Жетісу облысында полицейлер кәмелетке толмаған құқық бұзушылармен кездесіп, профилактикалық әңгіме жүргізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі заманда цифрландыру қарқын алып, жастарға өз мүмкіндіктерін дұрыс арнада пайдалану үшін барлық жағдай жасалғанымен, кейбір жасөспірімдер қателікке бой алдырған.
Кездесуге түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан жасөспірімдер қатысты. Олардың арасында ұсақ ұрлықтан бастап, ауыр қылмыс – кісі өлтіруге дейінгі құқық бұзушылық жасағандар бар. Полицейлердің айтуынша, кейбір жасөспірімдер әрекеттерінің салдарын түсінбеген немесе қоғам қысымы, достарының әсері, қылмыстық өмірді дәріптейтін фильмдер мен сериалдар ықпал еткен.
Қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады. Заң жас ерекшелігіне қарамай, адамның, қоғамның немесе мемлекеттің мүддесіне нұқсан келтірген жағдайда жауапкершілік қарастырады. Мұндай әрекеттер жасөспірімге ғана емес, оның отбасы мен жапа шеккен адамдарға да ауыр әсер етеді.
Полицияның басты мақсаты – жазалау емес, алдын алу. Жастарды өз болашағын құрдымға кетіретін қателіктен сақтандыру маңызды. Әр жас өзіне сұрақ қоюы керек: «Маған бұның қажеті бар ма? Осы үшін өмірімді құрбан етем бе? Мені соған итермелегендер шын достар ма?»
Іс-шараның толық бейнематериалын Polisia.kz сайтынан көре аласыздар.





