Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкекте өткен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысына қатысты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Саммитке Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон қатысты.
Мемлекеттер басшылары Ұйымға мүше елдердің ұжымдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін талқылап, биылғы ҰҚШҰ жұмысының негізгі бағыттарын қорытындылады. Сонымен бірге алдағы кезеңге арналған басымдықтар айқындалды. Президенттер ҰҚШҰ Бас хатшысы лауазымындағы қызметін аяқтап жатқан Иманғали Тасмағамбетовке алғыс білдірді.
Жиында 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ҰҚШҰ Бас хатшысы қызметіне үш жыл мерзімге Қырғыз Республикасының өкілі Таалатбек Масадыковты тағайындау туралы шешім қабылданды. Отырыс қорытындысында Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясы бекітіліп, ұйымға мүше мемлекеттердің мүддесіне сай ұжымдық қауіпсіздік жүйесін жетілдіруге бағытталған бірқатар құжатқа қол қойылды.
Мемлекеттер басшылары халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.





