Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл. Осыған байланысты Жетісу обылысының орталығындағы «Достық» үйінде қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрін дәріптейтін арнайы орталық ашылды.
Аталған орталықтың басты бағыты – қазақ халқының дәстүрлерін, рухани бай мәдениеті мен өнерін сақтау, жас ұрпақты қазақстандық патриотизм мен ұлтжандыдылыққа тәрбиелеу.
Аймақтағы «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесіндегі жауаптылардың айтуынша, заман талабына сай жабдықталған бұл бөлімде, халқымыздың сан ғасырлық тарихы мен төл мәдениетін салт-дәстүр, тұрмыс-тіршілігін кеңінен таныстырылады. Сондай-ақ, көпшілікке арналған мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, шетелдіктер мен жасөспірімдерге қазақ халқының ұлттық салт-дәстүр мен құндылықтары насихатталады. Жоспарға сай биыл орталықта «Тіл басқа – тілегі бір, жүз басқа-жүрегі бір» форумы, «Тәуелсіз халық тарихы», Абай Құнанбаевқа, Ілияс Жансүгіровке, Жамбыл Жабаевқа, Мұқағали Мақатаевқа, Данеш Ракишевке, Еркеғали Рахмадиевке арналған «Ұлы даланың ұлы ұлдары» сынды іс-шаралар қамтылмақ. Сонымен бірге ұлттық мерекелер тойланып, қоғамдық бірлестік өкілдері аудандарды аралап көшпелі көрме өткізу де жоспарда.
– Көпке мәлім биыл Ассамблеяның құрылғанына 30 жыл. Осы мерейлі мерекеге орай Жетісу жерінде 70 іс-шара ұйымдастыру жосапарланған. Соның бәрі қазақ халқының төл мәдениетін салт-дәстүрін басқа да құндылықтарын таныстырудан басталады. Сондықтан да жаңадан ашылып жатқан бұл орталықтың маңызы зор. Негізі мұндай орталық өңірде бұған дейін де болған. Алайда 2022 жылы облыс бөлінгеннен кейін бұл рет қайта жасақталуда, – дейді «Қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрі орталығы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Абылай Қожақов.
Еске сала кетсек, бүгінде 100-ден астам ұлт пен ұлыс ірге тепкен Жетісу облысында Қазақстан Халқы Ассамблеясына қарасты 20-дан аса этномәдени бірлестік бар. Сонымен бірге ҚХА хатшылығы, Қоғамдық келісім, медиация кабинеті мен Аналар кеңесі және «Ұлағат» ақсақалдар алқасы, «Бірлік» жастар қауымдастығы, жетекші журналистер, «Парасат» тіл жанашырлары клубы жұмыс жасауда. Олар Достық үйі ғимаратындағы ортақ шаңырақ аясында ел бірлігін нығайту мен ынтымақтастықты арттыру, салт-дәстүрді жаңғыртып, ұлт құндылықтарын ұлықтау арқылы өңір мәдениетінің өркендеуі мен қоғамның дамуына үлкен үлес қосып келеді. Енді салт-дәстүр орталығы аталмыш бірлестіктермен бірге жұмыс атқармақ.
Айдын КӘЛІМХАН





