Франциялық журналист Бенуа Майлин қазақстандық теннисші Елена Рыбакинаның Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) өткен WTA қорытынды турнирінің финалынан кейін WTA (Әйелдер теннис қауымдастығы) бас директоры Порше Арчермен суретке түсуден бас тарту шешіміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Шешуші матчта Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболeнконы ұтып, карьерасында алғаш рет WTA Finals турнирінің чемпионы атанды.
«Ох, жағдай ушығайын деп тұр. Рыбакина WTA басшысымен суретке түсуден бас тартты. Айтпақшы, дәл сол басшы оған 5 235 000 доллар көлеміндегі чекті жаңа ғана табыс еткен еді. Бизнес оңай болмай тұр, Елена», – деп жазды Майлин әлеуметтік желіде.
Бұған дейін Рыбакинаның хорватиялық бапкері Стефано Вуков тәртіп кодексін бұзғаны үшін белгісіз мерзімге теннис саласындағы қызметінен шеттелген болатын. Тыйым алынғаннан кейін ол қайтадан қазақстандық теннисшімен жұмысын жалғастырды.
Рыбакина Азия елдерінен WTA Қорытынды турнирін жеңіп алған алғашқы теннисші ретінде тарихқа енді. Бұған дейін Азия өкілдерінен қытайлық Ли На (2013) мен Чжэн Циньвэнь (2024) осы беделді жарыстың финалына дейін ғана жеткен еді.





