Елімізде жыл басынан бері қазан айының соңына дейін полиция қызметкерлері 440-тан астам бопсалау фактісін анықтады. Зардап шеккендердің қатарында кәсіпкерлер мен білім беру ұйымдары да бар. Бұл мәліметтерді Ішкі істер министрлігі Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс баяндады.
ІІМ өкілі бопсалаумен күресу құқық қорғау органдары жұмысының негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті. Алайда ведомство анықталған қылмыстық істердің нақты қаншасы сотқа жолданғаны және олар бойынша қандай үкім шығарылғаны туралы деректерді нақтылаған жоқ.
«Азаматтарды бопсалаудан қорғауға ерекше назар аударылады. Полиция 440-тан астам осындай деректі анықтады. Оның ішінде кәсіпкерлерге және білім беру ұйымдарында жасалған бопсалау фактілері бар», – деді Қуандық Алпыс.
Он айдың қорытындысы бойынша ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты 50 қылмыстық іс қозғалды. Олардың бір бөлігі трансұлттық қылмыстық топтарға тиесілі.
Сонымен қатар құқық қорғау органдары қылмыстық жолмен табылған мүлікті заңдастырудың алдын алу бағытында да жұмыс істеп жатыр. Мәліметке сәйкес:
-
Түрлі қылмыс бойынша криминалдық ортадағы 240-тан астам тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылуда;
-
Ауыр және аса ауыр қылмыстарға қатысы бар 40-тан астам топтың әрекеті әшкереленіп, жолы кесілді;
-
Заңсыз айналымнан 380-ге жуық атыс және травматикалық қару мен 5 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленді.
Ведомство адамды қанауға қатысты қылмыстардың да алдын алуға күш салып отыр. «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң аясында 135 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Зардап шеккен азаматтарға тиісті әлеуметтік, құқықтық және психологиялық көмек көрсетілді.
Қуандық Алпыстың сөзінше, ІІМ алдағы уақытта да қылмыстың алдын алуға, қауіп-қатерді дер кезінде жоюға және жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етуге бағытталған жұмысты жалғастырады. Қоғамның барлық саласында «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыру – полицияның басты міндеті.
«Жетісу-Ақпарат»






