1993 жылы Қапал ауылында дүниеге келген Владимир бала кезінен-ақ еңбекқорлығы, ізденімпаздығымен ерекшеленген. Еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастаған ол бүгінде өз ісінің шебері, тәжірибелі маман. Әріптестері оның іскерлігін, халықпен жұмыс істеудегі адамгершілігін жоғары бағалайды. 2019 жылы Владимир Сергейұлы Алматы облысының «Үздік жас мемлекеттік қызметшісі» атанып, Қазақстан Республикасының Президенті тарапынан марапатқа ие болды. Сондай-ақ оның есімі Жетісу облысының мемлекеттік қызмет музейіне енгізілді. Мемлекеттік тілді еркін меңгерген Владимир қазақ тілінің дамуына және ұлтаралық достықты нығайтуға зор үлес қосып келеді.
Мемлекеттік қызметтен бөлек, ауыл жастарының спортпен шұғылдануына ерекше жағдай жасап жүр. Оның бастамасымен 2018 жылы «Qapal ARMWRESTLING club» спорт залы ашылып, бүгінде көптеген жас чемпиондардың қанатын қатайтты. Жуырда ол арқан тарту спортының дамуына да бастамашы болып, ауыл арасында тұңғыш турнир өткізді.
Осындай іскер, елге жанашыр азаматтар ауылдың көркеюіне, жастардың рухани өсуіне себепкер. Владимир Чепельдің өмір жолы – табандылық пен отансүйгіштіктің айқын үлгісі.
ӨЗ ТІЛІШІМІЗ





