Бүгінде облысымыз еліміздегі қант қызылшасы мол өсірілетін аймақтың бірі. Көксу мен Ақсу бойындағы егістік алқаптары, зауыттарға жеткізіліп жатқан тәтті түбір осы саланы өркендеткен бірнеше буынның еңбегінің жемісі. Жердің тілін танып, қиындыққа мойымай, қызылша өсірудің берік негізін қалаған аға буын өкілдері туралы айтқанда, Зылиха Тамшыбаеваны ерекше ілтипатпен еске аламыз.
Зылиха Жанболатқызы білікті басшы, іскер ұйымдастырушы, ауыл шаруашылығының нағыз шебері еді. Күрделі жағдайдың шешімін тез тауып, ұжымды тығырықтан алып шыға білетін. Адамды бірден танып, әркімнің қабілетіне қарай іс тапсыратын зеректігі де бөлек болатын. Ол «Еңбекші» шаруашылығында жұртты ортақ мақсатқа жұмылдырып қана қоймай, еңбеккерлердің жағдайына, табыс табуына көңіл бөлді.
Ауыл шаруашылығы маманы ретінде бұл өңірде өнім өсірудің қаншалықты күрделі болғанын жақсы білемін. Топырақта тұз, әсіресе натрий хлориді көп кездесетін, жерасты суы жақын жататын. Танаптарды қурай, қамыс, құрақ басып, арамшөптің топырақтағы мол тұқым қоры жаз бойы дақылдардың өсуіне кедергі келтіретін. Мұндай жерде мол өнімге қажырлы еңбекпен және жердің ерекшелігін ескерген жүйелі шешімдермен ғана қол жеткізуге болатын еді.
Шаруашылықтың егістік танаптары мұқият зерттеліп, ауыспалы егіс жүйесін ретке келтірген Зылиха Жанболатқызының басшылығы тұсында егіншілік ғылыми негізге сүйеніп жүргізіле бастады. Тұзға төзімді арпа, жоңышқа, еркекшөп, түйежоңышқа сияқты дақылдар егіліп, алқаптардың жағдайын жақсартуға күш салынды. Агротехникалық жұмыстарға қуатты машиналар жегілді, арамшөптер мен зиянкестерге қарсы күрес жолға қойылды. Осылайша «Еңбекшіде» жерді күтіп-баптаудың жаңа мәдениеті қалыптасты.
Әрине, шаруашылық жолы тек табыстан тұрған жоқ. 1980 жылдары қызылша егісі ризомания мен шірік ауруына ұшырағанда, бәріміз үшін ауыр кезең туды. Есіл еңбектің зая кеткеніне ол кісінің қатты қиналғаны есімде. Бірақ Зылиха Жанболатқызы қиындыққа беріле салатын адам емес еді. Шешім іздестіріліп, кейінгі 4-5 жылдың ішінде Франция мен германиялық ауруға төзімді қызылша будандары егіле бастады. Соның нәтижесінде шаруашылық қайтадан тұрақты жоғары өнім алуға қол жеткізді.
«Еңбекші» кеңшарының қызылшашылары әр жылдары 50 мыңнан 60 мың тоннаға дейін өнім жинайтын. Жаңа технологиялар қол еңбегінің үлесін едәуір азайтып, табысты еселеді. Өндіріс тиімділігі 80 пайыздан 100 пайызға дейін жеткен кезеңдер де болды. Бұл көрсеткіштердің әрқайсысының артында танаптағы маңдай тер, мамандардың ізденісі және ұжымды ұйыстыра білген басшылық тұрды.
Сол жылдары «Еңбекші» облыс қызылшашылары келіп тәжірибе үйренетін орынға айналды. Мұнда семинарлар мен дала күндері өтіп, мамандар егістік басында атқарылған жұмысты өз көздерімен көретін. Зылиха Жанболатқызы тәжірибесін ашық айтып, әріптестерімен бөлісетін. Жиналған жұрт пайдалы ой түйіп, жақсы әсермен қайтатын еді.
Қызмет барысында ол кісі Талдықорған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасымен тығыз байланыс орнатты. Егіске қатысты мәселелер жөнінде менімен арагідік хабарласып, пікір сұрасып тұратын. Сол әңгімелерден оның әр танаптың тағдырына, әр еңбеккердің жұмысына қаншалықты жауапкершілікпен қарайтынын сезетінмін. Зылиха Тамшыбаеваның ел алдындағы еңбегін тек жиналған өніммен өлшеу мүмкін емес. Ол жердің бабын таба білді, қиын шақта ұжымына сүйеніш болды, білгенін кейінгілерге үйретті. Жетісу жұртының оны «Жетісу жауқазыны» деп құрметтеуі де тегін емес. Киелі Көксу мен Қаратал өңірінде туып-өскен, осы жерді жаз жайлап, егін еккен қауым үшін Зылиха Тамшыбаеваның есімі қашанда қымбат. Осы өлкенің көркін Ілияс Жансүгіров жырлаған мына жолдар да көз алдымызға әкеледі:
Арқырап, тулап аққан Көксу алып,
Жазыққа шыға келе жайсаң қағып.
Диқаншы егін еккен Жалайырлар,
Су алып, үй басына тоған салып.
Мөлтеңдеп жанай аққан
Қаратал да,
Көксуға қойындасар жарды жарып.
Қосылып екі ерке су, екі ару,
Балқаштап, қалың құмға кетер лағып.
Ақын жырлаған қос өзеннің суымен көгерген алқапта Зылиха Жанболатқызы бастаған талай еңбек адамының ізі қалды. Бүгінгі молшылыққа қарап тұрып, сол іздің бірде-бірінің ұмытылмауға тиіс екенін ойлаймын. Жерге сіңген еңбек елдің жадында сақталса, оның өнегесі келер ұрпақтың да жолын жарық етеді.
Әбілқайыр БЕКСҰЛТАНОВ,
ҚР АҰҒА Құрметті академигі,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының
кандидаты