Жайқалған бағы, сыңсыған бауы жеміс-жидекке толып, егістігі түрлі дәнді дақылмен, қант қызылшасымен көркейген Көксу ауданы ең бір шұрайлы мекен. Бастауын Жетісу Алатауының қарлы шыңынан алатын Көксу өзені етектегі елге ырыс-құт, бақ-береке болып жетеді. Ерте көктемнен жердің бабын байқаған бағбандар топыраққа салар тұқымы мен құрал-жабдығын даярлап, жаз бойы қызу еңбектің көрігін қыздырады. Сарғайып күз келгенде түскен өнімді молынан жинап, айналаға кеусен таратады. Жаңа дәуірдің технологиясын диқаншылыққа пайдаланып жүрген жұртшылықтың тыныс-тіршілігін аудан әкімі Дәулет Халелов әңгімелеп берді.
Ауданда негізінен төрт түлік өсіріліп, егіншілік алдыңғы орында тұр. Соған қарамастан 10 айдың ішінде өнеркәсіп саласында 28,6 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Өйткені, ауданда Көксу қант зауыты, «Уыз Май Industry» соя зауыты, Еңбекшіқазақ ауылындағы сүт өнімдері зауыты сынды 3 ауқымды кәсіпорын жұмыс істейді. Одан бөлек, кірпіш, керамзит зауыттары да бар. Осы кәсіпорындар өнеркәсіп саласының жұмысын жандандырып отыр.
Ал ауыл шаруашылық саласындағы табыстың көлемі жыл басынан бері 30 миллиард теңгеге жеткен. Өнімдердің ішінде майлы және дәнді дақылдар басымдыққа ие. Соның ішінде биыл 1822 гектар жерге қант қызылшасы егіліпті. Дәл қазір тәтті түбір қазылып, егістіктің басына жиналып қойылған. Енді әрбір шаруа қожалығы зауытқа кезекпен өткізе бастайды. Бұл диқандар үшін еңбегінің зейнетін көретін шақ.
Жалпы Көксу ауданында инвестициялық жобалардың жүзеге асуы кемшін емес. Жыл басынан бері ауданға 17,7 миллиард теңгенің инвестициясы құйылған. Бұл қаржының 4,2 миллиард теңгесіне Талапты ауылының тұсынан су электр стансысы салынып жатыр. Одан кейін ауданда 40 мың бас тауық өсіретін құс фабрикасын ашу жоспарланған. «Белес Агро» атты инвесторға жер бөлініп, қажетті жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Осының өзі инвестиция құю ісінің қарқынды жүріп отырғанын көрсетсе керек.
Халықтың басты байлығы – жер. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес қараусыз жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарының нәтижесі көңіл көншітеді. Атап айтқанда, соңғы 3 жылдың ішінде 40 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне алынып, жұмыс істегісі келетін диқандарға конкурс арқылы беріліпті.
– Жердің 21 мың гектарға жуығы ауылдық округтердің жайылымына кіргізіліп отыр. Бұл ауыл тұрғындарының қолындағы малын жайылымға қысылмай шығаруына септігін тигізеді. Биыл, 2025 жылы тағы 9 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтардық. Оның 7 мың гектарға жуығын конкурс арқылы шаруа қожалықтарының пайдалануына бердік. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табуда. Соған орай 6700 гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарда тұр. Оны келер жылдың алғашқы жарты жылдығында елдің игілігіне ұсынамыз, – дейді Дәулет Кенжеханұлы.
Әкімнің айтуынша, Көксу ауданында көп жұмыс қарқынмен жүріп, әлеуметтік салалардың жетістігі ұлғайған. Атап айтқанда, суару жүйелерін жаңарту, мәдениет ошақтары мен кітапханаларды пайдалануға беру, денсаулық сақтау нысандарын ел игілігіне ұсыну, жас ұрпақтың спортқа қызығушылығын ояту, тұрғындардың қауіпсіздігі мен қоғам тыныштығын қалыптастыру сынды бағыттарда алға жылжу бар.
– Аудандық, облыстық, республикалық газеттерге міндетті түрде жазыламын. Әріптестерімді де әрқашан соған шақырамын. Әрине, ерікті түрде. Меніңше газеттің құны кеткен жоқ. Асыға күтетін оқырмандар әр өңірден табылады. Өйткені газет елдің де, ұлттың да кескін-келбеті көрінетін айнасы. Одан сырт қалу – өзімізге жасалған қастандық деп білемін, – деген Дәулет Халелов журналистер қауымымен тығыз байланыста екенін жеткізді.
Аудан әкімінің пікіріне қарағанда мемлекеттің дамуы, қоғамның алға жылжуы азаматтардың адал әрі әділ жұмыс істеуіне тікелей байланысты. Сондықтан ел ішінде «Заң мен тәртіп» қағидатына жетік ұрпақ тәрбиелеу кезек күттірмес мәселеге айналып отыр. Осы бағытта ауданда атқарылар іс көп. Дегенмен, жұртшылыққа тікелей қызмет етуден танбай жүрген дәрігерлер, мұғалімдер, полиция қызметкерлері баспанамен қамтылып, қуанышқа кенелуде.
Мәди АЛЖАНБАЙ





