Көксу ауданы – тарихы терең, табиғаты көркем өлке. Бірақ осы өңірдің Мәмбет ауылына аяқ басқан жан бір сәт өткен дәуірге тап болғандай күй кешеді. Себебі, ауыл ортасында кеңестік көсем Лениннің тас мүсіні әлі күнге дейін тұр. Тәуелсіз елдің төрінде кеңестік идеология өкілінің ескерткіші тұруы – бүгінгі күннің шындығына қаншалықты сай?
Мәмбет – еңбекқор жұрты бар, рухы биік ауыл. Дегенмен, кеңестік жүйенің көлеңкесіндей сақталған Ленин ескерткіші ел еңсесін түсіретіндей. Уақыт өтіп, заман өзгерді, бірақ бұл мүсін сол күйі қалып қойған. Кеңес дәуірінен қалған белгі қазір жәдігерге айналғандай, ал кей жұрт оны қасиет тұтып, алуға батылдары бармай жүргендей әсер қалдырады.
Ауыл тұрғыны Самат Тазабек бұл жайлы:
– Ауыл адамдары ескерткішті алуға бірнеше рет әрекеттенген. Бірде техника істемей қалды, бірде кран жүргізуші өмірден өтіп кетті. Содан кейін жұрт осы ескерткішке тиіскеннің «жолы болмайды» деп қорқақтайды, – дейді.
Бұл оқиғалардан кейін ауылда ырымшыл түсінік қалыптасқан. Бірақ елдік сана мен рухани жаңғыру қорқынышқа емес, парасатқа сүйенуі тиіс емес пе?!
Лабасы ауылдық округінің әкімі Тимур Кешуовпен тілдескенімізде:
– Ауыл тұрғындары тарапынан ескерткішке байланысты ресми шағым түскен жоқ. Әзірге наразылық болмаған соң ол орнында тұр. Егер жұртшылық ортақ шешімге келсе, мәселе қаралады, – деді.
Алайда ауыл ақсақалдары бұл ескерткішті сақтап қалуды емес, елдік санаға сай шешім қабылдауды жөн санайды. Лабасы ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Бақыт Уәлиев:
– Егер рұқсат берілсе, өз күшімізбен-ақ алып тастаймыз. Ол шамамен 10 тонна болатын ауыр мүсін. Бұзуға батылы бармай жүргендер бар, бірақ одан не өзгереді? Көрші Қырғыз елі баяғыда-ақ мұндай ескерткіштерден арылып болды. Бізге неге ілгері баспасқа?! – дейді.
Расында да, рухани жаңғыру – нақты іс. Көксу жерінде Алаш арыстарының, ұлт батырларының, тәуелсіздік жолында тер төккен тұлғалардың аты ұлықталуы қажет емес пе? Лениннің мүсініне тағзым етуден гөрі қазақ рухын көтерген ерлерге ескерткіш қою – ұрпаққа өнеге болар іс.
Бұл мәселені көтеріп Көксу ауданы әкімінің орынбасары Абзал Зейнулдаға жолығып едік:
– Бізге бұл жөнінде ресми өтініш келіп түскен жоқ. Арамызда коммунист болған ағалар бар, олардың еткен еңбегін жоққа шығара алмаймыз. Ескерткішке жыл сайын барып гүл қою дәстүрі де сақталған. Сондықтан бәрі өз уақытымен шешіледі, – деп қысқа қайырды.
Дегенмен, уақыт – тоқтамайтын күш. Ал сана уақытпен бірге жаңарып отыруы қажет. Кеңестік көсемге тағзым етуден гөрі тәуелсіздік тұғырын биіктету – бүгінгі буынның басты парызы. Тарихты өшіруден бұрын тарихтан сабақ алу маңызды. Бірақ ол сабақ өткеннің ескерткішін төрге шығару арқылы емес, ел рухын асқақтатып, болашаққа бағытталған іспен көрінуге тиіс.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ,
Көксу ауданы





