптастырады. Әйелдің күлкісі үйге жылу әкеледі. Мейірімі – береке, ашық жүзі – отбасының тыныштығы екенін білдім, – дейді Бағдат апай.

Оның сөзінен түйгеніміз – Асанәлі Әшімов Бағдаттың бойындағы әйелді оятқан. Оған дейінгі өмірін ол «бар болу» деп қана бағалаған екен. Ал Аскенімен бірге өткізген жылдарын шын өмірі деп санайды.

Бәлкім, «Жақсының жары» деген ұғымның терең мәні де осында болар. Жақсының жары болу – оның көлеңкесінде қалу емес. Оның жарығын өз жүрегіңмен жалғау. Тағдырын түсіну. Жарасын аялай білу. Биігін аласартпау. Ал ең бастысы – уақыт пен тағдыр бөліп әкетсе де жүректе қалған махаббатты кір шалдырмай сақтау. Бағдат Әшімованың Асанәлі Әшімовпен бірге өткізген 23 жыл, 1 ай, 3 күні – осының үнсіз дәлелі.

Сарби ӘЙТЕНОВА
Талдықорған – Алматы – Талдықорған

Қатысты жаңалықтар

«Менің  погоным» – Асанәлі Әшімовтің әйелі

«Менің погоным» – Асанәлі Әшімовтің әйелі

27.09.2026
Зылиха туралы жыр

Зылиха туралы жыр

27.09.2026
Білікті басшы, іскер ұйымдастырушы

Білікті басшы, іскер ұйымдастырушы

27.09.2026
Коммуналдық тарифтер: не өзгерді, миллиардтар қайда жұмсалады?

Коммуналдық тарифтер: не өзгерді, миллиардтар қайда жұмсалады?

27.09.2026
Бақтыбай ауылындағы өрт салдарынан үш бала көз жұмды

Бақтыбай ауылындағы өрт салдарынан үш бала көз жұмды

26.09.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.