Мемлекет басшысы Өзбекстан президентіне алғыс айтып, хат жолдады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевке 14–16 қараша күндері Өзбекстанға жасаған мемлекеттік сапары барысында Қазақстан делегациясына көрсетілген жоғары деңгейдегі қонақжайлық үшін ризашылығын білдірді. Президент хатта бұл сапар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды нығайтуға тың серпін бергенін атап өткен.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ташкентте өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VII Консультативтік кездесуін жоғары бағалады. Мемлекет басшысының айтуынша, өңірлік ықпалдастықтың барлық бағыты бойынша өрбіген мазмұнды пікірталастар, қабылданған маңызды шешімдер мен құжаттар, сондай-ақ Әзербайжанның форумға толық құқылы мүше ретінде қосылуы жиынның стратегиялық мәнін күшейтті.





