Қазіргі жасөспірімнің өмірі онлайн кеңістікте. Әлеуметтік желіде көргені мен естігені оның ойына, мінезіне, тіпті дүниетанымына әсер етуде. Ал осындай ақпарат тасқынында қазақы тәрбие мен ұлттық құндылықты қалай сақтап қалуға болады? Жастар бабасының салт-дәстүрінен, әдеп-ғұрпынан ажырап бара жатқан жоқ па? Сан сауалға жауап іздеп көрдім.
Бүгінгі баланың ұстазы телефон екені ащы шындық. Таңертең оянғаннан бастап жастардың басым бөлігі телефонға үңіледі. Бірі TikTok-та жаңа тренд қараса, бірі Instagram-ға сторисін жүктеп, бірі Reels астына пікір қалдыруда. Жас буынның өмірі осылай цифрлы кеңістікпен біте қайнасып кеткені өтірік емес. Бірақ сол әлемнің ішінде қазақы тәрбиенің орнын табу барған сайын қиындап барады.
Бұрын баланың алғашқы мектебі – отбасы, ал тәрбиешісі – ата-әжесі еді. Олар «балам адам болсын» деп еңбекке баулып, ұят пен инабаттың шекарасын ерте үйрететін. «Жақсы сөз – жарым ырыс», «үлкеннің жолын кеспе», «жақсының қасында жүрсең, жақсы боласың» деген секілді өмірлік ұстанымдарды бала бойына ақылмен сіңіретін. Қазір ол рөлді интернеттегілер, яғни блогерлер мен тренд иелері алмастырды. Ал олардың барлығының сөзі мен ісі тәрбиелік мәнге сай келе бермейді. TikTok-та миллиондаған қаралым жинаған бейнелердің көбі көңіл көтеруге бағытталған. Бірақ кейде жеңіл әзіл мен хайптың арасында әдеп, ұят, мәдениет сияқты ұғымдар көмескіленіп кетеді. Кейбір видеолар жастардың талғамын емес, жүйкесін жұқартып, уақытын ұрлауда.
Дегенмен, бәрін теріс деуге де болмас. Сол TikTok кеңістігінің өзінде ұлттық құндылықты дәріптеп жүрген жастар да бар. Мысалы, қыз-келіншектерге арналған «шапан мен кимешек» тігіп, оның мағынасын түсіндіретін видеолар, ұлттық тағамды дайындау тәсілдерін көрсететін парақшалар, тіпті шілдехана мен тұсаукесер рәсімдерін заманауи форматта түсіндіретін контенттер де аз емес.
Бұл жаңа заман тәрбиесінің жаңа тәсілі. Осыдан барып сұрақ туындауы да заңдылық. «Қазақы тәрбие мен технология дәуірі үйлесе ала ма?» Жауабы – «иә», үйлесе алады. Тек тәрбие «болмайды» немесе «ұят» деген шектеулермен емес, түсіністік пен үлгі арқылы берілуі керек. Мысалы, ата-ана мен бала бірге TikTok қарай отырып, пайдалы видеоларды талқыласа, жақсы контентті бірге іздесе бұл да тәрбиенің заманауи формасы. Жастарға сенім арту, олардың таңдауын сыйлау тәрбиенің ең нәзік әрі тиімді жолы. Қазақы тәрбие дегеніміз, тек дәстүрді жаттап алу емес. Ол рухани иммунитет. Яғни қандай заманда өмір сүрсе де адам өз болмысын жоғалтпайтын күш. Қай жерде жүрсе де «Мен қазақпын!» деген мақтаныш сезімін оятатын қасиет.
Батыс мәдениеті әсер еткен қоғамда жалаңаштық, дарақылық сәнге айналғанда, қазақы тәрбие сол құбылысқа қарсы ішкі сүзгі рөлін атқарады. Ол «ұят болады» дегеннен гөрі тереңірек «осы ісім менің абыройымды арттыра ма, әлде төмендете ме?» деген ой қалыптастырады.
Тәрбие – мәңгілік тақырып. Бірақ оны жеткізу тәсілі әр дәуірде өзгеріп отырады. Бүгінгі ұрпақ TikTok-та өсіп келеді, ертең жаңа платформада өседі. Ал қазақы тәрбие ешқашан ескірмейтін, тек жаңаша тілде жеткізуді қажет ететін құндылық. Сондықтан, жастарды сынаудың орнына, сол кеңістікке еніп, дұрыс бағыт көрсету маңызды.
Айзере ТЕМІРХАН,
Мұхтар Арын атындағы №24 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы





