Жетісулық фермер Александр Софин ширек ғасырдан бері сирек кездесетін жылқыларды өсірумен айналысады. Қазақ тұқымының бұл түрін ол «Жетісу асылы» деп атады. Бүгінде оның шаруашылығында 200-ге жуық мал басы бар. Ақ қарлы жылқылар – облысымыздың мақтанышы. Александр Софиннің айтуынша, 1999 жылы ақ түсті жылқы өсірумен айналысу туралы ой келген. Сол кезде ол тек бір жылқыдан ғана бастап, кейіннен тамаша нәтижелерге қол жеткізген. Осылайша фермер 20 жылдан аса өмірін ақ қарлы жылқыларды өсіруге арнады. Алғашында көк көзді құлын дүниеге келіпті. Ал қазір оның әрбір үшінші үй жануарының түсі ақ. Кейіпкеріміздің жас кезінде алған мамандығы зоотехник. Шаруашылықта оның пайдасы көп тиген.
Александрдың бұл бастамасы жылқы өсірушілер мен ғалымдар арасында тез таралса да ол қылқұйрықты жануардың ерекше тұқымын патенттей алмады. Мамандар есептегендей, бұл үшін 200 миллион теңге керек. Ал әуесқой селекционерде мұндай қаражат жоқ. Соған қарамастан ол бұл істі тастамай, мүмкіндігінше көбейтуге тырысуда. Бүгінде шетелдіктер оны «Жетісу жылқысы» деп атайды. Шаруашылық ісіне Александр Софиннің қызы Маргарита көмектеседі. Ол 6 жасынан атқа мінді және өзін жануардың үстінде еркін сезінеді. Шаруаға қолғабыс ететін Маргарита әкесінің ісін жалғастыруды армандайды.
– Жылқылар негізінен өте әдемі. Мен енді жасыл көзді жануарды шығарғым келеді. Сөйтіп, генетиканы әрі қарай зерттеймін. Мына жылқы «қарақшы» деп аталады, жасы 4-те. Жазда мен оны ер-тоқымға үйреттім. Бірақ, жауынгер әлі де аздап қиналуда. Менен басқа ешкімге көнбейді. Жылқыларды үлкен экранда көргім келеді, – дейді Маргарита Софина.
Жалпы, мал өсіріп, санын көбейту үшін жайылым қажет. Ал орман шаруашылығында бос жер жоқ. Шаруашылық иесі Талдықорған маңындағы Ақой жотасында жарты мыңнан аса жылқы өсіреді. Алайда, бұл жайылымдар қысқа мерзімге ғана жарамды. Жаздың аптап ыстығында шөп күйіп кетеді.
– Менде жайлау жетіспейді. Барлық жайылым таратылды. Басқа адамдардың жайылымына мені малмен бірге жібермейді. Сондықтан мен орман шаруашылығынан жайылым сұраймын, – дейді Александр Софин.
Жергілікті орман шаруашылығы бұл мәселені шешуге көмектесуге уәде берді. Орман шаруашылығының директоры Мәди Охановтың айтуынша, түлік иесі Бұрқанбұлақ сарқырамасы жағына жаюға рұқсат беру туралы өтінішпен жүгінген. Бұл туристік өңір, яғни, тыныштық аймағы, онда аңшылық шаруашылығы орналасқан. Сондықтан мал шаруашылығына тыйым салынған. Бірақ, Көксу орман шаруашылығынан жайылым бөле алады.
«Жетісу асыл» тұқымды жылқылар сабырлы мінезі және әдемі келбетімен ерекшеленеді. Сондықтан олар мәдени іс-шараларға да қатысып, өте үйлесімді көрінеді және туристік кластер үшін тартымды. Десе де, соңғы жылдары ұйымдастырушылар тарапынан оларға деген қызығушылық айтарлықтай төмендеген.
– Жылқыларды мәдени іс-шараларға арналған формада ұстау оңай емес. Барлық табыс азыққа және күтімге жұмсалады. Кейде етке өткізуді ойлаймын. Бірақ, оған қолым бармайды. Тұқымын сақтағым келеді, – дейді фермер.
Ежелгі заманнан бері қазақтар ақ түсті жылқыларға ерекше мән берген. Өйткені, олар билік пен тазалық және тектіліктің символы ретінде хандар мен билерге берілген. Осындай әдемі жануарға мінгісі келетіндердің қатары қазір көбеюде.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





