Каспий теңізінің акваториясында әскери жаттығу кезінде болған қайғылы оқиғадан кейін ауқымды іздеу-құтқару операциясы тоқтаусыз жалғасуда, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Маңғыстау облысында орнаған төтенше жағдай бойынша Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозумбаевтың төрағалығымен құрылған үкіметтік комиссияның тапсырмасы аясында теңіз беті, жағалау және әуе кеңістігі толықтай тексерілуде. Оқиға орнында іздеу-құтқару жұмыстарына Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов тікелей басшылық етуде. Жедел штаб құрамына ҰҚК Шекара қызметі, ТЖМ, ИІМ және Маңғыстау облысының жергілікті аға органдарының өкілдері енді.
Масштабты іздеу операцисына 252 адамнан тұратын жеке құрам тартылған. Арнайы жерүсті техникасының 34 бірлігі, 37 әскери сүңгуір, 14 кеме мен катер жұмылдырылды. Сонымен қатар әуеден бақылау жүргізу үшін 20-дан астам ұшу аппараты, оның ішінде 4 тікұшақ қолданылуда. Сүңгуірлер мен құтқарушылар теңіз түбін, су бетін және іргелес жатқан жағалау аймақтарын үздіксіз қарап шығуда.
Оқиға 24 қыркүйек күні Маңғыстау облысында әскери-теңіз жаттығулары кезінде орын алды. Жауынгерлік тапсырманы орындау барысында ауа райы кенеттен бұзылып, қатты дауыл соққан. Соның салдарынан сарбаздарды теңіз ағысы алып кетті. Бастапқыда суға 19 әскери қызметшінің тап болғаны айтылған еді, кейін жергілікті әкімдік бұл мәліметті нақтылап, 17 адам екенін хабарлады.
Соңғы деректерге сүйенсек, оқиға салдарынан 12 әскери қызметші қаза тапты. Құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында 3 адам аман қалып, оның біреуі қазір ауруханада дәрігерлердің бақылауында жатыр. Қалған сарбаздарды іздеу шаралары белсенді түрде жалғасуда. Қаза тапқан азаматтардың отбасыларына жан-жақты көмек көрсету және қайғылы жағдайдың себептерін анықтау үкіметтік комиссияның басты назарында. Сонымен қатар Бас прокуратура осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын бастады. Тергеушілер оқиғаның барлық егжей-тегжейін анықтауда.





