УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіндегі бесінші тур ойынында қазақстандық жас талант 81-минутта «Копенгаген» қақпасын дәл көздеп, тарихи нәтижеге қол жеткізді. Сондай-ақ, Дастан Сәтпаев Чемпиондар лигасында гол соққан алғашқы қазақстандық футболшы атанды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл тарихи голдан бөлек, турнир тарихындағы ең жас мергендердің алғашқы үштігіне енді. Бүгін оның жасы – 17 жыл 105 күн.
Жас ойыншылар рейтингінің көшін әлі күнге дейін испаниялық Ансу Фати бастауда. Ол «Барселона» сапында жүріп, 2019 жылы «Интердің» қақпасына гол соққанда небәрі 17 жас 40 күн болған. Екінші орында каталониялық клубтың тағы бір жас таланты Ламин Ямаль (17 жас, 68 күн). Ямаль 2024 жылы «Монакоға» қарсы матчта көзге түскен болатын.
Бұған дейін үздік үштікті «Антверпен» шабуылшысы Джордж Иленихена толтырып келген еді. Ол «Барселонаға» қарсы ойында 17 жас 119 күнінде гол соққан.
Айта кетейік, сырт алаңдағы матчта «Қайрат» Чемпиондар лигасының бесінші турында «Копенгагенге» 3:2 есебімен есе жіберді. Бұған дейін алматылық ұжым Португалияның «Спортингіне» 4:1, Испанияның «Реал Мадридіне» 0:5, Италияның «Интеріне» 1:2 есептерімен ұтылып, Кипрдің «Пафосымен» 0:0 болып тең түскен еді.
Алдағы кездесулерде «Қайрат» 9 желтоқсанда Грекияның «Олимпиакосын», 2026 жылдың 20 қаңтарында Бельгияның «Брюггесін» қабылдайды. Одан кейін 28 қаңтар күні «Арсеналмен» негізгі кезеңдегі соңғы ойынды өткізеді.





